Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру негізінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Киноматографистер одағының мүшесі, кинорежиссер Қалила Омаровтың «Руханияттың мәңгілік сәулесі» атты тарихи-танымдық деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткен шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов бастаған ел ағалары, студенттер, оқытушылар мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Тарихи-танымдық фильм Жаңақорған аудандық әкімдігінің тапсырысы аясында түсірілген. Фильмде Жаңақорғанның тарихы және діни-рухани ескерткіштері, ескі шаһарлар туралы деректер келтірілген. Таңбалы тастан бастап, қасиетті үңгірлер де қамтылған. Сонымен бірге деректі фильмде белгілі өлкетанушылар, теология және философия ғылымының мамандары, жергілікті музей басшылары мен белгілі қоғам қайраткерлері пікір білдіреді. Экспедиция ескі қала мен киелі орындардың басына барып, олардың тарихы, ел арасындағы аңыз, әпсаналар жайлы сыр шертеді.
– Жаңақорған ауданы тарихы терең, ескі қалалар мен әулие, әмбелер жатқан киелі мекен болып табылады. Сыр бойында ислам дінін, мәдениеті мен салт-дәстүрін қалыптастырған белгілі тұлғалар шыққан. Сондықтан фильм кино-экспедициялық түрде жасалынды. Кино-экспедиция «Жаңақорған-2015» деп аталды. Деректі фильмде Хорасан атадан бастап Айқожа ишанға дейінгі қазақ тарихындағы рухани дүниелер көрсетіледі. Руханият мыңжылдық. Деректі фильм ең алдымен құжаттарға негізделеді. Сонау орта ғасырдан бізге жеткен тарихи оқиғалардың түпкілікті нұсқалары шежірелер арқылы сақталған. Жастарға түсінікті болу үшін деректі фильм екі жылға жуық уақыт түсірілді. Сонымен бірге үш пьеса жазылды. Олар сахналанып, деректі фильмде қолданылды. Бұл менің 4 жылдық еңбегімнің жемісі. Осы деректі фильмді түсіру барысында қолдау танытқан облыс әкіміне және экспедиция құрамында болған барлық азаматтарға алғысымды білдіремін деді,- белгілі кино майталманы.
Жалпы, Қалила Омаров 1954 жылы 4 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1978 жылы Санкт-Петербургтегі мәдени-ағарту училищесінің кино-фото факультетін тәмамдайды. Ол 1987 жылы «Қазақтелефильм» студиясында режиссер, «Алатау» ұлттық телеарнасының бас режиссері, мұнан кейін ҚР Президенті «Телерадио-кешенінің» режиссері қызметтерін атқарады. Сонымен қатар «Хабар» агенттігінде дубляж режиссері, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында режиссері болды. Айта кетерлігі, Қалила Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде қызмет атқарып жүрген кезде Әмір Мәжитовтың «Бір үзім нан» спектаклінде Иван Хлебниковтің рөлін сомдады. Бұл спектакль 1986 жылы республикалық «Театр көктемі» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алады. Белгілі режиссердің күйші Құрманғазы туралы түсірген «Кісен ашқан» қысқаметражды фильмі «Ақ түндер-82» кинофестивалінде бас бәйгені еншіледі. Қалила Омаров кино саласында еселі еңбектері үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері атақтарымен марапатталған.
Туған жердің тарихы мен рухын бейнелеген деректі фильді тамашалағандар ерекше әсер алды.
Сара АДАЙБАЕВА.