ЭКСПО АУМАҒЫНДА МҰЗ АЙДЫНЫ АШЫЛДЫ

ЭКСПО аумағында Астана қаласындағы ең үлкен ашық мұз айдыны ашылды. Жалпы  аумағы 4000 шаршы метрді құрайтын мұз айдыны 700-ге дейін адам қабылдай алады.

«Бұл мұз айдыны ЭКСПО аумағына арнайы жобаланған. Компания жобаны мемлекеттің қатысуынсыз өз қаражаты есебінен жүзеге асырды. Мұз айдыны көрме кезеңінде туристер арасында танымал болған екі «жалынды» субұрқақтарының арасында орналасқан. Мұз айдынының пішіні «Нұр Әлем» павильонына бағытталған жебеге ұқсас. Оның қақ ортасында жарық бояуларының көмегімен ЭКСПО логотипі бейнеленген. Сондай-ақ, мұз айдынында кешкі уақытта жарқырайтын жарық жолдары төселген», – деді «MegaIce» компаниясының директоры Ерлан Үмбетов.

Арнайы тоңазытқыш жабдығының көмегімен мұз айдыны +10 градус және одан төмен температурада да жұмыс істей алады. Бұл конькимен сырғанау маусымын келесі жылдың сәуір айына дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Мұз айдынының сапасы жоғары болуы үшін мұз құятын машиналар қолданылады.

«MegaIce» компаниясының еншісінде әртүрлі өлшемдегі 1000 жұп жаңа коньки бар. Олар барлық келушілерге жалға беріледі. Мұз айдынында конькимен сырғанауды жаңа бастаған келушілерге жаттығу құрылғылары ұсынылады. Мұз үстінде тәртіп пен қауіпсіздікке жауапты мамандар мен нұсқаушылар болады. Келушілер үшін жеке заттарды сақтау орындары, киіну бөлмелері, сондай-ақ ыстық тамақ беру орындары қарастырылған.

«Жаңа мұз айдыны қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналады. Бұл демалыс уақытын таза ауада белсенді өткізуге мүмкіндік береді», – деп сөзін түйіндеді «MegaIce»компаниясының директоры Е.Үмбетов.

Кіру билетінің құны – 1000 теңге. Оқушылар мен зейнеткерлер үшін 50% жеңілдік қарастырылған. 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Билеттерді EXPO-2017 ресми сайтында (www.expo 2017astana.com), билет операторының сайтында (kassir.kz), сондай-ақ ЭКСПО аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады. Мұз айдынының ашылуына орай, демалыс күндері Астана қаласының қонақтары мен тұрғындарына арналған 50% жеңілдік қарастырылған.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2017 г. 531 0