Арал ауданы – облыстың ең шеткі аймағы. Облыс орталығынан шамамен 500 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Алыстағы аудан болғанымен, күре жолдың бойынан орын тепкен. Тоғыз жолдың -торабы десек те болады. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолы осы аумақты кесіп өтеді. Сондай-ақ, «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы салынғалы қарым-қатынас ұлғайған. Одан бөлек кәсіпкерлік өрісі де кеңейіп келеді. Бұған өңірлік коммуникациялар қызметінің аймақтың солтүстік батысындағы берекелі ауданға ұйымдастырған баспасөз туры барысында көзіміз жетті. Айдынды аймақтың тындырымды тірліктері жетерлік.
Ауданда темір жолдан өзге негізгі қатынас құралы – автобус тасымалы. Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Шымкент секілді іргелес облыстың қалаларына қатынас орнаған. Одан бөлек аудан ауылдарының алыс орналасуы да көлік тасымалын қажет етеді. Сондықтан жаңа автобекет салу қажеттігі туындаған еді. Бұл мәселе бүгінде шешімін тауып тұр. Жеке кәсіпкер Жақсат Исаев заманауи үлгідегі жаңа вокзал салып, ғимаратты тұрғындар игілігіне беруге дайын. Нысанды желтоқсан айында ресми түрде ашуды көздеп отыр. Автобекетте бар жағдай жасалған. Күту залы, медициналық қызмет көрсету, дүкен қарастырылған. Көгілдір отынға қосылған ғимарат ең бастысы жылы, жайлы. Нысан иесі келешекте қызмет түрлерін кеңейтуді көздеп отыр.
– Мұнда күніне 200-ге дейін тасымал жасалады деп жоспарлап отырмыз. Автобустарға арналған тұрақ бар. Бүгінгі таңда 10 адамға жұмыс тауып берудеміз. Келешек бекет жанынан жабық сауда орталығын салуды ойластырып отырмыз. Ең басты міндет – халыққа сапалы қызмет көрсету, – дейді ол.
Ғимаратты салу үшін жергілікті билік тарапынан инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуге қолдау көрсетілген.
Қазіргі таңда Арал қаласының өзінде 2000-ға тарта кәсіпкер тіркелген. Олардың арасында мемлекет жасаған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тірлігін жандандырғандар жетерлік. Сонымен қатар, өз ісін өрістету үшін ізденіп, табысқа жетіп жүрген жандар да жетіп артылады. Соның бірі – Индира Жұмашева. Ол «Қазақстанда жасалған» деген брендпен түйе жүнінен көрпе шығаруды қолға алған. Бұрын тігін цехын ашып жұмысын жүргізіп келе жатқан кәсіпкер биыл осы істі бастауды мақсат етіпті. Оның «Аружан» тігін шеберханасынан шығатын көрпелер сұранысқа ие. Әсіресе, солтүстік өңірлерден тапсырыс көп түседі екен. Кәсіп иесінің айтуынша, түйе жүнді көрпелер жылы әрі жеңіл болады.
– Өніміміздің бағалары 7-15 мың аралығында. Цехта 10 адам жұмыс жасайды. Мамандарды арнайы оқытып, даярлықтан өткіздік. Бәрі де білікті. Жүн түтетін арнайы құрылғы алдық. Ал өнімді шикізат күйінде жергілікті тұрғындардан сатып аламыз, – дейді Индира.
Түйе шаруашылығы жанданған ауданға мұндай цех қажет-ақ. Тіпті дәл осындай өндірістерді көбейту керек. Сонда шикізатты өзімізде игеріп, нарыққа шығаруға мол мүмкіндік табылады.
Ал Арал қаласының тұрғыны Әскербай Сатыбаев мал шаруашылығына ден қойған. Атакәсіппен айналысу үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 2 млн 300 мың теңге кредит алған. Осылайша 14 бас сиыр сатып алып, өз ісін бастап кеткен. Мал бордақылаумен айналысып, ет бағытында жұмыс жасап жатқан кәсіпкердің келер жылғы жоспары да ауқымды. Мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған бағдарламалары аясында құс өсіруді қолға алғысы келеді.
Арал қаласында биыл ашылған ірі орталықтың бірі – «Мансур» сауда-құрылыс кешені. Мұнда құрылыс заттары көңілге қонымды бағада сатылады. Базар саудасынан 10-15 пайызға арзан. Сондықтан жергілікті жұрт дәл осы сауда орталығына ағылады. Арзандығына қарай заттар Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларынан жеткізіледі екен. Жеке кәсібі арқылы 5 адамға жұмыс тауып беріп отырған Әлішер -Маханов автокөлік жуу қызметін де ашқан. Енді осы ғимарат жанынан мектеп оқушыларына қосымша білім беретін оқу орталығын құруды ойластырып отыр.
Арал – аудандар ішіндегі қала атағы бар жалғыз орталық. Жергілікті халық саны да көп, аумағы да үлкен. Сондықтан сауда-саттықты дамыту да, халық сұранысына сай қызмет көрсету де өсетіні белгілі. Бүгінде Арал қаласының батыс беткейіне қоныстанушы халық көбейген. Алайда сауда орындары аз. Осындай қажеттілікті түсінген жергілікті жас кәсіпкер Еркін Жандәулетов халық кәдесі үшін жаңа сауда орталығын салды. Базардың ашылуымен қатар алғашқы жәрмеңкесін өткізіп те үлгеріпті. Типтік жобада бой көтерген «Ер-Ай» жабық базарында бар жағдай жасалған. Асхана, әкімшілік бөлмесімен қатар зертхана да жұмыс жасайды. Онда ет, сүт өнімдеріне бақылау жүргізіліп, тексеріліп отырады. Ең бастысы сатушыларға жалға беру бағасы көңілге қонымды.
– Жаңадан ашылғандықтан, жалға алушылар саудаларын жаңа -бастап жатқандықтан алдағы бір-екі ай көмек болсын деп тұрған -орындарына ақша алмайық деп шештік. Одан кейінгі жалға беретін бағаны да қалтаға ауырлық түспейтіндей етеміз. Мұнда адам көп келетін шығар деп ойлаймын. Себебі осы беттегі ең ірі сауда орны осы, – дейді Еркін Жандәулетов.
Жеке кәсіпкердің тағы бір жеңілдігі базар қоймасындағы заттар саудагерлерге төмен бағада ұсынылады. Олар өнімді сатқан соң қарызын қайтарады. Өз ісін өрістетіп отырған жанның өзгелер үшін жасаған бұл қамқорлығын кәсіпкерлікке көмек ретінде бағалауға болады.
М.ӨТЕГЕН,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).