
Сейсенбі күні таңертеңгі сағат сегіз жарымда еліміздің өзге өңірлері сияқты облысымыздың мешіттерінде де Айт намазы оқылды.
Күллі мұсылман қауымының Ұлық мерекесі саналатын Құрбан айттың алғашқы күні, яғни 15 қазанда «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітіне келушілер өте көп болды. Қасиетті Құран-Кәрімде жыл мезгілінің ең қадірлі күні – Құрбан айттың алғашқы күні екені айтылған. Араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіретін осы күні исі мұсылман өзі жасаған сауапты істері арқылы жүрегін тазартып, Аллаһқа бір табан жақындай түсетіні хақ.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкіл имамы, орталық мешіттің бас имамы Талғат Омаров бастаған дін өкілдері жиналған жамағатқа уағыз айтып, құлшылық жасаудың түпкі мәні – Жаратушы иенің жарлығына бағынып, оның разылығына ұмтылу және сауап жинау екендігін жеткізді.
Облыстың бас имамы Талғат Сейіткәрімұлы Айт намазын оқып, жиналған жамағаттың Ұлық мерекеде ниеттерінің қабыл болуын тіледі.

Қадірлі мерекеге арнайы келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күллі жамағатты Құрбан айт мейрамымен құттықтады.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері халқымыздың дінге деген бетбұрысы көңіл қуантады, – деді Қырымбек Елеуұлы. – Бұл бағыттағы сауапты істерге әрқашан қамқорлық жасала беретіндігін жеткізген аймақ басшысы осынау имандылық шарасына келіп отырған ардақты ағаларға, ақ жаулықты аналарға, сондай-ақ жастарға отбастарында береке-бірлік орнауын, Ұлық мерекеде ниеттерінің қабыл болуын білдірді.
Бұл күні айт мерекесіне орай мешітте тұрмысы төмен отбасылар мен мүгедектерге қайырымдылық шаралары көрсетілді. Сондай-ақ спорттың арқан тарту, гір көтеру, қол күресі түрлерінен сайыстар өткізілді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.