Бірнеше жыл бұрын біздің күнтізбемізде жаңа мереке – Тұңғыш Президент күні пайда болды. Бүгінде ол өмірімізге берік және үйлесімді түрде еніп кетті. Оны тек таза ресми сипатта ғана емес, үй ішінде, қонақжай дастарқан басында атап өтетін болдық. Халық мерекені ұнатып қана қоймай, оның мәнін де ұғып, құп алды.
Бір нәрсе анық: қазақстандықтар өз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сенеді, оны қолдайды және соңына ереді. Көшбасшымыздың бірегей болмысы жөнінде көп жазылды және айтылды. Алайда қазақтың даналық сөзіне сүйенсек «Жақсы тілектің шегі болмайды». Болашақта да жақсы лебіздер мен ақ тілектер ағыны үзілмек емес, өйткені біздің Президент – нағыз өз елінің перзенті. Жыл өткен сайын Мемлекет басшысының алып тұлғасының ауқымдылығы бізге айқынырақ сезіле түсуде. Басқаша айтқанда, таулар алыстаған сайын биік көрінеді. Оның сара басшылығымен халық қаншама тағдыршешті және ғаламат істер атқарды. Бәрін санап шығу мүмкін де емес. Бірақ ойымды жүйелі жеткізу үшін солардың өзім ең ауқымдылары деп білетін бірнешеуін атап өткім келеді. Жаңа мемлекет үшін қажетті барлық негіздер қаланды, бұл – Бірінші жаңғыру. «Қазақстан-2030» стратегиясы қабылданып, Астана салынды, ол – Екінші жаңғыру.
Бүгінде еліміз Ұлт жоспарын іске асыра отырып, Үшінші жаңғыруды бастап кетті. Менің ойымша, кез келген қазақстандық бұл тізімді өз қалауынша толықтыра алады. Өткен жылдардың ең басты қорытындысы – заманмен иық теңестіре алға басқан демократиялы және зайырлы мемлекеттің құрылғаны. Қазақстан қазіргі кезде бүкіл әлемге танымал, сыйлы, соның нәтижесінде бізбен араласқысы келетіндер көп. Біздің қоғам кеңестің шекпенінен шықты. Сондықтан көпшілік сол кездегі әлеумет арасында көзінің тірісінде-ақ бүкілхалықтық символға айналған және ешқандай басы артық үгіт пен насихатқа зәрулік көрмеген бір адамның болғанын, сірә, ұмытпаған шығар. Бізде де бүгін шамамен сондай жайт қалыптасып отыр. Кеңестер елінде ондай адам әлемдегі Тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин еді. Ал Қазақстан Республикасында елдің жалпыұлттық символы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Біздің Президентіміз – заманауи тұлға, бұл қазақстандықтардың бәріне белгілі. Керемет зияткерлігі мен терең ойының арқасында ол үнемі алдымызға аса ауқымды әрі уақыттан озып тұрған міндеттер қоя біледі. Ең бастысы оның шешімдері әрдайым жаһандық инновациялық үрдістермен үндесіп жатады. Әлемдегі ең үздік атаулыны көре отырып, Көшбасшымыз одан да ілгерілеп, дамудың жаһандық теория мен практикада бұған дейін болмаған жаңа жолдарын ұсынудан танған емес. Бірнеше жыл бұрын көрнекті Венесуэла экономисі, Дүниежүзілік банктің бұрынғы атқарушы директоры Мойзес Наим әлемдік айналымға көптік, жеделдік және ментальділік революциясы ұғымын енгізді. Бүгінде адам бұрынғыдан ұзақ өмір сүреді. Жұрттың денсаулығы мықтырақ болуға айналды, басты қажеттіліктері жалпы өтеулі. Бұл – көптіктің мәні. Жеделдік жаһанданудың қарқынды үдерістерінен туындауда. Ол көші-қонның, урбанизацияның ұлғайып, байланыс тәсілдерінің, әсіресе интернеттің дамуынан көрініп отыр. Ал енді құндылықтардың, стандарттар мен нормалардың түбірімен өзгеруін білдіретін ментальділікке келейік. Ол меншік құқығының, әділеттіліктің және мемлекеттік органдардың ашықтығының маңыздылығын айшықтайды. Жалпы, бұл революциялардың негізгі факторлары – өзіміз айтып өткен жаһандану, урбанизация және оған қоса әлемдік экономикада жаңа салалардың пайда болуы, сондай-ақ ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде ағылшын тілінің кең таралуы. Біздің Президент әлемдік саяси-экономикалық дискурсты керемет біліп қана қоймай, жаһандық прогрестің даңғыл жолдарын да алдын ала көре отырып, Қазақстанды жаңа биік белестерге батыл да тиімді бастап келеді. Қашанда біздің алыс және таяу келешекке арналған өз жоспарымыз бар. Ең бастысы, біз ағымдағы нақты жағдайға орай ойларымызға өзгеріс енгізіп отырамыз.
