Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрында ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және "Парасат" орденінің иегері, "Платиналы Тарлан" тәуелсіз сыйлығының лауреаты Иран Ғайыптың 70 жас мерейтойына орай "Бұ дүние ғайыбы" атты шығармашылық кеші өтті.
Иранбек Әбітайұлының шығармашылығы қазақ поэзиясының алтын қорына енген. Ол 30-ға жуық драмалық поэманың авторы. Оның көбі Қазақстан ғана емес шет елдерге де танымал. Мәселен, "Шыңғысхан", "Абылай хан", "Қорқыттың көрі" т.б. туындылары бірнеше шет тілдеріне аударылған.
«Қорқыттың көрі" өлеңдер жинағы үшін Иранбек Әбітайұлы 2002 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстан туралы жазба мүшәйрасында гран-при жүлдесіне ие болды. «ЭКСПО-2017" көрмесі аясында Астанада өткен Қызылорда облысының мәдениеті күндері шеңберінде Иран Ғайыптың мерейтойы аталып өтілді. Астаналықтарға "Қорқыт" спектаклін қойдық және Қызылорда облысының құрмет грамотасын тапсырдық», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Кеш барысында ақынның оқырмандары, достары мен туғандары мерейтой иесін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Анықтама үшін: Оразбаев Иранбек Әбітайұлы (шығармашылық псевдонимі – Иран Ғайып) Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ политехникалық институтының тау-кен факультетін аяқтап, 1980 жылы М.Горький атындағы Мәдениет институтының жоғары курсын бітірді. «Жүрек жырлайды» (1974 ж.), «Жеті қазына» (1977 ж.), «Түннің көзі» (1979 ж.), «Сұлулықпен сырласу» (1980 ж.), «Өмір-Өлең» (1982 ж.), «Сұлулық сарасы» (1985 ж.), «Дүниежарық» (1987 ж.), «Батқан Кеменің Бейбақтары» (1990 ж.), «Мұнар, Мұнар, Мұнарым...» (1992 ж.), «Иран бағы» (1995 ж.), «Сөз патшалығы» (1996 ж.), «Жыр әлемі» (1996 ж.), «Қорқыттың көрі» (2001 ж.). кітаптарының авторы.