ЕЛ СЕНІМІ – ЕРЕКШЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Жаңақорған аудандық мәслихатының VI шақыры­лымында сайланған 15 депутаттан құралған уәкілетті органы, жұмысына кіріскендеріне көп болмағанымен, өңір экономикасының дамуына, ол арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартуға өз үлестерін қосып келеді.

Аудандық мәслихаттың VI шақырылымында жаңадан сайланған 15 депутаттық корпустың 40 пайызы жаңадан толықтырылса, оның  құрамы «Нұр Отан» партиясының мүшелерінен сайланған ауыл шаруашылығы, халыққа қызмет көрсету, білім беру және мәдениет салаларының өкілдері.

Әрбір халық қалаулысының қоғамда өз орны  бар, бір сөзбен айтқанда, халықтың қамын жеп, мұң-мұқтажы жолында тер төге алатын, қоғамдағы процестердің барлығына қатысушы, жоғарғы билік алдында сол халықтың сөзін сөйлей алатын қайраткер ретінде елге белгілі тұлғалар. Жалпы атқарушы органдар тарапынан бағдарламаға, жоспарға, іс-қимылға сәйкес атқарылатын жұмыстар депутаттар мен тұрғындар арасында талқыланып, ұсыныстармен нақтыланып отырса, халық пен билік арасында тығыз байланыс күшейе түсетіні белгілі.

Аудандық мәслихатта тиісті заңдылықтар мен аудан әкімінің ұсыныстарына сәйкес 6 кезекті, 9 кезектен тыс сессия  өткізіліп, онда 36 мәселе қаралып, 71 шешім қабылданды. Қабылданған 24 нормативтік-құқықтық акті әділет департаментінен мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, ақпарат құралдарында ресми жарияланды.

Соның ішінде 2017-2019 жылдарға арналған аудандық бюджетті бекіту туралы шешім қабылданып бекітілсе, 4 рет ресми өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аудандық бюджеттің кірістер бөлігі 12487045 мың теңге, оның ішінде салық түсімдері 2078437 мың теңге, салықтық емес түсімдер15 997 мың теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 19550 мың теңге  трансферттердің түсімдері 10 373 061 мың теңгені құрады.

Есепті мерзімде Жаңақорған ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында маңызды роль атқарып жатқан, бағдарламалық құжаттарды бекіту және оларға өзгерістер енгізу жөніндегі аудандық мәслихат жүргізген жұмысқа тоқталсақ. Аудан әкімдігі әзірлеп ұсынған 2016-2020 жылдарға арналған «Даму» бағдарламасы бекітілді.

Сессияларда 2016-2017 жылдар аралығында аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, жоспарға енгізілген  шараларды іске асыру бағытында жаңадан сайланған мәслихат депутаттары мен аудан әкімдігінің бірлесуінің нәтижесінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін негізгі маңызды мәселелер енгізіліп, сала басшыларының жұмыстары талқыланды.

Атап айтар болсақ, аудандық мәслихаттың кезекті және кезектен тыс сессияларында  жылу маусымына дайындық, елді мекендерді газдандыру, электр қуатымен қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп, ветеринария, білім, денсаулық, мәдениет, дене шынықтыру салаларын дамыту, аудандағы құқық бұзушылық, қоғамдық тәртіп пен жол көлік оқиғаларының алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау мен оларды жақсарту шаралары жайлы мәселелер қаралып тиісті шешімдер қабылданды. 

Одан тысқары аудандық мәслихаттың кезекті отырыстарында аудан әкімінің, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы жартыжылдықтағы және жыл қорытындысы бойынша есептері мен аудан бюджетінің атқарылуы, ауыл әкімдерін сайлау, қоғамдық кеңес құру туралы  мәселелер қаралды.

Жоспарда қаралған шаралардан басқа халық қалаулыларының сайлауалды бағдарламаларында көзделген бірқатар жаңа жобаларды іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Жаңақорған ауданы аумағындағы тарихи және мәдени ескерткіштерді жаңарту жұмыстары жалғастырылуда, оның ішінде Сығанақ қалашығындағы қазба жұмыстары мен қалашықтан табылған қазба байлықтарын облыстық мұражай қорына табыстау, қалашық аумағын қоршап тарихи орын ретінде туристік орталық етіп ашу жоспарланған, «Бесарық», «Манап» елді мекендеріндегі су қоймалары бөгеттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алу, «Талап» топтық су құбыры жүйесі бойынша, оның ішінде әсіресе Сыр бойы жағалаудағы елді мекен тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобасын тездетіп іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде, Ауылдық аумақтарды дамыту үшін 3 ауылдық округтің (Аққорған, Төменарық, Ақүйік) әлеуметтік және инфрақұрылымдарын шешу, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы халықты жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері жоспарланған.

Депутаттар ай сайын өз сайлау округтерінде атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңа бастамалар жөнінде баспасөз беттеріне және ауданның ресми сайтында орналастырылған кесте бойынша сайлаушыларды қабылдап, олармен кездесу өткізеді. Аталған шараларда көпшілікті толғандыратын ортақ проблемалар мен маңызды мәселелер талқыланып отырады. Сайлаушылардың ұсыныстарын, шағымдарын тиісті орындарға қойып, олардың қаралуына бақылау жасауды үнемі назардан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ, өзекті мәселелерді тұрақты комиссияларда талқылап, сессия материалдарын әзірлеуде мәслихаттың арнайы жұмысшы тобы жүргізетін іс-шараларға қатысып, белсенділік танытып келеді.