Еліміз бүгінде «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруда. Басты мақсатқа жетудің – әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына қосылудың айқын бағдары дайын, ол – Ұлт жоспары. Жан-жақты жаңғырудың басты бағыты – экономиканың барлығын қамтитын дамуы екендігі сөзсіз. Ол шикізаттық бағыттан біртіндеп бас тарту қағидатын ұстануға негізделеді. Бұл ретте нақты мақсат – бәсекеге қабілетті адами капиталды басымырақ дамыту негізіндегі ғылыми қамтымды экономика құру міндеті қойылды. Негізгі триггер – цифрлы Қазақстанды нысана еткен инклюзивтік бағыт арқылы инновациялық индустрияландыруды жүзеге асыру. Мемлекет басшысының Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіру бағыты жөніндегі шешімі жоғары деңгейдегі мемлекеттік менеджменттің тамаша үлгісі болып табылады. Қазіргі уақытта әлемде әртүрлі интеграциялық мемлекетаралық бірлестіктер бар.
Алайда солардың ең қуатты әрі негізгісі – нақ осы ЭЫДҰ. Алдымен аталған альянстың тарихы туралы бірер сөз айта кетелік. Ол Америка мен Канаданың Еуропа елдеріне белгілі Маршалл жоспары аясында көрсететін көмегін үйлестіріп келген Еуропа экономикалық ынтымақтастық ұйымының базасында 1961 жылы құрылды. ЭЫДҰ миссиясы ұйымның «Best policies for better life» («Жақсы өмірге арналған үздік саясат») деген ұранында көрсетілгендей, бүкіл әлемдегі адамдардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатқа септесуге саяды. Бүгінде ЭЫДҰ 35 елдің, соның ішінде ЕО мемлекеттерінің көпшілігінің басын біріктіріп отыр.
Әлемдік ІЖӨ-нің 60%-ы соларға тиесілі. Ұйым құрылымында 250-дей комитет, жұмыс және сарапшы топтар бар. Қазақстан Республикасының ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығы Еуразия бәсекеге қабілеттілік бағдарламасына (ЕББ) қосылу арқылы 2010 жылы басталды. 2015 жылы 2015-2016 жылдарға арналған Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойылды. Қазіргі таңда оның 2017-2018 жылдарға арналған екінші раунды орындалуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кеңес Үшінші жаңғыру аясында ЭЫДҰ-ның үздік тәжірибесі мен ұсынымын енгізу үшін Жол картасын бекітті. Ол 535 ұсынымнан тұрады. Бүгінде Қазақстан ұйымның 34 жұмыс органына қатысады.
Біз Мемлекеттік басқару, қоршаған ортаны қорғау, цифрлы экономика, индустрия, инновациялар мен кәсіпкерлік, ғылыми және технологиялық саясат жөніндегі комитеттер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желі комитеті, т.б. тәрізді құрылымдарда бармыз. Қазақстан экономикасы 2017 жылдың басынан бері қалыпқа келу өсімінің траекториясына енді. Бұған Ұлт жоспары, Отбасылық және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасы және т.б. мемлекеттік бағдарламалық құжаттарда жүзеге асырылған ЭЫДҰ-ның стандарттары мен ұсынымдары айтарлықтай ықпал етті. Республикада елдік бағдарламаны іске асыруға арналған институционалдық шектер қалыптастырылған.
