« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазақ руханиятының тарихына шырағдан шығармаларымен енген арқалы ақын, дарабоз драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайып 70 жасқа толып отыр.
Сыр-ананың саңлақ перзенті өзінің өлмес туындылары арқылы туралықтың, ақиқаттың, поэзияға деген адалдықтың символы ретінде бағасын алған, аты Мұқағалимен, Кеңшілікпен, Жұматаймен, Жарасқанмен қатар аталатын туымы ерекше тұлға.
Бүгінгі күні туған жері – Сыр елі ерен ақынның мерейтойын атап өтуде. Осы өлең мерекесі үстінде біз ақын туралы жазылған белгілі ақын, аудармашы Қуанышбай Құрманғалидың мақаласын жариялап отырмыз.
ШЫҢДАҒЫ ШЫНАРДАЙЫН ШЫН БЕЙНЕСІ
Менің алдымда жатқан қос томдық кітапты апталап оқып бітірген бетім осы. Бұл өзі – бітімі бөлек: көлемі көлдей (1500 бет), жазылуы жаңаша, мақсаты мәнді, айтары айқын, тәмсілі тәлімді, айтулы ақынның өмірі мен өлеңі хақындағы ғажайып хикая. Авторы – Бибі ие (Дариға Қадыр-Қожақызы), кейіпкері – қазақтың аса көрнекті шайыры Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев). Осынау «Бұ дүние ғайыбы» аталатын кітап бәріміздің де бала кезімізде құмарта оқып, қиялымызды тербеген әйгілі «Мың бір түннің» тәсілімен жазылған. Дариғаның мың бір сауал қойып, Иран-Ғайыптың сырт көзге құпия сыр сандығын ашып, жұртшылыққа жариялауының өнегесі өзгеше. Маңдайына жазылған қуаныш-қайғыны жүрегінен өткізе жүріп, тағдырдың тайқы жолынан адаспай, өмірін тұтастай өлеңге айналдырған шайырдың шығармашылығы қалың елі – қазағының мақсат-мұратын, арман-аңсарын, Алашының азаттығын, елінің егеменділігін егіле-төгіле, елжіреп-емірене жырлауға арналғаны ақиқат. Сұхбаттаса отырып сырласу ерлі-зайыпты: ақын мен жан жарының әңгімесін әрлендіріп, бейне Шаһрабаз патша мен Шаһаризаданы тыңдап отырғандай әсерге бөленесің. Айырмашылығы – ертек емес, суыртпақтап шертілген шындық, өмір мен өлеңнің шынайы шежіресі.
Соғыстан соң туған – жеңістің жемісі саналатын ұрпақ, қазақ әдебиетіне өткен ғасырдың екінші жартысында қосылған жаңа толқын тегеурінді талантымен танылды. Сол кездері қазақ жырының өрісін кеңейтіп, өресін биіктетіп, абыройын асқақтатуға атсалысқан Кеңшілік, Жарасқан, Жұматай, Дәуітәлі, Сейсен, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбекұлы сынды саңлақ ақындардың ортасында орақ тілді, жайсаң ділді, жезтаңдай жыр жампозы Иран-Ғайып та оқшау көзге түсіп жүрді. Кешегі кен инженері бүгінгі өлең кенішінің майталман, марғасқа өнерпазына айналды. Әлбетте, тәңірі берген талантының арқасында сырласа, мұңдаса отырып, өз өмірі мен өлеңі туралы, толғанысты ойлары оның жырларында қалай өрнектелгені аталған кітаптарда байыпты баяндалған. Әңгіме әуелі ақынның өзінің үрім-бұтағын таныстырудан басталған. Арғы аталары Сыр бойына Көкше жақтан қоныс аударыпты. Әкесі Әбілтай екі әйел алған екен. Бәйбішесі Айткүл құрсақ көтермеген соң, сол кісінің келісімімен Иран-Ғайыптың шешесі Базаркүлге үйленіпті. Әкесі – ел-жұртына сыйлы, басшылық қызмет атқарған, абырой-беделі көпке танылған кісі. Абай атындағы колхозды өзі ұйымдастырып, басқарма болған, Иранбектің екі іні, бір қарындасы бүгінде қайтыс болып кеткен. Әкесі мен әжесі, анасы, жалғыз ұлы Мұнарбегі өмірден озып, қайғы-қасірет шеккен кездегі қырық жамау көңіл күйі көптеген өлеңдеріне өзек болғаны белгілі. Жалпы, ақынның әке, әже, шешесіне, ұл-қыздарына, әйелдері мен ғашықтарына арналған асыл сөз – алқалы жырларының қай-қайсысы да жүрекпен жазылғанын аңғару қиын емес. Бір ғана мысқалдай мысалды «Менің әкем» өлеңінен келтіре кетсем, Иран-Ғайып ақынның кейіпкерінің мінез-құлқын, кескін-келбетін, сөз саптасын, адами болмысын сөзбен суреттеудегі шын шеберлігін жазбай танытар еді.
