« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек» деп атап көрсетті. Жамағат көңілінен орын тапқан бұл маңызды құжат ел азаматтарының салауатты өмір жолындағы ұстанымына да қозғау салғаны анық. Осы орайда «Алты Алаштың Анасы» атанған Сыр өлкесіндегі игілікті істің бірін баян еткіміз келеді.
Қазақ елінің даңқын шығарған спорт түрінің бірі – волейбол. Кеңестік өкімет кезінде, яғни, алпысыншы жылдардың соңына таман Алматының «Буревестник» командасы Еуропаны таңғалдырып, әлем назарына ілікті. Кіл мықты спортшылар жиналған осы спорттық ұжым 1967 жылы КСРО халықтарының спартакиадасында қола жүлдегер атанса, келер жылы күміс медальді олжалады. Ал, 1969 жылы топ жарып, ел чемпионы атанды. 1970 жылы Еуропа чемпиондарының кубогін жеңіп алды. Осындай үлкен жетістіктердің әсері Қызылорда облысы волейболына қаншалықты әсер етті, Сыр өңірі спортшыларының шыққан биігі қандай, осы туралы тарқата айтып көрелікші.
Алматының «Буревестник» ерлер командасы, «Еңбек» қыздар командасы «А» класында 1961 және 1964 жылдардан бастап өз шеберліктерін шыңдай түсті. Бірте-бірте тәжірибе жинақтап, ойын техникасын меңгерді. Жоғарыда айтқанымыздай, 1970 жылы Еуропа чемпиондарының кубогін жеңіп алған дауылпаз команданың сапында Жәнібек Сауранбаев, Валерий Кравченко, Олег Антропов, Александр Партной, Николай Рогозин сынды майталман волейболшылар өнер көрсетті. Бұлардың көбі КСРО құрамасының сапында алаңға шығып, әлем біріншіліктерінде, олимпиада ойындарына да қатысты. В.Кравченко, О.Антроповтар олимпиада чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қазақстандық волейболшылар. Қыздар арасында осындай жоғары атаққа Н.Смоляева да ие болған еді.
Қазақ волейболының атасы атанған Октябрь Жарылғаповтың ізін қуған қандастарымыз да аз емес. Соның сенімді серіктерінің бірі болған Заңғар Жәркешев КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы атағын алса, команда капитаны болған Жәнібек Сауранбаевтың да ойын өрнегі бөлек еді.
Ал, Қызылордада волейболдың өріс алуы 1951 жылы қалаға қызметтік жолдамамен Ленинград қаласынан келген спорт шебері Александр Ильич Бирюковпен байланысты. Сол жылы жиырма алты жасқа енді шыққан жас жігіт бұған дейін КСРО-ның жастар құрамасының сапында шыңдалып келген-ді. Қалалық спорт комитетінің бастығы қызметінің тізгінін ұстаған ол осы қарапайым да, қажетті спорт түрін өрістетуге бірден кірісті. Қала мектептерінде, парктерде, мекемелер маңында волейбол алаңдары пайда болып, оған құмартушылар қатары бірте-бірте молая түсті. Бұл орайда жергілікті жастар Володя Павлов, Қабыш Пірімжановтардың зор ықпалы болғанын атап өткен жөн. Қабыш ағамыз боз кілемде қарсылас шақ келтірмейтін атақты палуан болатын. Қазіргі кезде сексеннің сеңгіріне көтерілген ақсақал сол кездері өз талантын басқа қырынан көрсетіп, сұлу да сыпайы волейбол ойынына да ден қойды. Түрлі жарыстардың қала, аудан біріншіліктерінің жиі, нәтижелі өткізілуі барысында облысымыздан мықты волейболшылар шыға бастаған сәтті кезеңдер елуінші жылдардың ортасы болатын. А.Солянка, А.Богомолов, Ю.Соволев, С.Ким, т.б спортшылар облыс волейболының негізін қалаушылар еді десек орынды. «Тарзан» атанған Ким Дон Чер Шиеліден, Мақсұт Омаров Жаңақорғаннан, ағайынды Шульгалар Аралдан келіп, ақ допты әуелететін еді. «Солақай» (Левша) деп жұрт қошеметіне бөленген Николай Ли де мықты спортшы болатын. Осы қатарға Төменарықтан барып команда сапына қосылған И.Павловты да айтуға болады.
Қызылорда волейболының республикалық дәрежеде көрінуіне «Динамо» лақап атымен облыс құрамасы намысын ұзақ жылдар қорғаған Тұрғанбек Алтынбековтің еңбегі зор. Осы кісінің бастауымен барған студенттер командасы 1959 жылы Алматыдағы спартакиадада жүлдегер атанды. Сондағы құрамда Рамсейіт Қоянбаев, Рақым Мауияев, Хамит Күлімбетов, Кеңес Әлімбетов, Қани Ахетов және Э.Ким, В.Кимдер бар еді.
