МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ИГІЛІГІН КӨРУДЕ

Аймағымызда үкіметтік бағдарламалар арқылы нәтижелі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлігін кеңейтіп жатқандардың қарасы қалың. Оның ішінде өз күндерін өздері көруге дағдыландыратын «Өрлеу» жобасының игілігін көріп отырғандар да жетерлік. Осы бағдарламалардың тұрғындарға тиім­ді­лігін Шиелі ауданына жасаған сапарымызда көз жеткізіп қайттық. 

 «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасының» ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жобасы арқылы Өңірлік инвестициялық орталығының грантына ие болған Нұрдәулет Нұрмағанбетов мал шаруашылығымен айналысуды қолға алған.

«Егін ексең, басында бол, мал бақсаң, қасында бол» демекші, Телікөл ауылдық округінің тұрғыны Нұрдәулет ауылдан 20 шақырым жерден ферма ашып, отбасымен сиыр ұстап отыр. Орталықтан 10 млн теңге несие алған ол сол қаражатқа 58 бас сиыр, 4 бас асыл тұқымды қалмақ бұқасын алған.

– Биыл қыстық қора-жайымызды, баспанамызды салып, кіріп алдық. 50 гектар жері бар қыстауымыз, 200 гектар жаздық жайлау жеріміз бар. Несиені 5 жылға рәсімдеп, жеңілдікпен айына 40 мың теңгеден төлеп отырмын. Келер жылы ақпаннан бастап 150 мың теңгеден өтейтін боламын. Алғашқы субсидиямыздың 1250 мың теңгесін алып, қыстық жем-шөбімізді түсіріп, керек-жарағымызды алдық. Енді тек мал басын көбейтіп, алдағы уақытта бордақылау, ет-сүт өнімдерін игеру жоспарымызда бар, – дейді кәсіпкер.

Осындай жас кәсіпкердің бірі – Әзиз Әбек. Ол да «Өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 2 млн теңге қаржы алып, кәсібін дөңгелентіп отыр. Кент орталығында жалға алған цех арқылы темір-бетон өнімдерін шығарумен айналысады. Былтыр бастаған кәсібі биыл жандана түскен. Шағын цехтан шығатын төрт түрлі өнім аудан тұрғындары тарапынан сұранысқа ие.

– Шикізаттарымыз жергілікті. Қолжетімді бағада үй қасбеттері, еуродарбаза, шлакоблок, көшелерге төсейтін қырлы тастар шығарамыз. 3 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Болашақта өнімдерімізді облыс орталығына шығаруды көздеп отырмын, – деді «Әлібек» ЖК иесі Ә.Әбек.

«Өрлеу» шартты жобасы бойынша биыл Шиелі ауданында 99 отбасының 602 адамына шартты ақшалай көмек тағайындалған. Берілген қаржының жалпы көлемі 186 759 мың теңге. Бүгінде 2700-ге жуық отбасылы жандар «Өрлеу» жобасына қатысу үшін әңгімелесу үстінде.

Отбасы болып жұмыс істеу – жаңа жобаның басты мақсаты. Жоба аясында шаштараз ашқан Дана Абдрахманова жұбайы екеуі бірлесіп жұмыс бастапты. 295 мың қайтарымсыз қаржы алған Дана құрал-саймандарын алып, қасына құрбысын да жұмысқа алған.

Аталған орталықтан қайтарымсыз 300 мың теңге қаржы алған Еңбекші ауылының тұрғыны Ағайша Қосмамбетова тігіншілікпен айналысады.  «Өрлеу» жобасына да қатысып, 250 мың теңгеге қол жеткізген Ағайша кәсібін кеңейтіп, қасына қызы мен келінін жұмысқа алған. 4 тігін машинасын сатып алыпты. Ол жуырда мектеп оқушыларына форма тігуді бастады. Осылайша, қолөнердің басты бір саласы – тігіншілікті тұтынушының талғамына жəне заманға сай икемдеп, нарыққа ұсынып жүр.

– Бұл – жұмыссыздықты жоюда ерекше рөл атқаратын жақсы бағдарлама. Бағдарлама өз кәсібін бастаймын деген азаматтарға да септігін тигізіп жатыр. Мінекей, жеке кәсібімді ашып, өзіме де, қоғамға да пайдасын тигізіп отыр­мын, – дейді тігінші.

Бұған дейін елімізде жан басына шаққанда орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төленетін. Енді «Өрлеу» жобасы тұрмысы төмен отбасыларға кәсіп ашып, оның нәсібін көруге қарайласады. Мамандардың айтуынша, кедейлік деңгейін төмендетуге бағытталған жобаның баламасы жоқ көрінеді.

Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары «Бұл жобаның халыққа пайдасы мол. Әсіресе, халықтың тұрмыстық деңгейін жақсартуда мол септігін береді. Әрі бұл жоба алдағы уақытта тұрғындар игілігі үшін қызмет ете беретін болады», дейді.

Шиелі индустриалды аграрлық колледжі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дар­­лама­сының» І бағыты аясында қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына қатысушы азаматтарды оқытуда. Бүгінде үш кезең бойынша 300-ден астам тұрғын 2 айлық курсты бітірген. 10 мамандық бойынша 42 біліктілік алып шыққан олардың дені жұмысқа тұрып, кейбірі өз кәсібін ашып жеке қызметін бастап жатыр.

Иә, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына «Өрлеу» пилоттық жо­ба­­­сының тигізіп жатқан пайдасы мол. Үкімет ешкімді назардан тыс қалдырмай, осындай игілікті жұмыстарды атқарып жатқанына жұрт­шы­лық­тың алғыстан басқа айтары жоқ. Бұл Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру» атты 84-қадамын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан ауқымды істер болып табылады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2017 г. 634 0