ӘКІМДЕР ІСКЕРЛІГІ КӘСІПКЕРЛІК ЖҰМЫСЫНАН КӨРІНЕДІ

Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімдері мен басқарма басшыларының қатысуымен селекторлық режимде отырыс өткізді. Онда аудандардағы кәсіпкерліктің дамуы мен алдағы міндеттер пысықталды.
Селекторлық отырыста аймақ басшысы бүгінге дейін барлық деңгейдегі әкімдер алдына үш негізгі міндеттің қойылғанын атап өтті. Ол – қат жұмыс орындарын құру, салық базасын ұлғайту және осы қоғамдық жұмыстар арқылы саяси ахуалды жақсарту. Ал бұл мәселелерді шешудің бір ғана жолы – кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту. Сондықтан бүгінгі таңда аудан, ауыл әкімдерінің біліктілік, іскерлік деңгейі кәсіпкерлік өрісімен байланыстырылады.
Қазіргі таңда мемлекет шағын және орта бизнесті ұлғайту үшін бар жағдайды жасап келеді. Биыл наурыз айында барлық үкіметтік және өңірлік бағдарламалар біріктіріле отырып, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың аймақтық жол картасы бекітілген болатын. Осы бағдарламалар аясында аталған саланы алға тарту үшін 27 млрд теңге бағытталды. Бұған қоса, несие алуда кепіл мүліктің болуына қарамастан, қайтарымсыз гранттар бойынша қаржыландыру айтарлықтай өсті. Ауыл шаруашылығы саласын өрістетуге жасалып жатқан қолдау да аз емес. Мәселен, несиелендіру бойынша «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Бірлік», «Ынтымақ» секілді бағдарламалар жүзеге асырылуда. Одан бөлек жеке бизнес ашудың жолдарын үйрететін типтік жобалар да жасалып берілді. Енді тек жауапты тұлғалар ақпараттандыруды күшейтіп, нәтижеге қол жеткізуі қажет. Селекторлық отырыста облыс әкімі назар аударар бірер мәселелерге тоқталды.
– Жылдың он айының қорытындысы бойынша жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер санының 107 пайызға артқандығы байқалады. Наурыз айынан бері тіркелген кәсіпкерлердің саны 4549 бірлікті құрап отыр. Нәтижесінде бұл көрсеткіштер жұмыспен қамту, салық базасын ұлғайтуға алып келуі қажет болатын. Алайда, нәтиже олай емес. Кәсіппен айналысушылар көбейгенімен, салық түсімінде өзгеріс жоқ. Әлде ақпаратта шикілік бар ма?! Ауыл әкімдеріне кәсіп ашқан ауыл азаматтарын бірден кәсіпкерлік субъекті ретінде тіркеп, ақпарат берудің қажеті жоқ. Олардың зейнетақы мен салық базасына тиісті аударымдарын ескеру керек. Ал ол болмаса, жұмыс нәтижесі де көрінбейді, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, аймақ басшысы ең алдымен аудан, ауыл әкімдері мен осы салаға жауапты сала басшыларына жұмыстарына жеткілікті деңгейде назар аударуды қатаң ескертті. Мәселен, аталған жауапты тұлғаларға Қызылорда қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, тиісті дайындықтарды жүргізу тапсырылған. Осы аталған жұмысқа тек Жаңақорған ауданы әкімі Ғалым Әміреев жауапкершілікпен қараған. Одан бөлек аудан басшысы кәсіпкерлікке жасалатын мүмкіндіктерге байланысты брифингтер өткізіп, ақпараттандыруды күшейтіп, әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасаумен қатар жобаларға талқылаулар жүргізген. Қазір кәсіпкерлікті алға жылжыту үшін насихат жасай берудің уақыты өтті. Енді тек осы салаға қатысты құрылымдармен тығыз байланыс орнатып, мәселені шешу ғана қалды.
Шағын және орта бизнес – экономиканың тірегі. Сондықтан атал-ған салаға алдағы жылы да көп көңіл бөлінеді. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту мен түрлі жобаларға 2018 жылы 30 млрд теңге қарастыру көзделіп отыр. Облыс әкімі өз жұмысын жауапкершілікпен атқармайтын, түрлі сылтау айтатын басшыларға енді түсіністікпен қаралмайтынын ескертті. Сонымен қатар, желтоқсан айындағы атаулы мерекелерді жоғары деңгейде өткізіп, қайырымдылық іс-шараларды көбірек ұйымдастыру қажеттігін тапсырды.

Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2017 г. 526 0