
Күзгі жиын-терімді сәтті аяқтаған Таң ауылының тұрғындары берекелі «Алтын күз» мерекесі аясында жаңа балабақшаның лентасын қиды. Сәулетті ғимараттың ашылуы салтанатына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысты.
Туған еліне, жеріне тағзым етіп қызмет жасап жүрген «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Имамзада Шағыртаев бастаған диқаншылар егін орағын жақсы нәтижемен аяқтап, жыл науқанын қорытындылады. Қамбаны қызылға толтырған еңбеккерлер зор қуанышқа кенелді. Себебі, Сыр елінің ризығына айналған ақ күріштен тау тұрғызған серіктестік биыл 1163 гектарға Сыр маржанын егіп, оның әр гектарынан 67 центнер өнім жинады. Ауылдың берекесіне айналған серіктестіктің озат күрішшілері көлік кілтіне ие болды.
Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов, Жалағаш ауданы әкімі Қ.Сәрсенбаев, «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутаты И.Шағыртаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Биылғы жиын-терім науқаныңда тарихта бұрын-соңды болмаған 500 мың тонна Сыр маржанын қамбаға құйдық. Соның ішінде, жалағаштық еңбеккерлердің үлесі зор. Жалпы, Жалағаш ауданы 129 мың тонна, яғни астықтың үштен бір бөлігін беріп отыр. «Таң ЛТД» ЖШС биыл 67 центнерден өнім жинап, егін науқанын зор табыспен аяқтады. Бұл серіктестік тек шаруашылықтың жұмысына ғана емес, ауылды дамытуға да белсене атсалысып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты мерекеде серіктестік төрағасы Имамзада Шағыртаев ала жаздай тер төккен күрішшілерге темір тұлпар мінгізді. Марапат төрінен көрінген «Таң ЛТД» ЖШС агрономы Ербол Ақбергенов, күрішші, әр гектардан 80 центнер өнім алған Жұмажан Шондыбаев, Мырзабай ауылының тұрғыны, бригадир, өзіне берілген 500 гектар жердің әр гектарынан 70 центнер өнім алған Ерлан Базарбаев және үздік шаруашылық механизаторы Серік Құлахметовтің қуанышында шек жоқ. Себебі, олар «Еселі еңбектің ақталғаны осы» деп марқаяды.
Мұнан соң меймандар «Таң бөбегі» балабақшасының ашылу рәсіміне қатысты. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ауылдағы толымды тірліктерді айта келе, тұрғындарды ел игілігіне берілгелі тұрған жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Бала – біздің болашағымыз және бар жақсылық балаларға арналады. Мемлекеттің бұл салаға жасап жатқан қамқорлығы орасан зор. Соның бірі 2013 жылы қабылданған «Балапан» бағдарламасы. Сол жылдан бері облыста балаларды балабақшамен қамту жайы 100 пайызға орындалып келеді. Жалағаш ауданында да 3-6 жас аралығындағы балалардың барлығы мектепке дейінгі мекемелермен толық қамтылған. Міне, қазір осындай игілікті істердің куәсі болып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, бұл ғимарат бұған дейін азып-тозып тұрған болатын. Мұны күрделі жөндеуден өткізген И.Шағыртаев ауылдан жаңа балабақша ашуға қамқорлық танытты. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын. Бүлдіршіндеріміз туған жерін, елін көркейтетін, халықтың қалаулы азаматтары болсын! – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтерген 90 орындық балабақша соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда қазір 22 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ауыл тұрғындары жергілікті серіктестік бүтін бір ауылды гүлдендіріп отырғанына қуанышты. Жалпы, «Таң ЛТД» ЖШС шаруашылық ісін дөңгелентіп қана қоймай, туған жерді көркейтуге атсалысып келеді. Ауылды дамыту бағытында атқарып жатқан мұндай ауқымды жұмыстарға жұртшылық дән риза.
НҰРБЕК ДӘУРЕНБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.