Облыс әкімі Ілия Жақановты қабылдады

Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Ілия Жақановпен кездесті.
– Қазақта «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөз бар. Осы нақыл дарынды жазушы, драматург, суретші, этнограф, композитор Ілия Жақановтай ағамызға арналған сияқты. Бір тыңдаған адамның жүрегінде мәңгілік сақталып қалатын «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кештері», «Әселім әнім», «Толағай» сияқты әндерін бәріңіз де жақсы білесіздер. Бұл жолы Ілия ағамыз бізге ерекше сый жасап, «Сырдария вальсі» әнін арнады. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрда осы әннің тұсауы кесіледі. Жаңа ән үшін сізге өзімнің және Сыр елінің атынан рахмет айтамын. Сізге мықты денсаулық пен шығармашылық табыс тілейміз. Рухани жетістіктерге жете беріңіз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде сөз алған сан қырлы өнер иесі – І.Жақанов бұл кездесудің мәні мен маңызы жоғары екенін атап өтті.
– Өмірде талай кездесу болады. Соның ішінде осы шара көпке үлгі болатын, жүрген жерде жұртқа айта жүретін маңызға толы болды. Маған үлкен құрмет көрсетіп отырсыздар. Бұл үшін сіздерге алғысым шексіз, – деді дарынды өнер иесі.
Ардақты азамат бұдан әрі Қырымбек Көшербаевтың Есілге, Еділ мен Жайыққа, Оралға байланысты ән жазуына себепкер болғанын айтып, оның «Сырдария вальсінің» тууына да шабыттандырғанын жеткізді.
Ілия Жақанов қарт Қаратау бөктерінде дүниеге келген. Ол бірнеше жылдан бері Атырау жерінде шығармашылығын жалғастыруда. Талантты тұлғаның шығармалары қазақ жерінің табиғатына, оның сұлулығы мен байлығын паш етеді.
Жиын барысында ұлт мәдениетінің дамуына сіңірген еңбегі үшін І.Жақанов Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қараша 2017 г. 608 0