КӨРШІЛЕРМЕН КЕЛЕЛІ КЕЛІСІМ

«Қазақстан және Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық» деп аталатын №4 секциялық отырыста бірқатар мамандар ұсыныстарымен бөлісіп, баяндама жасады. Басқосуды «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаев жүргізді. Биыл облыс әкімі бастаған делегация Өзбекстан елінде болып, бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізді. Отырыста инвестициялық жобалардың мемлекеттік қолдау құралдары мен шаралары, индустриялық аймақтарға жобаларды орналастыру мәселелері талқыланып, инвестиция салуға және ынтымақтастыққа тиімді жобалар таныстырылды.
Мұнан кейін облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов Қызылорда іскерлік қатынастарға қолайлы өңір екенін, сонымен бірге секция аясында қатысушылар әріптестіктің жаңа мүмкіндіктерін талқылайтынын айтып, сәттілік тіледі.
Қазіргі экономикалық жағдайда шағын және орта бизнесті дамыту өзекті болып отыр. Осы ретте ШОБ-ты қолдауға бағытталған негізгі бағдарламалар жөнінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарушы директоры Ғабит Лесбеков тарқатып айтты. Оның айтуынша, шағын және орта бизнес салаларды қалыптастыруда айрықша басымдылыққа ие болуда. Соңғы жылдары осы салада жұмыс жасаушылардың саны артқан. Сонымен бірге банк алдында кепілзаты жетпейтін кәсіпкерлерге қор кепілдемесін пайдалана отырып, несие алуға мүмкіндік жасалған. Нәтижесінде қай салада болмасын, кәсіпкер аталған қор кепілдемесіне ие болады. Кәсібін бастап қойған іскерлер үшін несиеге кепілдеме берудің өз талаптары бар. Оның мөлшері несие сомасының жартысынан аспауы керек. Осы орайда екінші деңгейлі банктердің бірқатары аталған бағдарламаға қызығушылық танытқан. Басқосуда Өзбекстаннан келген «Telecom Innovations» бас директоры Фирдавс Алиев Сыр еліне жасаған сапарының сәтті басталғанын жеткізді. Форум екі ел арасындағы достықтың одан әрі нығаюына үлкен септігін тигізбек. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын табатынына сенім білдірді. Мұнан өзге «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өңірлік директоры Болат Рамазанов, «Baiterek Venture Fund» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Арслан Басыбеков, «Байкен-U» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Әлібек Кауменов, «Advantage Kazakhstan» компаниясының бас директоры Дмитрий Родин баяндама жасады. Басқосуда «UzEraeCable» бас директоры Шехзод Умаров форумның маңыздылығына ерекше тоқталды. Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың тамыры тереңде екенін жеткізді.

* * *

Бүгін форум қонақтары Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық ескерткіш-кешенімен және «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы мұражаймен танысады.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2017 г. 558 0