2011 жылдың желтоқсан айының 10-жұлдызында Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу арқылы 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент күні есебінде белгілеп, бұл күн мемлекеттік мерекелер санатына енгізілген болатын.
Ел тәуелсіздігінің аса қысқа кезеңінде егемен ел болуды қалыптастырған және де қалыптастырып қана қоймай, тарихтың осы бір аса қысқа мерзімінде өзін әлемге тыныта алған мемлекеттің ендігі тарихынан бұл күн, яғни желтоқсанның 1-і ойып тұрып өз орнын алуы керек еді. Солай болды да! Көне тарихтың әлмисақтан бергі қағидаларына саяр болсақ, тіршілік жаралғаннан кейінгі бар оқиғалардың басында тұлғалар тұрған. Ал енді қазақ елінің ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігін және соған жету жолында бірнеше ғасырдың жүздеген жылдарының қасіреті мен зобалаңын, тар жол, тайғақ кешуін басынан өткерген халықтың тағдырын анықтап, тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығы қазақ тарихының ғана емес, жалпы адамзат баласы тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қойылғаны бар.
Біз күшті президенттік мемлекет құру таңдауын өте дұрыс жасағанымызды ел тәуелсіздігінің әр жылдарының әр кезеңдерінде айқын сезініп келе жатырмыз. Ең әуелі «бас-басына би болудан» ада тұрдық та, бұл еліміздің әлемдік дағдарыстардың ең бір ауыр да сындарлы кезеңдерінде тұрақты дамуын қамтамасыз етуге зор ықпалын тигізді, әлі де тигізіп келе жатыр. Қазақстандағы президенттік билік жүйесі 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілді де, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет президент сайлауы өткізілді. Сөйтіп, біз барша қазақстандықтар өз президентімізді өзіміз сайлап алу құқымызды тұңғыш рет жүзеге асырдық та, еліміздің демократиялық қағидаларға берік екендігін әлем алдында тағы да бір көрсетіп берген едік.
Сөйтіп, 1 желтоқсан – тұңғыш президент сайлауында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барша қазақстандықтардың зор сеніміне ие болған күні. Тұтас ел мен халықтың сеніміне ие болу арқылы Елбасы өзіне жүктелген бар жауапкершілікті айқын сезіне отырып, өз елі мен халқының тағдырын анықтауда өзінің перзенттік те, президенттік те борышын адал атқарып келеді. «Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат» деген немесе «Назарбаев нені де болса елімен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді!» деген бұдан бұрын айтқан ойларымызды тағы да бір қайталаймыз. Елбасының қазақ елі тарихындағы аса маңызды орнын қазір де, болашақта да анықтап тұратын бір күн қазақ тарихында болуы керек еді, сол бір күн 1 желтоқсан болып күнтізбелік тарихтың жылдар жылнамасынан орын алды.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін мәңгілік ел ету арман-мүддесінің жүзеге асырыла бастаған күні деп те қастерлеуге тиістіміз.
Өйткені, мәңгілік ел болу бүгінгі біздің де және бізге дейінгі де талай бір ғасырлар иініндегі «елім-айлап» өткен ата-бабаларымыздың да аңсар арманы мен зар тілегі де болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік ел құру жөніндегі осы ойы мен арман-мүддесінің тарихи маңыздылығын – біз толық сезіне алып отырмыз ба? Елордасы Астана қаласында «Мәңгілік ел» монументті қақпасы неге тұрғызылды? Қазір біздің әрқайсымызды осы бір сауалдар ойландыруы керек те, біздің соған деген өз жауабымыз әр көкіректе сайрап тұруға тиісті. Елбасы арқалаған ел жүгін бірге көтеру және де ел бірлігін сақтау арқылы біз өзіміздің мәңгілік ел бола алатындығымызды күн сайынғы ісімізбен де, білім, біліктілігімізбен де, еңбек еткіш қабілетімізбен де көрсете білер кез қазір. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің президенттік қызметінде қазақ елін мәңгілік ел етудің барлық жағдайларын да, соның барлық алғышарттарын да жасап берді, әлі де жасап келеді деп тұжырым жасауға болар еді. Сол мәңгілік ел болудың бір алғы шарты болып саналатын «Қазақстан-2030» стратегиясы Елбасының алысты аңдаған, болашақты болжаған, келешекке көрегенділікпен көз тіккен, бүгінімізге бел шешіп, ертеңімізге еңсемізді тіктеп барар жолымыз еді. Солай болды және солай болып та келе жатыр!
Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосу және бәсекеге қабілетті болуға бастаған күні деп те санаймыз.
Бұл Елбасының бағзы көшпенділердің тағдырлы тарихтың қилы-қилы кезеңдерінің тауқымет құдығының суын ішіп, ащылы сортаңының сорын кешкен, зобалаң жылдардың зарын тартқан, таршылықтан тарылып тұралаған, жоқтықтан ашығып бұратылған, жазықсыз жараланған, айыпсыз айдалған бүгінгі ұрпақтары, мына біздерді мына дүбірлі әлемнің аламанына қосқан қайырлы күні деп те білеміз. Бүгінгі бірегей дүниенің біртұтас экономикалық жүйесінде Нұрсұлтан Назарбаев талмай таңдап та, дұрыс та, ұтымды да етіп қалыптастыра білген Қазақстанның өзіндік даму жолы небір сындарлы кезеңдерде өзінің өміршеңдігін көрсетіп те бере алды. Әлемдік экономиканың іргесін қайта-қайта шайқап тұрған бүгінгі қаржы дағдарысына дес бермей келе жатқан Қазақстанның қазіргі жағдайы бізге осыны айтқызады. Бұған дейін экономикалық әлеуеті жөнінен ешкімге жалынан ұстатпайды дейтін Еуропаның біраз елдері абдырап та, дағдарып та қалған осы бір тұста Қазақстан Президентінің елді инновациялық және индустриялық бағытпен дамыту бағдарламасын ұсынуы және де мұны ендігі Қазақстанның болашағы деп атап көрсетуі, бұл ұлы міндеттерге барша қазақстандықтарды жұмылдыруы манағы біз айтқан мәңгілік ел болудың жайын тереңінен саралап, тағы да бір ойластыруы дер едік.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы отар қазақ елін айдай әлемге танытуға ұмтылып, сол жолда ұта да білген және де әлемдік саясатқа олжа салған ұпайлы күні деп те білеміз.
Қазақстанның кешегі кеңестік жүйені былай қойып, тұтас түркі әлемінде тұңғыш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және де аузын айға білеген әлемнің не бір мемлекеттері он бір жыл бойы өткізе алмай келген, сөйтіп арқауы босай бастаған ЕҚЫҰ-ның жетінші Саммитін 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері қазақ елінің Астана қаласында өткізуі және де әлемдік маңызы бар бұл тарихи шараға қатысушылардың Астана Декларациясын бірауыздан қабылдауы қазақ елінің әлемдік көкжиектен жұлдызының жарқырай жанған сәті еді. «Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын кеңейттік. Біз алдымызға қойған барлық міндетті орындадық. Қазақстан Ұйымның жаңа ғасырда дамуына серпін бере алды. Бүкіл әлем Қазақстанға басқаша көзбен қарап, біздің халқымыздың барша құндылықтарын көрді. Саммитті өткізу бүкіл Қазақстан халқының салтанаты, оның бірлігінің, болашаққа ұмтылысының дәлелі болды», деп Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, бұл тарихи іс Қазақстанның Тұңғыш Президентінің өз елін дүние жұртына сөзсіз мойындата білген тарихи жеңісі болатын. Астана Саммитін өткізу арқылы қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өскен өркениетті мемлекеттерінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп те батыл айта аламыз. Біз сол биікке көтерілген елміз, бізді сол заңғар биікке алып шыққан да Елбасымыз, өзіміздің Тұңғыш Президентіміз!
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХІ ғасырда дүние тіршілігі үшін жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған қатерлі тұста түрлі діндердің ғасырлар бойғы ізгі де жасампаздық мол тәжірибесі мен Құдай сөзін Адамзаттың бітімгершілік пен келісімінің пәрменді құралы ретінде пайдалануды терең сезіне отырып, адам баласы жаратылып, олардың діндері қалыптаса бастаған кезеңдерден бермен қарай тұңғыш рет, өз ынтасымен және басшылығымен 2003, 2006 және 2009, 2012 жылдары қазақ жеріндегі Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кездесулерін тұрақты өткізіле бастаған және де Адамзаттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық диалог пен кеңесіп, кездесулер жүйесін құруға жол ашылған, өркениеттің қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуларының бастау алған күні деп те санаймыз.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты дүниенің қайта бір бөлісі үшін жаңа қақтығыстар ошағындағы саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап, оқ атылып, жарылыстар дүмпуі естіліп жатқандығына да қарамастан қазақ жеріндегі Семей атом сынақ полигонын өз Жарлығымен жауып, өз қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын бүгінгі Адамзат пен жалпы өркениетті ядросыз әлем құруға шақырған батыл да ізгі қадамының басталған күні деп санай отырып және де өз Елбасымызды ядросыз әлем құрудың бас архитекторы деп те әспеттейміз!
«Нью-Йорк Таймстың» электронды нұсқасында және «Егемен Қазақстан» газетінде (27 наурыз 2012 жыл) жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз ядролық болашаққа жол сала отырып» атты мақаласында: «Мен барлық елдерге төмендегіше үндеу тастағым келеді: Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, елдер ядролық қарудан бас тартса, үлкен пайдаға кенеледі. Осындай оң шешіміміздің арқасында біздің өсіп-өркендеген және тұрақты дамыған елге айналғанымызға, әлемде көптеген достар тапқанымызға, ықпалымыздың да арта түскеніне мен еш күмәндаймын. Бізге өзіміздің барлық ерік-жігерімізді пайдаланып, басқа проблемаларды шешуге және ядросыз елдерге өздерін қорғалып отырғандай сезінуге көмектесуіміз керек. Бұл ядролық қарудың таралуын болдырмаудың жалғыз жолы болса, ол өз кезегінде өлім себетін материалдың терроршылардың қолына түсу ықтималдылығын азайтады. Бұл – біз еш жол беруге болмайтын тәуекел. Біздер, қазақстандықтар, ядролық қару қатері аласталатын әлем құруға көмектесуге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіре аламын», – деп айтқандығы біздің «өз Елбасымызды ядролық әлем құрудың бас архитекторы» деген пікірімізді нықтай түскендегі бар.
Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХ ғасырдың соңғы он жылдығының дүниесi барынша өзгерiп, саяси жүйесi әлi де толық қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа Астанасын жаңа орынға көшiрiп алып келiп, Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бүгінгі айдынды да айбынды Ақордалы Астананы дүниеге әкелген, сөйтіп өз елі мен өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің белгісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына тұтас әлемді қондырып, орнықтыра білген, өз Астанасын өз қолымен салу арқылы біздің де мәңгілік ел бола алатындығымызға ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жеткізіп, иландыра білген бір ұлы күннің жасампаздығының салтанаты деп те танимыз! Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?!
Тұңғыш Президентіміздің Қазақстан тарихында тұңғыш рет ел шекарасын анықтап, оны заңдастыруы ежелгі қазақ елінің тағдырын анықтаған көрегендігі болса, Еуразия біртұтас кеңістігін қалыптастырудағы және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудағы бастамашылдығы жалпы әлем тыныштығын, адамзат бірлігін сақтап қалудағы дүниелік маңызы бар істері болатын. Сондай-ақ, Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуін де әлемнің қазақ еліне, оның лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алқаусыз берік сенімі деп қарағанымыз да абзал.
Біз өзіміздің Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі дағдарыстан толқып тұрған мынау дүние дариясындағы толқынды ағыстарының селі мен сеңінен, дауылы мен дауынан өзінің туған елі мен халқын аман алып өтудің бар амалын жасап та отырғандығын және де ол үшін қазір де болашақта да не істеп, не қою қажеттілігін де үзбей айтып келе жатқандығына да сүйсінуге тиістіміз. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақсатты сөзімен елді еңбек ете білуге үндеуі және де Назарбаев университетінде оқыған лекциясында да біздің ендігі тағдырымызды білімді ұрпақтың айқындайтындығын айта отырып, тағы да интеллектуалдық ұлт қалыптастырудың мақсатты мұратын алға тартты. Осы арада елдің жайын да, жағдайын да Елбасыдай ойлайық деген бір ауыз сөздің көкейге қонғаны болды. Тарпаң да талайлы тағдыры мен тамырлы тарихы біртұтас түркі әлемі Назарбаевты өз көшбасшымыз деп танып, құрмет тұтып, ардақтап отырған Елбасының жалпы адамзат өркениеті мен тіршілігін сақтап қалудағы қадамды да ақылды, парасатты да пайымды қазіргі істері бүгінгі күндеріміз аптығып, асыққан апталарға, ол қарайламай жылжи отырып, айлар мен жылдарға, ғұмырлы ғасырларға барып ұласқан сайын өзінің мәңгілік мүддесімен үн қатып отыратын болады.
Енді бүгіннен бастап бүгінгі ұрпақ та, дүниеге әлі де келер талай бір ұрпақтар да тарихи маңыздылығы жылдар көші ұзаған сайын терең айқындалып, анықтала түсер 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деп мәңгілік атап өтер де, бұл күнді ХХІ ғасырдың алып та көрнекті тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін мәңгілік ел болуға бастаған күні деп те әспеттей беретіндіктеріне де бек сенімдіміз.