Еліміздің халықаралық ауқымдағы бастамалары мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке қатер төндірген түрлі кикілжіңдерді реттеудегі қызметі адамзаттың көз алдында. Олардың барлығы Қазақстанның сыртқы саясаттағы жемісті қадамдарын айқын сипаттайды. Сондай-ақ, бұл бағыттағы табыстарымыз еліміздің өркениет төріндегі орнын белгілеп, аса беделді халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысуға жол ашты. Әсіресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі атануы тарихи оқиға ретінде бағалануда.
Бұл беделді ұйымға мүше болу мәртебесі Қазақстанға жайдан-жай келген жоқ. Бұл арада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік бастамалары, жаһандық қауіпсіздік саласына қатысты ұстанымдары, еліміздің іргелі халықаралық құрылымдарға төрағалық ету тәжірибесі барынша ескерілгені сөзсіз. Осы орайда, еліміздің жалпы саясаты Президент тарапынан айқындалатынын ескеретін болсақ, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дәрежедегі саясаткерлігі айқын көрінеді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметін бастағанына бір жылға жуықтады. Осы аралықта атқарылған нәтижелі жұмыстар аз емес. Олардың барлығы Н.Назарбаевтың еліміздің 2017-2018 жылдар кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттігінің басталуына орай жариялаған Қазақстанның қауіпсіз, əділ жəне өркендеген əлем құру үшін жаһандық əріптестікті нығайту жөніндегі тұжырымдамалық көзқарасында, яғни Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси Үндеуінде атап көрсетілген жеті басымдық аясында жүзеге асырылуда.
Естеріңізде болар, 2016 жылғы 28 маусымда, Нью-Йорк қаласында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде беделді делегациялардың қатысуымен болған 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерін сайлау шарасында еліміздің бәсі жоғары болып, аталған кеңеске мүшелікке енген болатын. Бұл сайлау бәсекелес әрбір мемлекет үшін халықаралық үлкен жауапкершілік жүктейтіні айтпаса да түсінікті. Сол жолы Азия-Тынық мұхиты аймағынан сайлауға түскен екі үміткер – Қазақстан мен Таиландтың жеңіске жету мүмкіндігі бірдей еді. Алайда еліміздің айы оңынан туып, көзделген мақсатқа қол жеткізілді. Бұл арада Қазақстанның БҰҰ-дағы «дипломатиялық десанттары» да әбжілдік танытып, сайлау шарасының қарбаласты сәтінде сауатты іс-қимыл жасай білгенін айтуымыз керек...
Қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігі Елбасының БҰҰ-ға мүше елдерге арнаған саяси Үндеуінде көрсетілген басымдықтарды басшылыққа ала отырып, аталған Кеңестегі жұмысын белсенді жүргізуде. Мемлекет басшысы ұсынған басымдықтар қатарында жаһандық соғыс қатерінің жолын кесу, ядролық қарусыз әлем құру, Ауғанстанда тыныштық орнатуға ықпал ету, Орталық Азиядағы бейбітшілікті нығайту, БҰҰ қамқорлығымен жаһандық лаңкестікке қарсы күш біріктіру, Африканың бейбіт дамуына көмектесу, БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты ілгерілету, БҰҰ-ны ХХІ ғасыр талаптарына бейімдеу және жаһандық проблемаларды шешу үшін ұжымдық саяси ерікті нығайту мақсатында мемлекеттер мен үкіметтер басшылары деңгейінде Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің тұрақты кездесулер тетігін жасауға келісу сияқты мәселелер бар.
Бүгінге дейін қазақстандық дипломаттар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің көптеген ресми отырыстарына, бейресми жиналыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар Қазақстанның қатысуымен Қауіпсіздік Кеңесінің Е-10 атты тұрақты емес мүшелер кіретін топтың маңызды басқосулары өтті. Бұдан бөлек, біздің дипломаттар Кеңес мүшелерінің бірқатар ресми сапарына қатысты. Сондай-ақ еліміздің араласуымен Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар маңызды қарарлары, ҚК төрағасының мәлімдемелері, Кеңестің көптеген ресми релиздері қабылданды. Қазақстан тарапының қатысуымен ұйымдастырылған шаралардың басым бөлігі Таяу Шығыс, Сирия және Йемендегі жағдайларға, Африкадағы кикілжіңдерге, ядролық қаруды таратпау ісіне, Солтүстік Кореяның жөн-жосықсыз әрекеттеріне, халықаралық терроризм мен діни экстремизмге байланысты тақырыптарға арналды.
