БОЛМЫС КЕНІНДЕГІ ҚАЗЫНА

Көптен бері күн тәртібіндегі негізгі сөз өзегіне айналған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласы көкжиекті бетке алған өркениет көшінен қалмай алға жүрудің негізгі жолы ұлттық болмысымызда жатқанын ашып көрсетті.

Кеңестік заманнан бері қалыптасқан билікшілдік, өзін халықтан бөлек ұстау, ақырында нарық заңы осы деп шөміштен қысып, кісінің ақысын жеуге дейін алып келген үстемшілдіктен немесе «өкімет өлтірмес» деп жалқаулықты жастанып, кәсіпті емес, жәрдемақыларды жанына медет тұтқан мешеу әдеттен әлі де арыла алмай жүрген жоқпыз ба? Бұл жөнінде Елбасы не дейді: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес».

Біз білетін Сейітқали кеңсесіне келген адамды өзі қолынан ұстап алдына кіргізіп, аяғымен жүріп шы­ға­рып салады. Өзін көпшілікпен бір көру, олардың әрқайсының кеудесіндегі мұқтаждықты көзінен оқу оның тәрбие тінінен жалғасып келе жатқан қасиеті. Сейітқалидың өмір салты мен кәсіби тұрғыдағы біліктілігінен мінез-құлық прагматизмі сезіліп тұрады.

«Мына жағдайға қатысты көмегіңіз керек болып тұр» деген қатынас хаттар Алшынбаевтың алдына жиі келеді. Тіпті мұны «нұрайлықтар» үйреншікті жағдай деп санайды. Жақында зағиптар мен көзі нашар көретін жандарға арналған кітапханада өтетін спорттық шараға қатысты көмек сұраған қоңырау соғылды. Серіктестік басшысы олардың бірнеше жүлдесіне арналған қаржы бөлді. Сол жұмыс орындалған соң барып, өз жұмысын бастады.

...Бірде өзгелерге ұқсамайтын хат келіп түсті. Өлеңмен жазылыпты.

«Төзімділікті етсем де тірек,

Көкейге келіп кептелер тілек.

Жаныма жақын дос таба алмай,

Жасып та қалды мендегі жүрек...» Бұл арбаға таңылған Зәуре Өксінбаева есімді қызылордалық қыздың сәлемхаты болатын. Сейітқали сол күннен бас­тап Зәуремен өзара байланыс орнатты. Күнделікті жұмыс кестесіне Зәуренің де жеке мәселелерін қосты.

Бұған дейін С.Алшынбаев балалар үйінің бірнеше тәрбиеленушілерін өз қамқорлығына алып, олардың жоғары мектепке түсуіне сеп болып, оқу ақыларын төлеп тұрды. Сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған қанша балаға қуаныш сыйлады. Олардың жазғы лагерлерде дем алуына, түрлі жарыстарға қатысуына демеуші болды.

Кәсіпкердің жаны қалап істейтін жұмысы – бала­бақ­ша ісі. Шындығында бұл бизнестің белсенді түрі емес. Миллиондарды миллиондап қайтара алмайтын кәсіп. Ал, Сейітқали болса Қызылорда қаласында үш, Алматы қаласында бір балабақша салып, ел игілігіне берді. «Бала қуанса, періште қуанады» деген, балалардың бал-бұл жанған жүзін көруден артық бақыт бар ма?» дейді өзі.

«...әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт 21-ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек» дейді рухани жаңғыру бағдарламасы. Мұндай қасиеттерді  кәсіби біліктілікке қоса мәдени ашықтық, ұлтын, елін құрметтейтін, әр адамның жағдайын жақыннан ұға білетін жылы жүректі азамат болу  қалыбы  құрайтыны ақиқат.

Біз әңгімелеп отырған кейіпкерімізден осы қа­сиет­терді таптық.

***

– Сәке, сіздің елге, жұртқа жасаған қайырымдылық, демеушілік істеріңіз цифрлап айтсақ, алты нөлден асып кетеді екен. Осы жайында оқырмандарымызға айтып берсек деп едік. 

– «Оң қолыңның бергенін сол қолың көрмесін» деген емес пе?..

– Жария садақа деген де бар. Үлгі үшін айтуға болады.

– Мақтаншылыққа жатқызып жібермессіз.

– Жоқ, мен бұл игіліктеріңіздің иінін  Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламасына байланысты көріп отырмын. Елбасы айтады: «...бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы праг­ма­тизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады». Ал, бүгінгі сіздің жиғанымнан иманым қайырлы деп сүрінгенге сүйеу, мұқтажға демеу болған болмысыңыз бабаларымыздың бойындағы негізгі қасиеттерінің бірі еді.

***

Бұл «Нұрай» ЖШС директоры, облыстық мәсли­хат­тың депутаты, кәсіпкер Сейітқали Алшынбаевпен екеуара әңгімеміз болатын.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2017 г. 777 0