Премьер-министр төрағалық ететін, ЭЫДҰ-мен өзара іс-әрекет жөніндегі үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Мемлекеттік органдардың ЭЫДҰ хатшылығымен және оның жұмыс органдарымен бірлескен жұмысын қамтамасыз ету үшін Парижге – Қазақстан елшілігіне арнаулы өкіл жіберілді. Елдік бағдарлама аясындағы жұмыстың бірінші бағыты – ұлттық заңнама нормаларын ЭЫДҰ стандарттарымен және қағидаттарымен сәйкестендіру. Қазақстан қазірдің өзінде ұйымның 14 құқықтық тетігіне қосылды. Оның арасынан Жасыл өсім туралы декларацияны; Халықаралық инвестициялар мен көп ұлтты кәсіпорындар туралы декларацияны; Кеңестің Жұмыспен қамту, білім беру және кәсіпкерлік саласындағы гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі ұсынымын атап өтуге болады. Ынтымақтастықтың екінші бағыты – ЭЫДҰ құрылымдарының жұмысына қатысу. Жұмыс органдарына қатысу аясын кеңейту бағытымен мақсатты жұмыс жүргізілуде. Ынтымақтастықтың 3 жылы ішінде Парижге 30 шақты делегация жіберілді. Осылайша Қазақстан ұйымның жаңа құқықтық базасының әзірлену үдерісіне қатысуға бірегей мүмкіндік алдық. Жақында ғана, қазан айында біздің елге ЭЫДҰ-ның Бас хатшысы Анхель Гурриа келіп кетті. Ол Қазақстан басшылығының өкілдерімен кездесіп, ЕББ аясындағы басты оқиға – Алматыда өткен «Еуразия апталығына» қатысты. Мұндай ауқымды іс-шараның өткізілуі елімізде іске асырылып жатқан озық реформаларға әлемдік қоғамдастықтың назарын аударуға септігін тигізді. Үшінші бағыт – елдік шолулар ұйымдастыру, олардың аясында Қазақстандағы реформаларға ЭЫДҰ елдері стандарттары мен үздік тәжірибелеріне қатысты салыстырмалы талдау жүргізіледі. Талдау нәтижесіне орай нақты ұсынымдар әзірленеді. 8 басымдық бойынша барлығы 13 шолу өтті.
Бірінші басымдық – экономикалық өсімге жағдай жасау және Қазақстан экономикасының орнықтылығын арттыру. Бұл үшін Қазақстанның кешенді елдік шолуы жүргізілді. Ұсынымдар экономикалық өсімнің жаңа моделін әзірлеу барысында пайдаланылып, елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары жобасында ескерілді.
Екінші басымдық – мемлекеттік басқару және институционалдық реформалар. Әсіресе мемлекеттік басқару құрылымын жетілдіруді көздейтін функционалды шолу жүргізу өзекті жайтқа айналды. Осы мақсатпен «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң қабылданды, мемлекеттік қызметшілерді іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Қызмет көрсетушілермен тікелей байланыссыз жүзеге асырылатын мемлекеттік қызметтер саны арта түсуде. Бүгінгі таңда 47%-дан астам қызмет онлайн режімі арқылы, 24%-ы «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия қабылданды.
Үшінші басымдық – бәсекеге қабілеттілік және бизнес-ахуал. Қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру мен әкімшілік кедергілерді жоюдың маңызы зор. Жыл соңына дейін 15 кодекс пен 103 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін бірыңғай заң қабылдау көзделуде.
Экономикадағы мемлекет үлесін ІЖӨ-нің 15%-ына дейін азайту мақсатымен 2018 жылдың соңына дейін межеленген Жекешелендірудің кешенді жоспары іске асырылуда. Жекешелендіру үдерісі аясында 903 кәсіпорынды өткізу жөнінде шешім қабылданды. Yellow Pages қағидаттарын заңнамалық тұрғыдан бекіту мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) дейін қысқартты.
