ИНДУСТРИЯЛЫҚ САЯСАТТЫҢ ТЫҢ БАҒЫТТАРЫ

Қазақстан экономикасы негізінен шикізат және аграрлы-индустриалдық бағыттағы дамушы ел қатарына жатады. Жаңа индустриалдық елдер қатарына дамушы елдердің тек 5% ғана өтуде. Ол топқа Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Гонконг, Тайвань, т.б. елдер жатады. Олардың ішінде  Сингапур мен Малайзия ғана 20 жылда алдындағы жүзден астам елдерді басып озып, дамыған елдер қатарына кірді. Нақты кезеңде  Сингапур дамыған елдердің алғашқы ондығына кіреді.
«Қазақстан-2050» стратегиясы – ол жаңа индустриалдық елдер қатарына кіруді міндет еткен бағдарлама, яғни осы жоба сол стратегияны жүйелі, жан-жақты және қарқынды іске асыратын оның идеологиясы. Сондықтан, сол стратегияны іске асырып ақпараттанған экономика құру үшін инновациялық экономиканы дамытып, қоғамды әлеуметтік-экономикалық жаңғыртатын тактикалық міндеттері болып табылады.
БҰҰ-ның белгілі бір мемлекетті жаңа ин­дус­триалдық елдер қатарына кіргізетін талап­тарының методикасы төмендегідей:
- әр адамға шаққандағы жалпы ішкі өнімнің мөлшері; экспортқа шығаратын өнеркәсіп өнімдерінің мөлшері және оның жалпы экспорттағы үлесі; экономиканың орташа жылдық өсу қарқыны; шеттен келетін тікелей инвестицияның көлемі;  өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі (ол 20%-дан жоғары болуы керек).
Жоғарыдағыларды ескеріп, Халықаралық Адам институты әлемдік нарықта бәсекелі жаңа ин­дустриалдық стратегия дайындады. Оның не­гізгі міндеті үнемдеудің жоғарғ нормасы мен инвестицияға қол жеткізу, экономиканы экспортқа бағыттау, нарық капиталының ашықтығы, макро­экономикалық тұрақтылық, ұлттық валютаны АҚШ долларына таңу (привязка), экономиканың өсуін мемлекет жағынан ынталандыру арқылы оның тұрақты дамуына қол жеткізу және ұлттық экономиканың әлемдік нарықта бәсекелестігін арттыру болып табылады.
Бұл орайда Халықаралық адам институтының президенті Әкім Жанұзақ Меңдешұлының пікірлерін оқырмандар назарына ұсыну артық етпейді деп ойлаймыз. Ол ең алдымен стратегияны жүзеге асыру үшін білім бағыттарын өзгерту қажеттігін айтады.
Көп еңбек пен капиталды қажет ететін шикізат экономикасынан, ғылым мен жаңа технологияға бағытталып, ақпарат пен коммуникация жетіс­тіктеріне негізделген жаңа индустриалдық саясатқа өту таяу болашақтың міндеті болып табылады. Ақ­параттық технология мен инфрақұрылымды дамыту негізінде қалыптасқан инновациялық экономиканың өсу моделі қоғамдық өндірісті түпкілікті өзгертеді. Қоғам, ресурс шығынды және ресурс үнемді технология арасындағы қатаң таңдаудан «ресурсы лимиттенбеген» ақпараттық экономикаға өтеді. Осындай өзгерістер ғана Қазақстанды жаңа индустриалдық ел қатарына жақындатады және оның дамыған қоғамға өтуін қамтамасыз етеді.
Форбстың дерегі бойынша WIF ғалымдары соңғы жарты ғасырда әлемдегі ғылым, технология, инновация және экономикадағы жаңалықтардың 70%-ын ашқан. Бұл қордан шыққан мамандар әлемдегі екі мыңнан астам компаниялардың басшысы немесе бас менеджерлері болып жұмыс істейді.
WIF ғалымдарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқитын магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекші етіп тағайындау мәселесі өзекті болып табылады. Осы уақытқа дейін батыстың университеттерінде оқыған болашақтықтар енді сол және басқа алдыңғы қатарлы университеттер мен ғылым орталықтарында WIF ғалымдарының шәкірттері ретінде білімдерін жетілдіреді. Осы уақытқа дейін шетелде оқыған жүз мыңдай қазақ жастарының, оның ішінде он мыңдай «болашақтықтардың» ешқайсысының WIF ғалымдарының шәкірттері болмағаны белгілі. Бұл бағдарлама бойынша магистранттар мен докторанттар «Болашақ» халықаралық Орталық бағдарламасы» АҚ қаржысына білім алатын болады. Алдағы 2-3 жылда бұл бағдарламаға қосымша қаржы бөлу қаралмаған. WIF Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігі бекіткен магистранттар мен докторанттар дайындау бағыттары бойынша әлемнің 3500 белгілі ғалым-профессорларының, негізінен ТОП-500-дің ішінен жетекшілер таңдайды. Бұл, Қазақстан білімі мен ғылымының сапасын жаңа сатыға көтеретін қадам болып табылады.
Бұл механизм университет ішінде кафедралар мен факультеттер арасында пайда болған бәсе­келестік, келесі кезеңде білім сапасы мен мамандар дайындаудағы университетаралық бәсеке­лес­­­тікке ұласады. Тәуелсіздік жылдары елде батыс үлгісіндегі ашылған үш университет жоғарғы білім­нің сапасын жүйелі түрде өзгерте алмайды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мысалы 20 жылда университеттері әлемдегі алдыңғы қа­тарлы жиырма оқу орындарының қатарына кірген Малайзияның тәжірибесі, бізге барлық уни­вер­ситеттердің сапасын бір уақытта жақсарту ар­қылы ғана 2030-2032 жылдары әлемдегі 20-25 оқу орындарының қатарына кіруге болатынын көрсетеді.    
