ҚАЙЫРЛЫ ІСІ КӨПКЕ ҮЛГІ

Кез келген адам тек еселі еңбегі арқылы ел сүйіспеншілігі мен көптің ілтипатына бөленері сөзсіз. Сондай құрметке лайық жандардың бірі – Темір Бисембаев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында кісілік келбетін жоғалтпаған осындай кейіпкерлерді кеңінен насихаттау көрсетілген. Үшінші онжылдықты бетке алған мемлекет үшін сенім жүгін арқалаған саңлақтардың қоғамға қосқан үлесі зор.

Сенім жүгі – ауыр жүк. Бұл – дәлелдеуді қажет ет­пейтін ақиқат. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Темір Бисембаев та тәуелсіз Қазақстанның жарқын бола­ша­ғын қалыптастыруда өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді.

Аудандық мәслихаттың депутаты Темір Алда­жұ­маұлын жұртшылық жақсы біледі. Ол Отан ал­дындағы борышын өтеген соң, арман желкенін мың жылдықтардан сыр шертетін Таразға бұрып, 1982 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс инсти­тутына оқуға түсті. Оны 1987 жылы тәмамдап, арнайы дипломмен қоғам жұмысына белсене араласты. Білікті маманға қай уақытта да сұраныс бар. Жас кадр Қызылорда мелиорация, «Арна» акционерлік қоғамына қарасты №13 ЖМК филиалының бас инженері қызметін атқарды. Міне, содан бергі жылдар жемісті өріліп, парасат-пайымы мен мәрттігі абырой биігіне көтерді.  

Кешегі тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кезеңде Темір Бисембаев жеке кәсібін ашты. Кезең-кезеңімен жүзеге асқан маңызды шаруалардың басы-қасында жүріп, ауданның дамуына қомақты үлесін қосты.

Кәсіп – өркениет дамуының негізгі қозғаушы күші екенін ұғынған азамат қай кезде де бағытынан жаңылған жоқ. Үнемі ізденісте жүріп, аудандағы санаулы меценаттардың қатарынан табылды. Оның елге еткен еңбегін, жасаған игі әрекеттерін көпшілік оң бағалады. Мұқтаждарға көмек қолын созуды, тұрмысы төмен отбасыларды газ жүйесіне қосуды, аз қамтылған үйлердің балаларына қамқорлық танытуды ұдайы жүзеге асырған жомарт жүрек иесі үнемі Аралдағы серпінді бастамалардың төңірегінен көрінді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының ғимаратын салып, аудан әкімінің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылған пәндік олимпиадаларға демеушілік жасады. Жастардың қолдаушысы атанып, республикаға танымал «Арал-Ас» көңілді тапқырлар клубының және де басқа өнерлі өрендердің қамқоршысы болды. 

Қайбір жылдары Кеңес дәуірінде тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлердің бірнешеуін уақыт талабымен үндесе жаңалаған Темір әлеуметтік нысандардың жөндеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Қаланың көркеюіне ден қойып, қала ішіндегі Бақтыбай батыр көшесін кеңейтіп, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге атсалысқанын атап өткеніміз жөн.

Еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Кәсіпкерліктің бүге-шігесіне дейін жетік меңгерген «Т-Т Құрылыс сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Темір Бисембаев марапаттардан кенде емес. Нақтырақ тоқталсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің, облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарын әр жылдарда еншілеп, Астана қаласының 10 жылдық мерекесіне орай «Ұлт Даңқы» төсбелгісін, Тәуелсіздіктің 25 жылдық медалін  кеудесіне тақты.

Өнегелі отбасының иесі бүгінде жұбайы Әмилямен бірге төрт перзент тәрбиелеуде. Балалары да «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ата-аналарының тәлім-тәрбиесімен кемел келешекке сеніммен көз тігіп келеді. Келін түсіріп, қыз ұзатқан шаңырақтың қос шынары немерелерінің ортасында шадыман шаттыққа кенеліп отыр. 

Абай ЖАЙШЫЛЫҚҰЛЫ.

Арал ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қараша 2017 г. 796 0