
Өткен жексенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында қарағандылық өнер шеберлерінің «Сарыарқа – сайран елім» атты мерекелік концерті өтті.
Қарағанды облысының Қызылорда облысындағы мәдениет және өнері күндері аясындағы іс-шаралар бағдарламасының беташары «Қазынасы қазағымның – Қарағанды» деректі фильмін көрсетумен басталды. Онда қазақтың байтақ даласының қақ ортасынан орын тепкен тарихы бай, көшпелілердің ежелгі мәдениетінің мәйегі сақталған қазыналы аймақтың кешегісі мен бүгіні егжей-тегжейлі қамтылған екен.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сарыарқа төрінен арнайы келген мәртебелі меймандарға шығармашылық табыс тілеп, Сыр еліндегі сапарларына сәттілік білдірді. Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев кенді өлкенің мәдениет және өнер күндеріне көрсеткен қолдауы үшін ризашылық сезімін жеткізді. Аймақ басшылары Қырымбек Елеуұлы мен Бауыржан Түйтеұлы қос өңірдің брендіне айналған ескерткіш сыйлықтар алмасты.
Мерекелік концерт белгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтайдың арнауымен ашылды. Келесі кезекте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейірхан Адамбеков пен Жақсыкелді Кемалов, Мәдениет қайраткері Дәуренбек Аркенов, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары Сержан Мұсайын мен Сырым Хордин Сарыарқаның сал-серілерінің әндерін шынайы шеберлікпен жеткізе білді. Әсіресе, шертпе күйдің атасы Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің өнеріне көрермендер ерекше қошемет білдірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Әбдуғалисын Шоқанбаевтың жетекшілігіндегі өнер ұжымы орындаған күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа», Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Әлшекейдің «Теріс қақпай» күйлері театр ішін кернеп кетті.
Қызылордалық көрермендер көтеріңкі көңіл сыйлаған Мәдениет қайраткері Меруеш Башай, халықаралық фестивальдардың лауреаты Мунира Мұқажанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов, республикалық конкурстардың лауреаты Ержігіт Оспанханов, сондай-ақ, Академиялық музыкалы комедия театры әртістері орындаған И.Штраус, И.Кальман, Дж. Верди, Ф.Легар, Е.Брусиловскийдің классикалық шығармаларынан попурри, Гүлнар Омарованың жетекшілігіндегі «Шолпан» үлгілі би ансамблінің «Салтанат», «Келіншек» билері, Әсет Әбілдин жетекшілік жасайтын «Шыңдауыл» ұрмалы аспаптар ансамблінің Арам Хачатурянның «Танец с саблями» және «Көшпенділер» музыкалық көркемдік композициясына дән риза болысты.
Мерекелік концерт Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Сержан Мұсайын және концерттік бағдарламаға барлық қатысушылардың орындауындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған Бекболат Тілеуханның «Елім менің» әнімен аяқталды.
Мәдени шара Орталық алаңдағы «Сәлем саған, Сыр елі!» атты шоу-концертке жалғасып, отшашуға ұласты.
Қарағанды облысының мәдениет және өнері күндерінің бағдарламасы ертеңіне, 14 қазан күні одан әрі жалғасты. Түске дейін Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қарағандының С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының балаларға арналған «Қожа мен спорт» қойылымы сахналанса, Тәттімбет атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі Шиелі ауданы, «Жарқын» би ансамблі мен жеке орындаушылар Сырдария ауданының жұртшылығына өз өнерлерін паш етті. Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Джаз» оркестрінің концерті болса, кешкілік Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры «Қаракөз» қойылымын көрермендер талқысына ұсынды.
Мәдениет күндері аясында қарағандылықтар Сырдария және Шиелі аудандарында өнер көрсетті.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.