Таң ауылында жаңа балабақша ашылды

Күзгі жиын-терімді сәтті аяқтаған Таң ауылының тұрғындары берекелі «Алтын күз» мерекесі аясында жаңа балабақшаның лентасын қиды. Сәулетті ғимараттың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысты.

Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлы «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, қамбаны қызылға толтырған озат күрішшілерге көлік кілтін тапсырды. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев, «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы, облыстық мәслихат депутады Имамзада Шағыртаев, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме, бөлім басшылары мен ардагерлер қатысты.
Айта кетейік, Таң ауылының дихандары 2017 жылғы егін орағын жақсы нәтижемен аяқтап, бүгін жыл науқаның қорытындылап отыр. Қамбаны қызылға толтырған еңбеккерлер зор қуанышқа кенелуде. Себебі, Сыр елінің ризығына айналған ақ күріштен тау тұрғызған серіктестік биыл 1163 гектар жерге сыр маржанын егіп, оның әр гектарынан 67 центнер астық жинады.
– Құрметті ауыл тұрғындары, баршаларыңызды табысты мерекелеріңізбен құттықтаймын! Биыл жиын-терім науқаныңда тарихта бұрын соңды болмаған 500 мың тонна сыр маржаның қамбаға құйдық. Соның ішінде, жалағаштық еңбеккерлердің үлесі зор. Жалпы, Жалағаш ауданы 129 мың, яғни астықтың 3-тен 1 бөлігін беріп отыр. «Таң ЛТД» ЖШС биыл 67 центнерден астық жиналып, егін науқаның зор табыспен аяқтады. Бұл серіктестік тек шаруашылықтың жұмысына ғана емес, ауылды дамытуға да атсалысып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов.
Салтанатты мереке соңында «Таң ЛТД» ЖШС-і төрағасы И.Шағыртаев ала жаздай тер төккен күрішшілерге темір тұлпар мінгізді. Марапат төрінен көрінген «Таң ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің аграномы Ербол Ақбергенов, күрішші, әр гектардан 80 центнер өнім алған Жұмажан Шондыбаев, Мырзабай ауылының тұрғыны, бригадир, өзіне берілген 500 гектар жердің әр гектарынан 70 центнер өнім алған Ерлан Базарбаев және үздік шаруашылық механизаторы Серік Құлахметовтің қуанышында шек жоқ. Себебі, олар «Еселі еңбектің ақталғаны осы», – деп марқаяды.
Мұнан соң, ауылға келген қадірлі меймандар «Таң бөбегі» балабақшасының ашылурәсіміне қатысты. Шара барысында сөз алған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев ауылдағы толымды тірліктерді айта келе, ауыл халқын ел игілігіне берілгелі тұрған жаңа нысанның ашылу салтанатымен құттықтады.
– Бала біздің болашағымыз және бар жақсылық балаларға арналады. Мемлекеттің бұл салаға жасап жатқан қамқорлығы орасан зор. Соның бірі 2013 жылы қабылданған «Балапан» бағдарламасы. Сол жылдан бері көптеген жерлерде балаларды балабақшамен қамту жайы 100 пайызға орындалып келеді. Жалағаш ауданында да3-6 жас аралығындағы балалардың барлығы балабақшамен толық қамтылды. Міне, қазір осындай игілікті істердің қуасы болып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей бұл ғимарат бұған дейін азып-тозып тұрған болатын. Мұны күрделі жөндеуден өткізген Имамзада Шағыртаев ауылдан жаңа балабақша ашуға қамқорлық танытты.
"Қадірлі ағайындар, бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын. Балабақшада білім алған бүлдіршіндер туған жерді, елді көркейтетін, халықтың қалаулы азаматтары болсын!" – деді аудан басшысы К.Сәрсенбаев.Айта кетейік, «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтерген 90 орындық бұл балабақша соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда қазір 22 қызметкер тұрақты жұмыспен қамтылған.
Ауыл тұрғындары бір ғана серіктестік бүтін бір ауылды гүлдендіріп отырғанына мақтанады. Жалпы, «Таң ЛТД» ЖШС-і шаруашылық ісін дөңгелетіп қана қоймай, туған жерді көркейтуге атсалысып келеді. Ауылды дамыту бағытында атқарып жатқан мұндай ауқымды жұмыстарға жұртшылық дән риза.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Жалағаш ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2017 г. 1 089 0