Биыл мектеп бітірген сырбойылық 6 мың түлектің 97 пайызы жоғары және арнайы орта оқу орындарына түсті. Бұл – мақтануға лайық көрсеткіш. Бұдан аймақ жастарының әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін байқауға болады.
ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: «97 пайыз – білім сапасының көрсеткіші ғана емес, балалардың бейтарап маргинал жастар қатарын толықтырмайды деген сөз. Осы мақсатта 2013 жылдан бері өңірдегі тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, ауылдық жерлердің балаларына жоғары оқу орындарында оқу үшін облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді. Бүгінге дейін 694 бала республиканың белді білім ошақтарында аймақ басшысының гранты есебінен білім алды.
Сондай-ақ, 2014 жылдан бері қарай Сыр жастары үшін Ресей Үкіметінің арнайы білім гранттары бөліне бастады. Екі ел арасындағы тығыз ынтымақтастық пен тиімді серіктестіктің арқасында қазіргі таңда аймақ мектептерінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Білім бағытындағы ынтымақтастық аясы тағы да кеңейе түсті. Жуырда аймақ басшысы Қ.Көшербаев Мәскеуге жұмыс сапары кезінде көрші мемлекеттің бірқатар жетекші техникалық оқу орнының басшыларымен меморандумдарға қол қойды. Олардың қатарында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, «МИСиС» Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграрлық академиясы Ресей мемлекеттік аграрлық универ-ситеті, Санкт-Петербургтегі өнеркәсіптік технологиялар мен дизайн мемлекеттік университеттері бар. Меморандумға сәйкес 2018 жылдан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті физика-математика және механика-математика мамандықтары бойынша сырбойылық жастарға 20 грант бөлді.
Ресей ректорлар одағының президенті, Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, академик А.В.Садовничийден жақында облыс әкімінің атына жеделхат келді. Академик меморандумға қол қойылған сәтті қуаныш сезімімен қабылдағанын жеткізген. Оның айтуынша, бұл құжат әлеуметтік-экономикалық маңызды жобаларды жүзеге асыруға қабілетті жоғары кәсіби кадрлар дайындауға, мәдени байланыс өрісін кеңейтуге, үздік ресейлік және қазақстандық дәс-түрлердің негізінде бірлескен ғылыми білім бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Аса құрметті Қырымбек Елеуұлы! Меморандум дайындау кезінде Сізге өзіңізге тән қажыр-қайрат пен төзімділік танытқаныңыз үшін алғыс білдіргім келеді. Сізге, Сіздің әріптестеріңізге және Қызылорда облысының барлық халқына бастамаларының жемісті болуына ізгі тілектестігімді білдіремін. Ынты-мақтастықтың одан әрі өрісті дамитынына сенімдімін», – делінген жеделхатта.
Мәскеудің маңдайалды оқу орындарымен жасалған келісімдер аймақтың қарқынды дамуына айтарлықтай серпін беріп, облыстың интеллектуалдық әлеуетінің өсуіне, жастардың елді дамытудағы рөлін арттырып, жалпы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың әрі қарай нығаюына ықпал ететіні сөзсіз.
Назерке САНИЯЗОВА.