Бұл жұмыстың кестесі осындай: бірінші жылы – 15-20, 2-3 жылдары – 55-60, 4-5 жылдары 75-80 негізгі университеттерді WIF профессорларымен қамтамасыз ету. Ірі университеттерді – 7-10, орташа университеттерді – 4-6 және шағын университеттерді 2-3 WIF-тің профессорымен толықтыру көзделген.
Бұл жобаларды іске асыру үшін «Бәйтерек» холдингі, «Даму» АҚ, отандық банктер бір жағынан, Институт, WIF  и ТОП-50 + (50) екінші жағынан бірігіп Инновацияның менеджменті  және  кәсіпкерліктің ІТ (ақпараттық-технология) Орталығы  (Орталық) және Инновациялық қор құрады. Бұл екі құрылым біріккен кәсіпорындардың инновациялық жобаларын іске асыратын қаржы операторы болады. Сонымен қатар, инновациялық кластерге қатысатын біріккен кәсіпорындар мен компанияларды дамытуға мемлекеттің, инвесторлар, банктер, қорлар, т.б. қаржы көздері тартылады.
Ғылым, технология, дәстүрлі ұлттық мәдениет үйлесім тапқан және интеллектуалдық ұлттың ядросын құрайтын жаңа творчестволық топтан тұратын жан-жақты дамыған азаматтар ғылым, инновация  және интеллектуалдық салаларды дамыту арқылы елді заманауи  технополиске айналдырады. Қоғамдағы барлық өндіргіш күштердің ішінде ғылым мен технология ғана жылына 30-33% өсім береді. Дамушы елдердің ішінде осы салаларды уақытында қолға алғандары (5%) жаңа индустриалдық қоғамға өтсе, қалғандары бұрынғы деңгейде қалуда. Инновациялық экономикаға өту, елдің индустриалдық-инновациялық дамуын орташа 1,6-2,0 есе тездетеді. Ол үшін алдымен ғылымға бөлінетін қаржыны 2017-2018 жылдары ЖІӨ-нің3,0%-на, одан арғы бес жылда 5%-ға жеткізу қажет. Электрондық және энергияны үнемдеу технологияларын пайдалану өндірісте, тауар экспорты мен импортының шығындарын 50%-ға дейін төмендетеді.
Халықаралық адам институтының жүйесі бойынша төрт миллиондай оқушылар, колледж бен университет студенттері, ұстаздар, ғалымдар, инженерлер мен дәрігерлерді қашықтықтан оқытып оларға халықаралық стандарттарға сай сертификаттар мен дипломдар беру көзделген. Сонымен қатар, ХИП-те қашықтықтан оқыту арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде 2020 жылға дейін он мыңдай студент оқыту және болашақта халықаралық деңгейдегі 600 ғалым, оның ішінде 300 математик дайындау жоспарланған. Яғни, Парк елдегі халықтың 25-26% құрайтын, оның белсенді және өнімді бөлігі оның болашақтағы адам капиталын толық қамтиды.
Экономикалық саясаттың негізі жұмыссыздықты жою және табысты теңестіру болып табылады.
Бұл мақсаттарды іске асыру үшін жеңіл несие беретін әртүрлі бағдарламаларды (арнайы займдар беру, несиені сақтандыру, субсидия бөлу, т.б.) дайындап енгізу, банк жүйесінде монополизациялау, шетелдік банктер жүйесін көбейту (мысалы, Сингапурдағы 122 банктің 116-сы шетелдік), шағын және орта бизнеске, «өз күндерін көріп жүргендерге», ауыл тұрғындарына және кедейлер мен тұрмысы орташаларға арнап ислам банкингін енгізу қажет.
Ішкі нарықтың тарлығын ескеріп, тауар өндірушілер мен оны экспорттайтындарға арнал­ған жеңілдіктер жүйесін дайындап экспортқа бағыт­талған модель жасау қажет. Бұл жерде жеңілдікті өнеркәсіп өндірісінде шығарған өнімнің 25%-дан астамы шетке сатылатын және оның жылдық құны $100 мың болатын фирма пайдалана алады. Ислам жүйесіндегі банктің болуы микроқар­жы­ландыруды қамтамасыз ететін қолайлы жүйе және кедейшілікпен күресетін тиімді құрал болар еді.
ШОБ құрып кетпеуі және шағын және орта бизнесті қолдау қорының шенеуніктеріне тәуелді болмау үшін пайызсыз несие беретін банк жүйесі қажет. Экономика саласындағы ислам моделіне сыбайлас жемқорлық, алдау, табысты жасыру, салықтан кету және басқа қылмыстық әрекеттер жат. Бұл модельдің қызықтыратын жері – ондағы материалдық пайда мен рухани құндылықтардың үйлесімі болып табылады. Ол жүйеде ресурс­тар табыстың нормасына бағытталу арқылы потенциалы нарықпен неғұрлым оң бағаланатын экономиканың секторына айналатын ұстанымға негізделгендіктен, тезірек ислам экономикалық моделіне көшу маңызды болып табылады. Сайып келгенде, осының барлығы Қазақстанның таяу болашақтағы өркендеу жолына түсуінің маңызды шарттары болып табылады.

Дайындаған Ж.ӘЛМАХАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қараша 2017 г. 603 0