…Бұлшық еті бетінің бөлек-бөлек,
Астыңғы ерні түсіңкі көп өкпелеп.
Орақ тілді, жезтаңдай, от-ауызға –
Қоңқақ мұрны қонып тұр көмекке кеп.
Жабы мойын, бедеу бел, қозы құрсақ,
Қыран тоят, секемшіл, сезімі сақ.
Жұмған аузын аштырмай желімдейді,
Небір айтқыш заржақты сөзі құрсап.
Міне, ұзақ өлеңнен үзіп алып келтірген келте мысалдан-ақ ақынның сөзге шебер, ойға бай, санасы сара екенін біле қоясың. Осы жерде Иран-Ғайыптың өлең өрнектеудегі керемет қолтаңбасын айғақтайтын мың сан мысал келтіруге болар еді, әттең шағын мақаланың шамасы жетпей тұр. Әйтпесе, қыран бүркіт пен бүркітшінің сыр-сипатын Абайша суреттеген «Көмпең» балладасын, Мұқағалиға арнаған «Ақында» нағыз тума таланттың жаратылысын, қадір-қасиетін мінсіз мүсіндеген өлең сөзін, одан басқа да өлеңдерін талдап жатуға жер тар. Сондықтан да Иран-Ғайыптың ақындық шеберлігінің шеңберінен шығып, пікірімізді шола айтып, шорт кеспей, кемелдігін кеңінен көсіліп жазуға қолым байлаулы. Әйтпесе, кезінде 13 том таңдамалысы жарыққа шыққан шайыр поэзиясының көлемі көл-көсір, тақырыбы алуан түрлі, көркемдігі көздің жауын алатын, мазмұн-мақсаты, бөлісер ойы, ел мен жердің, қайран қазағының бүгіні мен болашағының толғақты мәселелеріне арналған арналы да арынды тың туындылар екендігін білмей, көрмей отырған жоқпын.
Иран-Ғайып ақынның қабырғасын қайыстырған қайғы-қасіреті қапияда жалғыз ұлы Мұнарбегінен айырылып, аза тұтып, егіле жылап, есінен танып, күңірене-күйзеле кешкен қаралы күндері кейіннен мұңды жырларға айналды. Өзегін өртеген өкініші жоқтау жырларына ұласып, «Мұнар, Мұнар, Мұнарым» атты кітап жарыққа шықты. Ол өлеңдерді оқыған адамдардың көздеріне жас алмағаны жоқ шығар. Өйткені, ол ақынның қарақан басының қайғы-шері болса да, бұл жарық жалғанда жалғызынан айырылғандар аз ба?! Ендеше оны бірдің емес, мыңның басына түскен, жандарын жаралаған қасіреттің де жыры деп қабылдаймыз. Абай абыздың ержетіп, ел көзіне түскен арыстай екі бірдей азамат ұлы кенеттен қайтыс болып, көкірегі қарс айырылып, жүрегінен жыр төгіліп, шерін тарқатқанын білеміз. Міне, ақындық жолына Абайдың мұрагерлігін қалаған Иран-Ғайыптың жоқтау жырларын жазуына да сол үлгі себеп болғаны анық. Қайғыдан қаны қарайған ақын тәңірге тіл қатады:
…Зауал – Індетіңді молайттың –
Қара Жер емеспін ғой,
Құдай!
Шер-Шеменімді зорайттың –
Қатқан Көн емеспін ғой,
Құдай!
Жүрек – қанымды қарайттың –
Қалауыңнан кем емеспін ғой,
Құдай!
Соқа басымды сорайттың –
Мен – Сен емеспін ғой,
Құдай!..»
Ішқұсалықтан, жан-жүрегін күйдірген шемен-шерден жаратылған терең тебіреністі жырлар жалғыз қазақ емес, жалпы адамзат баласына ортақ, адами қасиет пен қасіреттің мұңды музасы.
Иә, Иран-Ғайыптың жақұттай жарқылдаған жырлары, жүрегін жарып шыққан өмірлік өлеңдері, поэмалары, аудармалары қазақ поэзиясының алтын қорына қосылған ұлттық рухани құндылықтар санатында. Олар өлең сөздің үздік үлгісі, қазақ поэзиясының інжу-маржаны ретінде риясыз бағалануға тиіс. Әттең, әлі күнге ақын шығармашылығы әдебиетшілердің арнайы ғылыми-зерттеу еңбектерінен еншісін ала алмай жүргені өкінішті-ақ!
