ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ӨРНЕГІ

Облыс орталығындағы №235 орта мектепке көр­некті қоғам қайраткері, соғыс ардагері Көмекбай Қара­көзовтің есімі беріліп, ескерткіш бюсті ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтана­тына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен қайраткердің туған-туыстары, әріптестері қатысты.
Аймақ басшысы ұлықтауға арналған шарада құттықтау сөз сөйлеп, қабырғалы қайраткердің өскелең ұрпаққа өнеге болуы керек екендігін, атақты жерлесіміздің есімін абыроймен алып жүруге тілектес екенін жеткізді.
– Бар өмірін Сыр бойының өр­кендеуіне арнап, адалдық пен қажырлықты ғұмырының туы ет­кен үлкен өнеге иесі Көмекбай Қаракөзов – қабырғалы қайраткер. Бес жасында әке-шешеден бір­дей айырылып, жетім қалған бала тағдырдың тауқыметін бір адамдай-ақ тартса да, ертеңге үмітпен қарап, тез жетілді. Азамат болып, ат арқасына ерте мінді. Ауылшаруашылық саласында басшылық қызмет атқарып жүріп, ел басына күн туған алмағайып сәтте Отан қорғауға аттанды. Әр жылдары облыстың Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын басқарған ол елдің өркендеуіне елеулі үлес қосты. Шиелі ауданын басқарған жылдары ауданда 30-дан астам диқан Социалистік Еңбек Ері атанса, 130 еңбеккер түрлі орден, медальдармен марапатталды. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты даңғайыр диқан Ыбырай Жақаев «Дала академигі» атанды.
Сыр топырағынан шыққан жарық жұлдыздарымызды ұлықтап, оларға лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік парызымыз. Бұл ескерткіш Қызылорданың көркіне көрік қосып, жастарымыздың бойына патриоттық сезім беретін рухани орынға айналатынына сенеміз, – деді облыс әкімі.
Шарада қайраткермен қызметтес болған әріптестері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов және еңбек ардагері Сәмит Далдабаев белгілі азаматтың өнегелі өмірі, жарқын істері, өшпес іздері туралы естеліктер айтып берді.
Көмекбай Қаракөзов «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ор­дендерімен, бірнеше медаль­дарымен, 5 рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Жұбайы Жамал Қаракөзова Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озаты, республикаға еңбегі сіңген дербес зейнеткер, бар өмірін ұстаздық етуге арнаған жан. Ұлағатты жанұядан өрбіген ұрпақтары бүгінде елдің дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтар.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қараша 2017 г. 466 0