Облыс командасы 1957 жылы Орал қаласында республика біріншілігінде екінші орынды иемденсе, 1958-1959 жылдары Ақмолада жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 1962, 1963, 1964 жылдары да облыс командасы алғашқы үштіктен төмен түспеді. 1963 жылы Бирюковтың тәлімгерлері Оңтүстік аймағының чемпиондығын жеңіп алды. Қазақ жастары арасында алғашқылардың бірі болып спорт шеберлігіне қол жеткізген Тұрғанбек Алтынбеков сол жылы студенттерден жасақталған Республика құрамасына қабылданды. Октябрь Жарылқаповтың Алматы қаласында қалу туралы ұсынысына отбасы жағдайы тура келмеген ол республикадағы ең мықты 18 спортшының қатарынан көрініп, бірнеше рет марапатталды.
Жалағаштық Сұлтан Бекжанов пен Серік Абдуллаев, Жұматай Сүйіндіков, шиелілік Жағыпар Айтжановтар мықты ойыншы болуымен қатар өз шәкірттерін жетілдіріп, өз үлестерін облыс волейболына қосты.
Қыздар арасында Е.Ким, А.Артамонова, С.Майер, Л.Кузнецова, С.Тян өз биігінен көріне білген жастар болатын. Облысымыздың волейболшы жастарының елімізде нәтижелі ойын көрсетуіне оның бұқаралығын арттыру барысында құзырлы мекемелер тарапынан көмек беруі арқылы жүзеге асқандығын айтуымыз керек. Әрбір спорт мекемелерінде арнайы топ жұмыс істейтін, сондай-ақ жер-жерде секцияларда білімді ұстаздар өз білгенін шәкірттерге ерінбей үйрететін-ді.
1974-1975 жылдары Алматы денешынықтыру институтын бітіріп келген жоғары білімді бір топ мамандар бұрынғы бар нәтижені одан сайын еселей түсуге еңбек етті. Атап айтқанда, Т.Ибрагимов, А.Бородин, Т.Қабылбекова, В.Данилов, В.Земльянскийлер. Олардың шәкірттері А.Баймағанбетов, Н.Сәрсенбаев, Н.Алтынбеков, Ж.Ибрагимов, т.б. 1984 жылы Қапшағай қаласында өткен жастар арасындағы ел біріншілігінде жүлдегер атанған-ды.
Облыстың спорт және туризм басқармасы басшылығына 2002 жылы Ерлан Нұрғали есімді азамат келген соң бұл сала бұрынғыдан да дами түсті. Ол түрлі турнирлердің өтуіне түрткі жасаумен бірге облыс біріншілігінің қайта өтуін қолға алды. Бұл біріншілікке 2002 жылы 12 команда қатысып, 4 турда бақ сынады. Сол жылы ерлер командасымен қатар 8 қыздар командасы біріншілік жүлдесін сарапқа салды.
2003 жылдан бастап волейбол спортының жанкүйерлері оның болашағына сеніммен қарай бастады. Себебі, бір топ ынталы азаматтардың нақты іс-әрекетімен облыс волейбол федерациясы құрылып, оның президенттігіне облыс әкімінің орынбасары Серік Ратаев мырза бір ауыздан сайланды. Жас кезінде спорттың осы түрімен айналысқан Серік Сәлімұлы оны өркендетудің жолын жетік білді, әрі оған жанашырлықпен қарады. Ол өз қатарына бұрынғы белгілі спортшылар С.Қожаниязов, Т.Алтынбеков, И.Түйменов, А.Ысқақовтарды топтастырып, үлгі көрсетуге жұмылдырды. Мұны облыстағы волейболдың жаңа тарихи кезеңі десек те артық емес. Облыстық волейбол федерациясының алқа құрамында осы жолдардың авторы да енген еді. «Сыр бойы» газетінің спорт бетінде үнемі ақпараттық шолу жасалынып отырды. Тереңөзек ауданындағы Болат Рысмаханов жетекшілік ететін волейбол тобы, облыстық өртке қарсы қызмет мекемесінің, теміржол полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің командалары негізінде жақсы команда жасақтауға мүмкіншілік барлығы айтылды. Сондай-ақ, Шиелі, Жаңақорған ауданында да бұл спорт түрінен тәп-тәуір командалар жасақтауға мүмкіншілік бар екендігі еске алынды. Бастысы, облыс намысын қорғайтын «Ақмаржан» волейбол командасының құрылуы мен оның қаржылық мәселесінің шешімін табуы еді. Облыс басшылығы да бұл іске ықыласты қолдау білдірді.