Дәуіріміздің дауылпаз ақыны атауға әбден лайық десек, ол, әрине, Иран-Ғайыптың парасатты поэзиясының жемісті жалғасы драмалық шығармаларының желісіне байланысты бағалау деп білгейсіз. Бүгінгі күнге дейін оның елуге тарта туындылары жазылса, сахнаға қойылғандары отызға тақау екен. Ақынның атын асқақтатып, есімінің ел-жұртқа кеңінен танылуына өзімізде, өзге елдерде де көпшілік көрермендерге көрсетіліп, жылы қабылданып, жақсы бағасын алғандары: «Мен ішпеген у бар ма?..», «Батқан кеменің бейбақтары», «Хайуандық комедия», «Шыңғыс хан», «Күшігінен таланған», «Хан Абылай», «Қорқыттың көрі», т.б.
Осы орайда есте болатын нәрсе Иран-Ғайыптың бірсыпыра пьесаларының ертерек заманның оқиғалары бола тұра, бүгінгі күннің, қазіргі қоғамның тіршілік-тынысымен үндесіп жататындығы. Айталық «Күшігінен таланған» атағы жер жарған әмірші, әлемді жаулаушы сайыпқыран Ақсақ Темірдің неліктен қатыгез болғандығының баяны. Сөйтсе, анасының ішінде жатқанда Жұқай хан көріпкелдің «ажалың сол баладан болады» дегеніне сеніп, шешесін тепкілеп өлтіріп, ішін жарып, баласын суға ағызып жібереді. Міне, сол бала – Ақсақ Темірдің жан аямас қаталдығының себебі, күшігінде таланып, тумай жатып көрген қорлығының өтеуі. Шығармада өзі туралы ел-жұртының ой-пікірін өз ауыздарынан естімек ниетпен дәруіш-диуананың киімін киіп, ел аралап, өзінің шексіз қатыгездігіне, бетіне келсе кім болса да жанын жаһаннамға жіберетін әскерінің жауыздығына да көзі жетіп қайтады. Қатыгездігі өзінен де асып түсетін, қулығына найза бойламайтын, ата жауы болса да, адал досқа бергісіз қасиеті есіне түсіп, қуғыншылар қашып кеткен Хұсейін әмірдің басын кесіп әкелгенде Ақсақ Темірдің еңіреп жылауы қимастық па, жоқ басқа ма?! Ақынның сол сауалға қайырған жауабы мынау.
…Беу, Хұсейін – ақберен!
Жеті мәрте жауласып,
Жат шықсаң да жақыннан.
Сенің жолың бөлек еді мен үшін,
Сенің орның бөлек еді мен үшін…
Жазықсыз кісіге жасаған қиянаттың арты жақсылыққа жеткізбейтінін де меңзеп тұр. Пьесадағы пенделік пікірден арылтып, зұлымдық соңы ұдайы қатыгездікке жол бермейтінін, ақыл-парасат есін жидырып, ізгілікке бастайтынының дәлелі Ақсақ Темірдің Қожа Ахмет Яссауи сәулетті кесенесін салдырғаны.
Әуел бастан айтыс-тартысқа жалау болған – Иран-Ғайыптың тұңғыш пьесасы «Мен ішпеген у бар ма?..». Басты кейіпкерлері Құнанбай мен Абай, яки әкелі-балалы екеуінің арасындағы араздықтың себебі – өмірлік көзқарастарының үйлеспеуі. Пьесадағы ағайынгершілік пен рушылдықтың жолын кесуге, әділеттілік жолында әкесіне де қарсы шыққан Абайдың іс-әрекеті жөн сияқты. Алайда қалыптасқан ата дәстүрінен айнымауды, ауызбіршілікті сақтауды мұрат тұтқан тұлға – ел билеген аға сұлтан Құнанбайдың Абайға айтқан сөздерінің мәнісі тереңде жатқанын бертін келе аңғарасың. Оның «түп-тамырыңды шірітіп алма» дегені – қазақы қасиетіңді жоғалтып алмау қажеттігін ескерткені. М.Әуезов «Абай жолында» Құнанбай бейнесін қазағының тағдырын өз төңірегіндегі ағайындарынан кем ойламаған, жалпы жұрттың жанашыры ретінде көсемдік кейіпте көрсетуді білмеді емес. Кеңестік саясат ырық бермей, тарихи шындықты бұрмалауға мәжбүр болған. Абайдың әлденеше әйелге үйленгені де рас. Иран-Ғайыпты осындай тасада қалған шындықтың шымылдығын түріп, Құнанбайды жаңа қырынан танытуға тырысқаны үшін жазғыруға бола ма? Ақынды мінеп, сынап, дастанды жорналда жариялатпай, пьесасын сахнаға шығартпай әуре-сарсаңға салған осы біржақты түсініктің кесірі. Әйтпесе, Иран-Ғайып нағыз Абай жолын таңдаған талант. Пьесаның негізгі арқауы – кемеңгер ақын қазағының өзге озық елдердің қатарына қосылуын ойлап армандауы. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз туын тігіп Абай армандаған күнге жетті.
