Кеше Байқоңыр қаласындағы шағын аудан мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға табиғи газ берілді. Айтулы шараға облыс әкімі Қ.Көшербаев, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры М.Тасыбаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин қатысты.
Айтулы оқиғаға орай ұйымдастырылған шарада сөз сөйлеген облыс басшысы жұлдызды қала тұрғындарын құттықтап, Байқоңырды жан-жақты жаңғырту жұмыстары жүретінін атап өтті.
– Бүгін бәріміз үшін ерекше күн. «Газ келсе, жаз келеді» деген сөз бар. «Көгілдір отынның» келуімен ғарыш қаласындағы тіршілік жандана түседі деп ойлаймын. Барлықтарыңызды осы атаулы сәтпен құттықтаймын,– деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
Салтанатты шарада «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры М.Тасыбаев пен Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.
Бұл жолы ғарыш қаласындағы 447 пәтерден тұратын 6 тұрғын үй мен 6 мектепке және 1 балабақшаға табиғи газ берілді. Бұған дейін сұйытылған газды тасымалды түрде пайдаланатын байқоңырлықтар енді табиғи газдың игілігін көретін болады. Тасымалды газдың 1 текше метрі шамамен 800 теңге болса, табиғи газ небәрі 20 теңге тұрады. Бұл 40 есе арзан деген сөз. Бұған тұрғындар да қуанып отыр.
– Мен осы қаладағы 24-үйдің 1-пәтерінде тұрамын. Көгілдір отынның келуіне ұйытқы болған азаматтарға рахмет. Енді арзан әрі сапалы табиғи газды пайдаланатын болдық, – деді Б.Беркімбаева.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей «Байқоңырды» ұзақ уақыт бойы пайдаланудың жаңа кезеңіне көшті. Қазір Байқоңырды ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешені бойынша жұмыс жасалуда. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі мемлекет дамудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен. Оның іске қосылу уақыты 2025 жылдан 2022 жылға қарай ауыстырылды. Жуырда Челябинскіде өткен екіжақты форумда «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттама жасалды.
Ғарыш айлағын қаладан бөліп қарауға болмайды. Қазақстан жағы осы ретте Байқоңыр қаласын дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларды атқарып жатыр.
Алдағы уақытта бұл қала алып құрылыс алаңына айналмақ. Оған Қызылорда облысының әлеуеті де, тәжірибесі де жетеді. Қазірдің өзінде Сыр өңірі тұрғын үй салу бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі саналады. Алғашқыда жұлдызды қалада көпқабатты 5 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Енді, міне, табиғи газ да тартылды. Осылайша, Байқоңырдың екінші тынысы ашылып, тұрғындардың мәнді де жайлы өмір сүруіне жағдай жасалуда.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.