Университеттің мерейтойы аясында «Бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың өзекті мәселелері мен перспективалары" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара барысында Қазақстан, Ресей, Корея, Бельгия, Түркия және тағы басқа мемлекеттерден келген білім беру мекемелері жетекшілерінің баяндамалары тыңдалды.
Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтың алдыңға қатарлы оу орнын мерейтоймен құттықтап, бәсекеге қабілетті маман даярлаудағы университеттің жетістіктерін атап, жұмыстарына табыс тіледі.
"Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев адами капиталдың құндылығын жақсартуға, ең алдымен жастардың білім деңгейін көтеріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауға аса мән береді. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті алдағы уақытта да бұл құрметті миссияны абыроймен атқаратынына сенімдімін", - деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, мерекелік бағдарлама белгілі ғалым-математик Асан Дабысұлы Таймановтың 100 жылдығы құрметіне ұйымдастырылатын "Тайманов оқулары" шарасымен жалғасатын болады. А.Тайманов 1947 -1954 жылдар аралығында университеттің жоғары математика кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.
Салтанатты жиында Сыр еліндегі іргелі білім ордасына Ахмет Байтұрсынов атындағы орден табыс етілді. Бұл - бүкіл университет ардагерлері, түлектері мен ұжымы үшін үлкен мәртебе.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей институтын Қызылордаға көшіру нәтижесінде құрылған. 1998 жылдың 24 наурызында Ы.Жахаев атындағы Қызылорда политехникалық институтын біріктіргеннен кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Қазіргі таңда университетте 4649 студент, магистрант және докторант оқуда, оқу ордасында 7 факультет және 30 кафедра жұмыс істейді.