Шыңғыс хан туралы пьесаның аты неліктен «Хайуандық комедия» аталғанын айтайық. Әлемнің тең жартысын жаулап алып, шексіз билігін жүргізіп, ақыр соңында баяғы алғыр ақылдың, жаужүрек ерліктің иесі зорлық пен зұлымдықтың, қатыгездік пен қанішерліктің жолына түсіп, бетіне тік қарап, ақиқатты айтқандарды шетінен құрбандыққа шала берді. Ақыры, өз басын өзі жұтты. Тарихи оқиға, төтен тағдырдың тәлімін жеткізуге асыққан ақынның бүгінгі күннің ел басшыларына сабақ болатын тәмсілі бұл. Шығарманы қазіргі уақытпен үндестіріп тұрғаны үшін де ерекше бағалаймыз. Иә, мансапқа табынудың мақсатқа жеткізбесіне сендірген ақынға рақмет.
Жалпы, бұл шығарманың шынайы бағасын берген атақты жазушы, саңлақ сыншы Әбіш аға Кекілбаев болатын. Әңгімені сол кісінің пікірімен аяқтайын: «Драмалық поэманың биік гуманистік пафосы мен терең философиялық астары да – оның адамзат жойылып кетпей тұрып, адамгершіліктің жойылмағы қандай мүмкін болса, ең үлкен хайуандық – озбырлық пен зұлымдықтың ақыры бір әшкере болмауы сондай мүмкін еместігін егжей-тегжейлі көрсетіп бере алғандығында». Бұдан асырып айта алмаспын…
Бастан-аяқ философиялық терең ой, тебіреністен тұратын, баяғы заманның зары болса да, бүгінгі күннің сөзін айтатын пьеса – «Қорқыттың көрі». Бұл құдайын ұмытқан пенденің астамшыл пиғылының қазақы түсінікке кереғар екендігін еске салатын өлім мен өмір туралы терең толғанысқа құрылған туынды. Өлімнен қашып құтылам деу – құдайға қарсылық екені бесенеден белгілі. Бүгіндері билігі мен байлығына мастанып, өздерін жер басып жүрген пенде емес, көктегі құдайдай көретін көркөкіректер әлі де ортамызда ордаңдап жүр. Бұл шығарма ең алдымен соларды тәубесіне келтіруге арналған…
Сонымен, өлеңнің өрен жүйрігі, жырдың тайпалмас жорғасы Иран-Ғайып ақынның тоты құстай түрлентіп, сөз маржанын төгілтіп жазылған поэзиялық туындылары – ой тереңдігімен, сезім мөлдірлігімен жан-жүрегіңді баурап алатын сиқыры бар дүр шығармалар. Қайсыбіреулер Иран-Ғайыпты уайымшыл, сыншыл деп сынайды. Шындығында әрбір талантты ақын өзі өмір сүріп жатқан орта – қоғамның сұңғыла сыншысы болуға тиіс. Халқын сүйген шайыр шындықты айтпаса, көре-біле тұра жасырып-жапса ұлтының жанашыры бола ала ма? Суреткерлік түсінік-түйсігі, азаматтық парасаты сабақтаса өрілген өлең-жырлары мен поэзия тілімен жазылған драмалық шығармалары көпшілік көңіліне қона кетуі – ақынның алымды да жалынды сара сөздерінің, уытты да ұлағатты ойларының жемісі.
Қысқасы, қазақтың жаны, жүрегі, рухы барда Иран-Ғайып шығармаларының шындықтың шырағына айналып, өмір-тіршілігімізге шуақ шашып тұратыны күмәнсіз.
Жарық дүниенің ащы-тұщы дәм-тұзын тата жүріп, мерейлі жас – жетпіске толған аса көрнекті ақынның жарық көрген қос томдығын: өмірі мен өлеңінің сырын ашқан сұхбаттарын оқып шыққандағы көңілге түйген азды-кем ойларымды ортаға салып сөзімді аяқтаймын. Мақаланы арқалы ақынның шыңдалып, шарықтау биікке көтерілген қазақ поэзиясындағы жеткен жетістіктерін жүйелеп, тұтас қамтып айтылған толымды сыни пікір санатына жатқыза алмаймын. Мерейтой тұсындағы жай ғана көңіл білдіру деп қабылдағайсыздар…
Тіпті әшейінде тізіп шығатын ақынның Мемлекеттік сыйлықтан бастап алған сый-сияпаттарын да жазбадым. Сыйлы жасқа жеткенде қазақ өлеңінің көсегесін көгертуге қандай үлес қосқанын айту арқылы бағасын берсек болғаны да…
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |