Байқоңыр жалғыз ғарыштық бағдарламамен өмір сүрмейді. Ол шағын қала шеңберінен шығып, басқа аудандармен бірдей дамуы тиіс. Инвестфорумның кезекті секциясы «Байқоңыр қаласының Қазақстан және Ресей ынтымақтастығы аясында дамуы» деп аталды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов жұлдызды қалашық пен ғарыш айлағын дамытудағы екі елдің мүддесі туралы айтып берді.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей «Байқоңырды» ұзақ уақыт бойы пайдаланудың жаңа кезеңіне көшті. 17 қарашада Челябинскіде өткен екіжақты форумда «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттама жасалды. Ол бойынша Ресей Үкіметі Қазақстаннан жалға алған Ақай және Төретам кенттерінің маңындағы 11,6 мың га жерді қайтарды.
– Жалға алушы сол жерді күтіп-ұстауға, ал біздің ел дамытуға жауапты. Әйтсе де, ғарыш айлағын қаладан бөліп қарауға болмайды. Қазақстан жағы осы ретте Байқоңыр қаласын дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шараларды атқарып жатыр, – деді С.Қожаниязов.
1990 жылдан бері бірде-бір баспана салынбаған шаһар келесі жылдан бастап құрылыс алаңына айналмақ. Әзірге көпқабатты 5 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Су құбырлары мен кәріз жүйелері жөнделіп, табиғи газ да тартылады. Осылайша Байқоңырдың тамырына қан жүгірмек.
ҚР ҚАӨМ Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетов Байқоңыр Қазақстан мен Ресей азаматтары бірдей жайлылықта өмір сүретін қала болуы тиіс екенін атап өтті. Ол қаладағы кәдеге аспай тұрған қисапсыз объектіні инновациялық жоба ретінде пайдаланып, бұл жердің туристік әлеуетін толық пайдалану қажеттігін қаперге салды.
Жергілікті тұрғындар Халықтық банктен басқа қаржылық ұйымның қызметін пайдалана алмайды. «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры Аида Әбибуллаева пошталық байланыс операторының өкілдігін Байқоңырға апарудың тиімділігін айтты. Өйткені қазір «Қазпоштаның» мүмкіндігі бұрынғыдай емес, ауқымды. С.Қожаниязов мұның жан-жақты қарап, үкіметаралық комиссияның назарына ұсынатын мәселе екенін атап өтті.