Негізінен Қазақстан өзі төрағалық ететін комитеттердің жұмысын жоғары дәрежеде ұйымдастыруда. Мәселен, «Ислам мемлекетіне» (Қазақстанда тыйым салынған) қарсы күрес, Ауғанстанды қалпына келтіру және Сомали/Эритреядағы жағдай жөніндегі комитеттерге қатысты жұмыс аясында Кеңестің бірқатар маңызды қарары әзірленіп, қабылданды. Олардың арасында экстремистердің мәдени мұра нысандарын күйретуіне қарсы күрес, ҚК-нің Ауғанстандағы жағдайдың Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздігіне әсері, лаңкестердің үгіт-насихат әрекеттеріне қарсы халықаралық ынтымақтастық және Сомалидегі жағдайды қалпына келтіру туралы аса маңызды қарарлар бар.
Түсіне білгенге комитеттерге төрағалық жасау үлкен жауапкершілікті және дипломатиялық тұрғыдағы жоғары деңгейлі біліктілікті талап етеді. Бүгінде қазақстандық дипломаттардың қызметі сұранысқа ие. Бұған дәлел ретінде айтарымыз, біздің дипломаттарымызды Қауіпсіздік Кеңесіндегі әріптестері Солтүстік Корея мен Иранның ядролық бағдарламаларына қатысты арнайы комитеттердің отырыстарына жиі шақыратын болған. Бұл жерде Қазақстанның ядролық қауіпсіздік саласындағы мол тәжірибесінің де ескерілетіні белгілі.
Жалпы, біздің еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып сайланғаны белгілі. Бұл өз кезегінде Қазақстанды Орталық Азияның БҰҰ ҚК-дегі өкілі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Осы орайда біздің дипломаттарымыз Орталық Азия мемлекеттерінің өкілдерімен мейілінше жиі араласып, түрлі деңгейдегі басқосуларды тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Негізінен бұл үрдіс аймақ елдерінің сыртқы саясатқа бағытталған күш-жігерін бір арнаға тоғыстырып, ортақ мүдде орайындағы мәселелерді бірлесе шешуге оң ықпалын тигізуде.
Осы арада ерекше тоқтала кетер жайт, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болуы Еуразия кеңістігі үшін, Орталық Азия үшін тиімділігін көрсетуде. Аталған аймақтардағы өзекті мәселелер бұрын әлемдік қоғамдастықтың назарынан сырт қалып жататын, ал қазір бұл үрдіске тоқтам салынған. Өйткені Қазақстан БҰҰ ҚК-нің тұрақты емес мүшесі ретінде осы өңірлердегі өткір мәселелерді күн тәртібінде шығара алады. Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне 2018 жылғы қаңтар айында төрағалық ететін болады. Осы төрағалық кезінде Орталық Азияға қатысты ҚК-нің арнайы қарары қабылданбақ. Бұл Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі, дәлірегі, қарары халықаралық қоғамдастықтың назарын Орталық Азияға аударып, өңірдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына, орнықты дамуына оң ықпалын тигізеді деп күтілуде.
Елбасының жоғарыда аталып өткен Үндеуінде айтылғандай, «Қазақстан Кеңесте барлық мүше елдермен аталған басым бағыттар бойынша ашық, әділ және саяси жағдаятсыз, жауапты, салмақты және сындарлы түрде жұмыс істеуге ниетті». Қорыта айтқанда, БҰҰ Жарғысының 24-бабына сәйкес, халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау басты міндеті саналатын Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның жұмысы жоғары деңгейде. Бұл еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы биік беделін көрсетеді.