ЖАЛАҒАШТАН ЖЕТКЕН ЖЫРАУЛАР ҮНІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Таң ауылдық округінде Ұлы Отан соғысының ардагері Əубəкір Есжанұлының 100 жылдығы жəне "Батыр ана" Ұлықызы Алтынның 90 жылдығына арналған облыстық жыраулар фестивалі өтті. Фестивальді аудан əкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов жəне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Алиев ашып, республикаға белгілі айтыскер ақын А.Рахметов жыр арнады. 
Фестивальде есімдері дүйім жұртқа танымал жыраулар, атап айтқанда А.Тəңірбергенов, М.Сүгірбай, К.Түрікпен, Д.Ахметов, Н.Нұрбаевтар қатысып, көпшілік қауымның ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында С.Ыдырысов пен А.Рахметов ел назарына ұстаз бен шəкірттің айтысын ұсынды. Тыңдарман қауымды ән-жырмен сусындатқан термеші жыраулар фестиваль соңында арнайы Дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Артынша көптің күткен ат жарысы басталды. Сайын даланы дүбірлеткен жүйріктер еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Арғымақтар Аламан бәйге, Құнан бәйге, Тай жарыстарында мәре сызығын бірінші кесіп, бірінен соң бірі иелерін сый-сыяпатқа кенелтті.
Баба рухына арналып, құран бағышталды, үлкен ас берілді. Асқа келіп, алақан жайғандар қазақтың ынтымақ-бірлігі ыдырамауын тілесті.


 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қараша 2017 г. 753 0