Қалай десек те соңғы жылдары медиа-нарықта үлкен өзгерістер жүріп жатқанын мойындауға тиістіміз. БАҚ-тың парқы да, нарқы да өзгерді. Әлмисақтан журналистика міндеті саналған ақпарат тарату қызметінің шаужайына блогерлер жармасты.
Мультимедиалық технологиялар телевизия көрермендерінің толайым бір буынын өзіне қаратып отыр. Жарнама берушілер дәстүрлі БАҚ-тан гөрі сайттарға, әлеуметтік желілерге бет бұра бастады. Медиа-нарықтағы бұл жағдай қанша уақытқа дейін жалғаспақ? Оқырман мен көрермен кәсіпқой журналистиканың сөзіне сенетін кезеңдер енді орала ма?
Отандық БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған X Mедиа-құрылтайда бұл сауалдардың бәрі қамтылды. Ақпарат айдынын алаңдатқан ахуалдар осымен оныншы рет оның өзгермейтін ұйымдастырушысы – Қазақстан Баспасөз клубы өткізген құрылтайда бүкпесіз талқыланды. Биылғы басты тақырып «Медиа-нарық: жүйелі өзгерістер мен жаңа көзқарастар белесі» болды. Бірден айта кету керек, мерейтойлық Медиа-құрылтайға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, журналистердің көкейіндегі ең күрделі сауалдарға жауап берді. Әріптестеріміз министрмен барлық сұрақтарды өткір де ашық талқылады. Ал жоспар бойынша құрылтайға жиналғандар министрмен тікелей желіде тілдесуі керек еді.
Д.Абаевқа әріптестер тарапынан журналистік сауалдарға мәлімет ұсынудағы мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен бұл іске жүрдім-бардым қарауына қатысты сұрақтар көп қойылды. Министр тиісті мекемелер ақпарат пен түсініктемелер кезінде ұсынбаған жағдайда бұл жауапкершілік сұрау келіп түскен мемлекеттік органның мойнында болады деді. Егер жауап белгіленген мерзім ішінде берілмесе, сотқа жүгінгені жөн. Сондай-ақ министр ақпаратты ұсыну мерзімі қысқарып келе жатқанын және кейде жауап ұсыну барысындағы кідіріс нақты себептерге байланысты туындауы мүмкін екенін жеткізді.
Д.Абаев, Медиа-құрылтай сынды іс-шаралардың арқасында еліміздің медиа саласында нақты өзгерістер орын алып жатқанын атап өтті. «Өткен жылы маған мемлекеттік телеарналардағы жарнамаға қатысты көптеген сауалдар жолданған болатын. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Хабар» телеарнасы жарнамадан толығымен бас тартайын деп отырғанын қуанышпен хабарлаймын. Бұл өзінше бір сынақ болады. Жыл бойы не болатынын көрейік. Нәтижесіне қарап, келесі жылдың соңында осы бастаманы басқа да мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына ендіру мәселесі шешіледі», деді министр.
Алғашқы панельдік отырыс медиа-нарықтағы жүйелі өзгерістердің елдің жалпы экономикалық және саяси жүйесіне ықпалына арналды. «Қазақстан сөз бостандығы және интернет бостандығы рейтингі бойынша төменгі орында тұр. Егер Польша мен қазақстандық БАҚ-тың сипатын салыстырсақ, отандық басылымдарда польшалық БАҚ-қа қарағанда сын көбірек. Сондықтан көптеген халықаралық рейтингті қайта қарастыру керек болуы мүмкін», дейді «Нархоз» университетінің ректоры Кшиштоф Рыбиньски.
Спикерлердің көбі Қазақстандағы медиа өз жұмысын лайықты деңгейде атқармай отыр, елдегі саяси және қаржылық жағдайға тәуелділігі жоғары десе, Арманжан Байтасовтың пікірінше, мемлекеттік тапсырыс, жемқорлық, сот жүйесіндегі әділеттің жоқтығы секілді үш фактор БАҚ-тың өсуі мен оның ықпалын тежеп отыр. «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев бұған қарсы ойды ортаға салды. Оның айтуынша, медиа нарығы қарқынды өсіп келеді және бұл салада талантты әрі белсенді қатысушылар көп.
«Цифрландыруға көшу және ашықтық қазақстандық медиа үшін оңай шешіле салатын мәселе емес. Мемлекеттік тапсырыс та қазір интернетке бет бұрып отыр, нәтижесінде біздің БАҚ жалқауланып, бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде, оңай басқарылатын құралға айналып келеді. Сыни тұрғыдан ойлауды дамыту тек қазақстандық журналистер үшін ғана емес, сонымен бірге бүкіл қоғам үшін үлкен маңызға ие», дейді Құқықтық медиа орталығының директоры Диана Окремова.
Медиа стандарттар институтының өкілі Кәмила Жүсіпова «Болашақ – жаңа медианың еншісінде. 2020 жылға қарай әлеуметтік желілердегі бейнетрансляция бүкіл контенттің 90 пайызын құрайтын болады», деді.
Құрылтайдың бір сессиясы Медиа индустрияның білім беру элементтері мен журналист кадрларды дайындау мәселесіне арналды. Мәселен, Ratel.kz редакторы Марат Әсіпов «Соңғы жылдарда журналист боламын деп келген кадрдан арнайы диплом сұрамаппын. Бізге тәжірибе жүзіндегі журналистер қажет. Маған жаза алатын қаржылық, инженерлік білімі бар мамандар ұнайды. Ең бастысы олар ақпарат, қозғай алатын мәселе тапса болды. Қазір кез келген редакцияға салықтық заңнамаларды білетін, экономиканың ұңғыл-шұңғылын түсінетін адам керек» десе, оған қарсы пікір айтқан әріптесі де табылды.
«Forbes Kazakhstan» бас редакторы Асқар Әукенов керісінше, редакция табалдырығын аттаған жас тілші, кәнігі журналиспен жетектесіп жүріп, алған сұхбаттарын «расшифровка» жасауға болысып, сұрақтар қатары қалай қойылатынын үйреніп, қосымша материалдар табуға көмектесе жүріп, журналистикаға машықтануы тиіс деп ойлайды. Ал сонау АҚШ-тан келген NBS National News, CBS National News репортері Барбара Рейтлцтің шеберлік сабағында жаңалықтарды қалай табысты ету, кіріс түсіретін жаңалық контентін құру мен БАҚ-тың жаңалық шығару, тарату стратегиялары сөз болды. Сол сияқты Солфорд университетінің (Ұлыбритания) профессоры Марек Бекерманның шеберлік сабағында деректердің рас-өтірігін тексеру, жаңа мультимедиалық технологиялар заманында жалған жаңалықтардың қайта жандану себептері мен редакторлық бақылауды күшейту нақты материалдармен талқыланды.
Құрылтайды қорытындылаған Қазақстан Баспасөз клубы президенті Әсел Қарауылова «10 жыл уақыт ішінде Медиа құрылтай отандық БАҚ нарығын дамытумен байланысты жүйелі мәселелерді талқылауға арналған тұрақты алаң ретінде Қазақстан медиа нарығындағы айтулы оқиғаға айналды. Біз жыл сайын көкейкесті әрі сапалы контентті, жергілікті және халықаралық сарапшылардың сараптамасын, өзекті шеберлік сабақтарын ұсынып, мамандарға өзара байланыс орнатуға мүмкіндік жасаймыз», деді.