Қызылорда облысы волейбол федерациясының президенті Серік Ратаев, «Ақмаржан» командасының бастығы Тұрғанбек Алтынбеков, бас жаттықтырушы Марат Божбанбаевтардың ерен еңбегімен Сыр спортшылары Қазақстан Республикасының бірінші лигасында өнер көрсететін 10 команданың бел ортасына кірді. Ол облыс намысын қорғап, 2003-2005 жылдары алаңға шықты. Бұл үлкен жетістік болатын. Сол кездері облыс әкімшілігінде лауазымды қызмет атқаратын Серік Қожаниязов, тереңөзектік жаттықтырушы Болат Рысмаханов, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің аға оқытушы-жаттықтырушысы Абай Дауытов, тағы да басқа азаматтардың бұл игілікті іске белсене араласқанын атап айтқан жөн. Командаға «Транссервис» ЖШС, «БИС» ЖШС, «Лазурит» ЖШС, «Марсель Петролеум» ШС, «Астана Технополис» серіктестіктері демеушілік жасады. 18 спортшы команда сапында болып, тұрақты айлық алып тұрды. Андрей Те, Рауан Камалов, Қайрат Мақашев, Нұрлан Орынтаев, Ербол Сәрсенбаев, Руслан Абдраймов, Мұқтар Қонысбаев, Қыдырғали Исабековтер бірінші разрядты ойыншылар болса, Ресейден шақыртылған спорт шеберлері Максим Шерешов, Янош Бондарчук, Павел Саулько, Денис Ровкин және Евгений Морозовтар өрнекті ойын көрсетуімен есте қалды. Әсіресе, 2004 жылдың ақпан айында Қызылорда қаласында өткен турда жерлестеріміз шын мықтылармен тіресе шеберліктерін шыңдады. «Ақмаржан» атына сай лайық намыс туын жықпай, республиканың мықтылары арасында төртінші орынға дейін көтерілді. Бұл Сыр бойы волейболшыларының жақсы жетістігі ретінде тарихта қалды.
Бір атап айтарымыз, аймақ спортына қомақты үлес қосқан облыстық спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Садық Мұстафаев Қызылорда волейболына патриоттық жанашырлық танытты.
Қазіргі облыстағы волейболдың жағдайы қалай? Оны білу үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне көз жүгіртіп байқалық. Облыс бойынша бұқаралық волейболмен 25393 адам шұғылданады. Волейболдан білікті спортшылар дайындау мақсатында балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен спорт клубтарда 43 жаттықтырушы 1696 спортшымен жұмыс жасауда. 30 жаттықтырушы мен 1134 оқушы облыстық және аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде, 9 жаттықтырушы 548 спортшымен аудандық спорт клубтарда, «Қайсар» кәсіпқой волейбол клубында 3 жаттықтырушы 14 волейболшымен жұмыс жасауда.
Жыл сайын 3 жас ерекшелігі бойынша жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің облыс біріншілігі және ерлер мен әйелдер командалары арасында облыс чемпионаты мен кубогы өткізіліп тұрады. Аталған жарыстарға спорт мектептерінің волейболшылары қатыстырылады.
2016-2017 жылдары облыстың ерлер құрама командасы волейболдан ҚР жоғары лига командалары арасындағы ҚР чемпионатына қатысып 12 команданың ішінен VI орынға тұрақтады. 2016 жылдың желтоқсан айында «Қайсар» волейбол клубы» қоғамдық бірлестігі болып құрылған команда 2017 жылдың қаңтар айынан бастап кәсіпқой «Қайсар» волейбол клубы» болып жұмыс жасауда. Облыстың ерлер волейбол командасы 2009 және 2014 жылдары жоғары лига командалары арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының қола жүлдегері, 2009 жылы Петропавл қаласында өткен ІV Республикалық «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында ІІІ орынды иеленген.
Жақында «Қайсар» волейбол клубына» бас жаттықтырушы болып, республикадағы тәжірибелі маман Патраков Андрей Васильевич тағайындалса, команда бастығы және аға жаттықтырушы қызметін осы спорт түрінің шын жанашыры Абай Дауытов атқарады. Команда үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Алматыда Қазақстан кубогін сарапқа салатын болса, қараша айында ел чемпионатында бағын сынайды. – Әзірге оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай жүргізілуде, команда құрамын нығайта түсу мақсатында сырттан легионерлер де алдырылады. Өз өңірімізден шыққан талантты жастарға да сенім артылады, – дейді команда бастығы бізбен әңгімесінде.
Облысымызда волейбол ойынына өте қызығатын жасөспірім жастар қаулап өсіп келеді. Тереңөзектен Болат Рысмаханов, Жаңақорғаннан Батыр Бабаев сынды жігіттер ауылда жүріп, олимпиадада атой салатын қазақ жастарын тәрбиелеуді арман санайды. Олардың алғашқы нәтижелері өте жақсы. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданындағы аграрлық-индустриялық колледж директоры Мадияр Ахметов жастарға қамқорлық көрсетумен бірге, ардагерлер бәсекесін жылда мамыр айында ұйымдастырып, волейболдың бұқаралығын арттыруға ұйытқы болып жүр. Шиелі ауданында да ардагерлердің волейбол лигасы құрылып, 6 команда ай сайын өз жүлделерін сарапқа салады.
Волейбол – ағылшынша тор үстіндегі доп дегенді білдіреді, сондықтан оны тордоп деп қазақшалап, солай қолданған кездеріміз де болған. Иә, волейбол-тордоп ең қарапайым, әдемі өрнекті ойын. Көп шығынды да қажет етпейді. Сондықтан, оның бұқаралығын арттыруға мүмкіншілік мол. Бастысы, ынта керек.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |