ІЛИЯ ЖАҚАНОВ СЫР ӨҢІРІНЕ АРНАП ӘН ЖАЗДЫ

«Сырдария вальсі» әнінің тұсаукесері Ілия Жақановтың Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өткен шығармашылық кешінде өтті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев композиторды шығармашылық кешімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
"Ілия Жақанұлының 200-ге жуық әндерінің көпшілігі халық әуендеріне жақын ұлттық дәстүрде жазылғандықтан тыңдаушының жүрегіне бірден жетеді.
Әрине, композитордың шоқтығы биік әні – «Еділ мен Жайық» екені белгілі. Бұл ән туралы жерлесіміз, бұлбұл әнші Роза Бағланова «Еділ-Жайық – әннің төресі» десе, Шота Уәлиханов «Ілия Жақанов Еділ мен Жайықты қатар толқытып, қазақтың еңсесін көтерді» деді. Ал, «Толағай» әнін Елбасымыз сүйіп тыңдап қана қоймай, кездесу сәттерінде өзі де орындаған кездері бар", - деді облыс әкімі.
Концертте Ілия Жақановтың "Еділ мен Жайық", "Жайлаукөл кештері", "Әселім-әнім", "Толағай" және өзге де әндері шырқалды.
Сонымен қатар, аймақ басшысы кеше І.Жақановпен кездесу өткізіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

Ілия Жақанов - композитор, жазушы, публицист, этнограф, музыкатанушы, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1936 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.
І.Жақанов ҚазССР Министрлер Кеңесі Мемлекеттік комитетінде әдеби редактор, Қазақ радиосының музыкалық редакциясында бас редактор болып жұмыс істеген. 200 астам әннің авторы, ән және музыканттар жайлы жазылған "Екі жирен", "Бірінші концерт", "Аққулар қонған айдын көл" новеллар жинағы мен "Ықылас" романының авторы.
Шыңғыс Айтматовтың атақты «Жәмила» повесі, «Қош бол, Гүлсары!», «Шынарым менің, шырайлым менің» повестері бойынша жазылған Ілия Жақановтың әндері үшін (қырғыз циклы немесе Айтматов циклы деп аталып кеткен) 1999 жылы композиторға Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлық беріліп, Қырғызстан Республикасының «Дәнекер» орденімен марапатталған.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 қараша 2017 г. 579 0