«ЖЫР КЕРУЕНІ» ЭСТАФЕТАСЫНЫҢ ГЕОГРАФИЯСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСТІ

Екі апта бұрын ғана аймақта басталған «Жыр керуені» эстафетасының географиясы кеңейе түсті. Оған жалғыз сырбойылықтар емес, елдің әр түкпірінен жырсүйер азаматтар қатысып жатыр.

Эстафетаға қатысу оп-оңай. Ол үшін көңіліңіз қалаған ақынның немесе өзіңіздің тәуір бір өлеңіңізді оқып, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейсіз. Содан кейін #жыркеруені хэштегін жалғап, келесі адамға эстафета таяқшасын ұсынсаңыз жетіп жатыр.

– Отанға, елге сүйіспеншілік, махаббат тақырыбында өлеңдер көптеп оқылды. Біздің облыстан басталғанымен бұл шараға Ақтау, Атырау, Астана, Алматы сияқты өңірлерден де қатысып жатыр. Жалпы, талай адамның белсенділік танытқанына қуандық, – дейді идея авторы, журналист Гүлжан Омарова.

Тіпті, Ресейде тұратын жерлестерімізге дейін поэзиядан тарту ұсынып, үлес қосты. Әсіресе, өнер мен мәдениет, журналистика саласының өкілдері өте белсенді. Жергілікті «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының мүшелері де жырдан шашу шашып, өнерге, өлеңге бөтен еместігін көрсетіп үлгерді.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қараша 2017 г. 912 0