Мәслихат депутаттары бекітілген жоспарға сәйкес ағымдағы жылдың қараша айының 13-15 жұлдызы аралығында облыстық  және аудандық мәслихат депутаттары бірлесіп, аудан аумағындағы елді мекендерді аралап өздерінің есепті мерзім аралығында атқарған жұмыстары мен бағдарламаларының орындалуы жайлы сайлаушылар арасында болып жылдық есептерін берді. Аудандық мәслихатқа жолданған жеке және заңды тұлғалардың 12 өтініші бойынша Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау  тәртібі туралы» Заңы шеңберінде тиісті шешімдер қабылданды. 6-шы шақырылымдағы аудандық мәслихаттың құрамында 2 тұрақты комиссия бюджет, экономика, құрылыс, өнеркәсіп, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, комммуналдық шаруашылық, сауда, халыққа қызмет көрсету жөніндегі тұрақты комиссия (комиссия төрағасы депутат – Тұрдалы Қалдыбаев) және білім беру, денсаулық, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау, заңдылық пен азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі (комиссия төрағасы депутат – Әзия Қыстаубаева) тұрақты комиссия жұмыс жасауда. 

Мәслихаттағы 2 тұрақты комиссия да өздерінің жоспарлары негізінде  заңдылығына сәйкес күн тәртібіне қойылған ең өзекті деген мәселелерді өз отырыстарында қарап,  талқылап, тиісті қаулылар қабылдап, олардың орындалуын қадағалап мәслихат сессияларына ұсынып отырады. 

Тұрақты комиссиялар сессияда қаралатын мәселелерді алдын ала талқылаумен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін және халықтың тұрмыс жағдайларын жақсартуға қажет болатын ауқымды  істермен, аудандағы мекемелер мен кент, ауылдық округтерде атқарылып жатқан жұмыстарды да  назардан тыс қалдырмайды. Шешімі табылатын ең өзекті деген мәселелерді кезекті отырыстарында қарап, талқылаудан өткізіп, тиісті қаулылар қабылдап келеді.

Аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімі Ғ.Әміреевтің  депутаттар алдында есебі тыңдалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнесті қолдау, аудан экономикасын дамытуға бағытталған инвестиция тарту жайлы атқарған жұмыстарына оң баға берілді. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттары аудан бюджетін анықтауда ерекше белсенділік көрсетіп қана қоймай, олар өздері сайланған аймақтарындағы елді мекендерде орын алып отырған кезек күттірмейтін, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін түйінді мәселелердің шешілуіне бюджет қаражатымен қамтамасыз етілуіне қамқорлық жасайды. Бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына, бюджет  кірісін арттыру, жоспарлы міндеттердің орындалуын басты назарда ұстап келеді.

Ауданның 2016-2018 жылдарға арналған бюджетіне өткен жылы 6 рет және 2017-2019 жылдарға арналған бюджетке есепті мерзімде 3 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып келе жатқан депутаттардың еңбектері орасан. Аудандық мәслихат депутаттарының 33 пайызы ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосумен қатар, ерекше белсенділік танытуының нәтижесінде, биылғы аудан үшін табысты жыл болып отыр. Облыс аудандардың арасынан ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің қажырлы жұмыстарының арқасында «Үздік аудан» ретінде елге танылды.

Өзін-өзі басқарудың негізгі өкілді органы ретінде мәслихаттардың ролі бұрынғыдан әлдеқайда күшейіп, олардың құқықтары мен құзырының аясы кеңіді. Осының негізінде биыл 18 кент және ауылдық округ әкімдері қайта сайланып, жергілікті әкімдердің қызметін азаматтық бақылауды күшейту мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге бюджет қатынастарына байланысты терең өзгерістерге ұшыраған, әр аймақтағы әлеуметтік-экономикалық үдерістерді тиімді басқару, оны қазіргі кезеңдегі жаһандық дамудың аясында, заман талаптарына сай қарқынды жүргізудің де жаңа жолдың қажеттігі туындап, 2018 жылға арналған 4-ші деңгейдегі бюджеттер бекітіледі.

Жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыруды қазіргі кезде жалпы стратегиямен, мемлекет басқару жүйелерін жетілдірумен бір арнада қарастыру қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы жергілікті жағдайлар мен мүмкіндіктердің есебін, жергілікті ресурстарды бағалауды, басқарудың жаңа әдістері мен тәсілдерін, кең көлемдегі демократиялық қатынастардың дамуын, өзін-өзі басқарудың қоғамдық байланыстары мен мәдениетін талап етеді.

Өздеріңіз көріп отырғандай, халықтың қалаулысы атанып, сенімін иеленген, сайлаушылардың мұң-мұқтажын, олардың жағдайы және халықты толғандырып отырған жергілікті жерлерде орын алып отырған көкейтесті мәселелерді билік органдары алдында көтеріп және шешімін табу жолында аудандық мәслихаттың депутаттары аянбай өздеріне жүктелген міндеттерді атқарып келеді. Осы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады, өйткені атқарылған кең көлемді жұмыстарға қарамастан, атқарар қызмет ауқымы одан да көп.

Аудандық мәслихат депутаттары атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Елбасы тапсырмаларының, қабылданған бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына атсалысады және аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.

Ерғали Ильясов,

Жаңақорған аудандық мәслихат хатшысы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2017 г. 510 0