Төртінші басымдық – өңірлерді дамыту. Жергілікті өзін өзі басқарудың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мен олардың бюджеттерін түзу ісін демократияландыру – ЭЫДҰ-ның негізгі қағидаттарының бірі. Бұл қағидаттар жергілікті басқаруды жетілдіру мәселелеріне қатысты таяудағы заңнамалық өзгерістермен толық бірлестіре жүйеленді. Аталған институтты қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыс басталып кетті. Тұрғындардың рөлін нығайту мақсатымен 97% деңгейінде елді мекендер әкімдерінің сайланбалылығы әдісі енгізілді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғындарының саны 2 мыңнан асатын өңірлерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерде дербес бюджет енгізіледі.
Бесінші басымдық – денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік интеграция. Денсаулық сақтау жүйесі бойынша шолу өткізілді. Міндетті медициналық сақтандыруды енгізу басталып кетті. Ұлттық скрининг бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. 2016 жылы ересектер мен балаларға 11,1 млн скрининг-тексеріс жасалды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 400 мыңнан астам адам қатысты. Елде жұмыссыздық деңгейі соңғы жылдары 5% мөлшерінде сақталып отыр.
Алтыншы басымдық – білім беру және біліктілікті арттыру. Оқу бағдарламаларын, білім беру стандарттарын, сыни тұрғыдан ойлау қабілетін жетілдіруге, өздігімен ақпарат іздеу машығын қалыптастыруға, IT-білім жинауға бағдарлау жұмысы басталды. Білім беру үдерісін және барлық деңгейдегі білім беру контентін ауқымды түрде цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Мектептерді интернетпен қамту 93%-ға жетті. Үштұғырлы тіл саясаты және ағылшын тілін жүйелі оқыту әдісі енгізіліп жатыр. Қазақ әліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен көшіру жоспарланып отыр.
ЮНЕСКО-ның «Білім беруді дамыту индексі» бойынша Қазақстан 10 жыл бойы әлемдегі 100-ден аса мемлекеттің арасынан үздік сегіз елдің қатарында келеді.
Жетінші басымдық – қоршаған орта. Біздің еліміз баламалы және жаңартылатын электр энергиясын пайдаланудың үлесін 2050 жылға қарай 50% деңгейіне жеткізуге бағытталған «жасыл» экономика тұжырымдамасын қабылдады. Сонымен қатар Қазақстан Париж келісімін ратификациялады, ауаға тарайтын парниктік газ мөлшерін 1990 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай 15%-ға азайту жөнінде міндеттеме қабылданды. Республика 2016 жылға қарай ЭЫДҰ-ның «жасыл өсім» жөніндегі декларациясына қосылды және «Әрекеттердің жасыл платформасын» іске қосты.
Сегізінші басымдық – статистика. Ұлттық статистика жүйесін нығайту мақсатымен Қазақстан отандық статистика стандарттарын ЭЫДҰ стандарттарымен сәйкестендіру жұмысын жалғастыруда. «Ұлттық есепшоттар жүйесін енгізу», «Экономикалық-экологиялық есепке алу жүйесін енгізу» және «жасыл өсім» мен орнықты даму жөніндегі индикаторларды енгізу» жобалары бойынша жұмыс жүргізілуде. Қысқаша айтқанда, Қазақстан әлемдегі дамыған елдердің ең қуатты халықаралық экономикалық ұйымына ену жолында, міне, осындай ауқымды жұмыс атқаруда.
ЭЫДҰ-ға қосылу – күрделі үдеріс, Оңтүстік Кореяның тәжірибесінің көрсетуінше, ол 10-нан 20 жылға дейін уақыт алуы мүмкін. Алайда бір нәрсе анық: әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекетінің біріне айналу үшін ұйымның экономикадан бастап әлеуметтік-мәдени өлшемдерге дейін стандарттары мен практикасына сай болуы керек. Бүгінде елдің ЭЫДҰ-ға кіруі жөніндегі шешімінің әбден дұрыстығы күмәнсіз. Кейде ең қиын істің, түптеп келгенде, мүлде оңай болып шығатыны мәлім. Алайда айдай анық осы ақиқаттың сыртында ойлау жүйесінің кең ауқымы мен тереңдігі тұр. Біздің Президент тек күн тәртібін түзіп және шешім қабылдап қана қоймайды, ол, ең бастысы, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу жолдарын да айқындап береді.
