Асқақ ақынның айшығы

Қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілі, арқалы ақын, дарынды драматург, Мемлекеттік және халықаралық «Алаш», тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, Сырдың саңлақ перзенті, әдебиет әлемінде Иран-Ғайып есімін иеленген Иранбек Оразбаевтың 70 жасқа толған мерейтойы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Бұ дүние ғайыбы» деп аталған шығармашылық кешімен қорытындыланды.

Өнер тойының салтанатты шарасына облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысып, ақынды мерейлі мерекесімен құттықтап, дәстүрімізге сай ат мінгізіп, шапан жапты.

Ақынның рухани өміріміздегі өзгеше келбетін, поэзияға, драматургияға қосқан дара үлесін сөз еткен аймақ басшысы дарабоз талантқа Сыр халқының ыстық ықыласы мен құрметін сыйдырған ақ тілегін арнады.

Қашанда өнер өкілдеріне іш тартып, қамқор болып жүретін Қырымбек Елеуұлы Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрған кезеңінде Орал қаласында қазақ драма театрын салдырып, Иран-Ғайып шығармаларының сахналануына тікелей атсалысқан болатын. Сонымен бірге облыс басшысының «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында ақынның мерейтойын атап өтіп, астаналықтарға «Қорқыт» спектаклін  тамашалауға мүмкіндік туды­рып, Қызылорда облысының Құрмет гра­мотасымен марапаттауы – Иран-Ғайып шығармашылығының ерекше баға­лануының бір көрінісі.

Өлеңдері қазақ әдебиетінің алтын қорына енген Иран-Ғайыптың «Дүниежарық», «Сұлулық сарасы», «Сөз патшалығы», «Иран бағы» аталатын кітаптары әрбір өлеңсүйер оқырманының қолдан қолға өткізген дүниелері. Ал, оның «Қорқыттың көрі», «Мен ішпеген у бар ма?», «Күшігінен таланған» деп аталатын өлеңмен жазылған тарихи драмалары бірнеше шет тіліне аударылған айтулы туындылар.

Театрдағы мерейтой кешін жүргізген оралдық театр актері Ербол Есендосов ақынның белгілі шығармаларынан үзінділер оқып,  жергілікті композитор Алтын Бекенованың Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған «Мәңгі жұмбақ», «Көзімді ашқаным» деп аталатын жаңа әндерінің тұсауы кесілді. Сонымен бірге Ә.Қуаңбаев, Н.Нұрадинова, Ғ.Баймырзаев, М.Мақұлбеков, С.Тасбергенова секілді әнші-термешілер сахнаға сән үстеді.

Ақын өз мерейтойында арқырап өлең оқыды. Адамның жасы ұлғайғанымен, ақынның шабыты шаутартпайтынын көрсетті. Көрерменнің көңіл түкпіріне өлең сәулесін түсіріп, бұл дүниенің байламы екі дүние егесі ұлы Жаратушының құзырында екенін сөз құдіретімен паш етті. Алтын тәж кисең де, адамилықтың алдында кішік бол, жарыңды сүй, халқыңды қадірле, бәріміз де бұл дүниенің ғайыбымыз деген парасатты ойға шомдырып, қалың жұрттың рухын түлетті.

Поэзия кешінің сценарийін  жасаған режиссер Оңталап Нұрмаханов сахналық шешімдер арқылы арқалы ақынның образын көрерменге дөп таныта біліпті.

Осындай ойлы кештің көркем көрінісіне барша жұрт куә болып, әдемі әсерге бөленді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2017 г. 608 0