КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ – КӨП МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІ

Сейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Сырдария ауданында болып, бірқатар кәсіпкерлік және мәдениет нысанын пайдалануға беру шарасына қатысты. Сондай-ақ, аудан активімен кездесіп, елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған көшпелі мәжіліс өткізді.

Аймақ басшысы алдымен Ақжарма ауылында ашылған «Толғанай» кешенінде болды. Жеке кәсіпкер Нұрсұлу Дүйсенова біраз жылдан бері бос тұрған ғимараттың бір жағын дүкенге, бір жағын дәмханаға айналдыруды дұрыс көріпті.

– Сауда саласындағы тәжірибемді пайдаланып екі жыл бұрын кәсіпкерлікке бет бұрдым. Кешен құрылысын биыл шілде айында бастаған едік. Енді, міне, халыққа қызмет көрсетуге кірісіп кеттік. Кешен 80 адамға лайықталған, 10 адамға жұмыс тауып бердік, – дейді Н.Дүйсенова.

Облыс әкімі, сондай-ақ, Жетікөл, Айдарлы, Амангелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдық округтері мен Ақжарма ауылындағы «Ақжарма инвест», «Ақжарма Ынтымақ» өндірістік кооперативтерінің жұмысымен танысты. Жетікөл елді мекеніндегі «Жыңғылдыкөл» кооперативі «Мүйізді ірі қара малын өсіру, ет өңдеу» жобасы аясында 20 млн теңгеге ірі қара сатып алды. Ақжармадағы қос кооператив «50 ауыл» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалынан 126,8 млн теңге несие алып, 852 сиыр сатып алды. «Ақжарма инвест» АӨК қор несиесі есебінен мал сою пунктіне қажетті құрылғылар мен сүт өндіретін шағын зауыт орнатты.

Сырдариялықтар осы күні еңбек адамдарына құрметтің ерекше үлгісін көрсетті. Тереңөзек кентінің орталық саябағындағы «Құрметті азаматтар» аллеясында ауданның дамуына елеулі үлес қосқан 99 азаматқа арнап арнайы тақтайшалар орнатыпты. Саябақты абаттандырып, көз тартарлық аллеяны жасап шыққан – «Бек Арыс және К» ЖШС. Осындағы ескі мешіттің орнынан ашылған «Еңбек даңқы» музейінде тарихтың ізі сайрап жатыр. Тәуелсіздік жылдарындағы аудан жетістіктері, Сырдариядан шыққан қоғам қайраткерлері, туған жерін түлеткен, қазіргі уақытта ел игілігіне қызмет етіп жүрген азаматтар жайындағы мәлімет жинақталған. Музейдің реэкспозиция жұмысына «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бірқатар жергілікті шаруа қожалығының төрағалары мен жеке кәсіпкерлер қаржы бөліп, жұмыла жүк көтерген.

– Сыр елі – ел азаматтарын бір кісідей еңбекке жұмылдыра білген 102 Социалистік Еңбек Ері шыққан қасиетті өлке. Олардың есімдері облыс тарихында алтын әріптермен мәңгілікке жазылады. Атақты күрішші Ыбырай Жақаевпен иық тірестіре еңбек етіп, мемлекет байлығын еселеп өсірген Еңбек Ерлері Күләнда Әбдіраманова, Қасым Бөдеев, Ибадулла Ақниязов, шіркейлілік Балдырған Мұстапаева және басқа да аға-апаларымыз – ел мақтанышы. Дала төсін дүбірлеткен еңбеккерлердің ізін жалғап, адал еңбегінің нәтижесінде ел экономикасын нығайтқан жандардың барлығы жас буын үшін үлгі-өнеге. Сыр өңірін дамытуға айтулы үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсету – біздің азаматтық парызымыз, – деді облыс әкімі.

Салтанатты шарадан соң аймақ басшысы аудан әкімдігінде елді мекендерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған көшпелі мәжіліс өткізді. Онда бұған дейінгі жиындарда жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде сөз болды. Аудан әкімі Ғанибек Қазантаев қарашаға дейінгі статистиканы қамтып баяндама жасады.

Қазір ауданда 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. Оларда 5,5 мыңдай адам еңбек етеді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының І бағытына сәйкес 200-дей адамды техникалық-кәсіптік, қысқа мерзімді кәсіптік курстарда оқыту жоспарланса, соның 80-і оқуды аяқтады. 125-і қосымша қайта даярлау курстарында оқып жатыр. Бағдарламаның басқа бағыттары бойынша да шаралар атқарылған.

– «Ауыл шаруашылығы қолдау қоры» АҚ-дан – 51, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан – 11 тұлға, өңірлік инвестиция орталығынан 5 АӨК несие алып, жұмыс бастады. Барлығы 67 жобаны қаржыландырып, 169 жаңа жұмыс орнын ашты, – деді Ғ.Қазантаев.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша 3 жоба қаржыландырылды. Ал грант тетігі бойынша облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы ұйымдастырған конкурсқа 39 жоба ұсынылып, оның 19-ы мақұлданды. Сонымен бірге 230-дай адам «Бизнес-кеңесші» тетігі бойынша өңірлік кәсіпкерлер палатасының филиалында кәсіппен айналысу негіздерін үйренді. Бүгінге дейін 39 АӨК құрылды. Жалпы, биыл кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған үкіметтік және өңірлік бағдарламалар арқылы 65 жоба іске қосылып, 290 жұмыс орны ашылды.

Статистика бойынша аудандағы жұмыссыздар саны – 300-дің үстінде, ал 250-дей адам  өзін-өзі еңбекпен қамтығандар қатарында. Осы орайда барлық ауыл әкімдерінің алдында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту міндеті тұр. Сол арқылы жұмыссыздықты азайтып, бюджетті молайтып, елдің тұрақтылығын сақтауға болады. Сырдария ауданы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандарының саны жөнінен алда болғанымен, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу қарқыны өте баяу.

– Бағдарлама аясында әр аудан кемі 10 жобаны атқаруы тиіс. Бірақ Сырдария ауданында әзірге небәрі 3 жоба орындалды, – деді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.

Бизнеспен айналысудың тиімділігін халыққа насихаттаудың уақыты бітті. Енді тек іске кірісу керек. Аймақ басшысы ендігі жерде әкімдерден, ең алдымен, осы мәселе сұралатынын жеткізді.

– Біздің тарапымыздан бағдарлама әзірленді, жұмыс тетіктері жүйеленді, қаражат қаралды. Бірақ осының бәрін орнымен пайдалана алмай келеміз. Бір сөзбен айтқанда, қаржы бар, жоба жоқ. Кәсіпкерлер палатасы мен аудан әкімдіктері бірлескен жұмысты жандандыруы тиіс, – деді облыс басшысы.

Ал сенім үдесінен, талап биігінен көріне алмаған әкімдер мен басқа да лауазым иелері қызметімен қоштасады.

Назерке САНИЯЗОВА.

Сырдария ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2017 г. 590 0