«Қазақстан-2050» стратегиясы – жоғары мемлекеттік пилотаждың нақ сондай жарқын мысалы. Басты міндетті шешу үшін Елбасы ЭЫДҰ елдерінің стандарттары мен тәжірибесіне сәйкес әзірленген Ұлт жоспарын қабылдап отыр. Бұдан әлемдегі дамыған мемлекеттер тобына қосылу – ЭЫДҰ мүшесі болу деген аксиомалық формула келіп шығады. Бұл шешім – Тұңғыш Президенттің қуатты зияткерлік парасат-пайымының айшықты айғағының бірі. Кезінде Нобель сыйлығының лауреаты, австриялық әлеуметші-ойшыл Элиас Канетти айналымға жалпылық символдар теориясын енгізген еді.
Аталған концепт бойынша, кез келген ұлттың өзінің жалпылық символы бар. Ол сол елге тән сипаттарды бойына жинақтайды. Мәселен, Англия. Ағылшындар үшін теңіздің қандай орны бар екенін бәрі біледі. Теңізді бағындыру арқылы Британия бір кезде әлемнің ең қуатты империясына айналды. Оларға теңізден асқан нәрсе жоқ. Ал теңіз қойнауы үнемі қауіп-қатерге толы болғандықтан, тұманды Альбион тұрғындары өмірде қауіпсіздік пен тұрақтылық іздеумен келеді. Еуропаның тағы бір негізгі елі Германияға қатысты алсақ, олардың жалпылық символы – әскер. Бұл ретте әскер немістерге әрдайым сап түзей жылжып келе жатқан орман сияқты көрінетіндей. Германдықтар – орман тұрғындары, сондықтан олардың мінез-құлқынан дәлдік, мұқияттылық және тәртіптілік айқын аңғарылып тұрады. Кәрі құрлықтағы ұлттарға қатысты талдау жүргізгенде, сірә, француздарды назардан тыс қалдыруға болмайтын шығар. Олардың жалпылық символы – бостандық, теңдік және бауырластық. Жыл сайын атап өтілетін Бастилияны басып алған күн еркін ойлы және бірбеткей француздардың мінез-құлқына бедерлі белгі-таңбасын қалдырған. Күні кешеге дейін Қазақстанның мұндай жалпылық символы болған жоқ.
Елбасы 2015 жылғы 11 қыркүйекте Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында: «Біздің қасиетті жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал біздерді – Ұлы Дала ұрпағы деп атады. Біз өз тарихымыздың жаңа Шамшырағын жақтық! Сондықтан бүгінде және әр кезде де біздің Қазақстан – Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі», деді. Осынау даналық ойдан біздің Тұңғыш Президенттің жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері, саяси және рухани көшбасшы ретіндегі аса зор зияткерлік әлеуеті тағы да анық аңдалды. Нұрсұлтан Назарбаев заманауи жаңа мемлекеттің – Қазақстан Республикасының негізін салушы ғана емес. Ол әлемдік инклюзивті тезаурус қатарына – тұтас тілдік қорға айшықты, анық естілетін және мәні терең концепт-атауларды қосты, олар: Астана, Бәйтерек, Ұлы Дала Елі. Тұңғыш Президент Қазақстанның киелі символына айналды. Бүгінде еліміз алдағы мерекені жаңа жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Экономика өсімі 10 айдың қорытындысы бойынша 4% болды. Ауыл еңбеккерлері 22 млн тоннадан астам астық жинады.
Астана ЭКСПО-2017 жаһандық жобасы сәтті жүзеге асырылды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі жауапты міндетін батыл атқаруда. Ел алдында жаңа белестер, жаңа көкжиектер, жаңа жеңістер күтіп тұр. Біз жан аямай еңбек етіп келеміз, сондықтан табыс та бар, көтеріңкі көңіл күй де бар. Келе жатқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен, құрметті отандастар, баршаңызға жаңа жетістіктер және бақуатты өмір мен бақ-береке тілеймін.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.