ИРАНМЕН ИГІЛІКТІ ҚАТЫНАС

“Қазақстан Республикасы және Иран Ислам Республикасы арасындағы ынтымақтастық” деп аталатын №2 секциялық отырыста бірқатар мамандар ұсыныстарымен бөлісіп, баяндама жасады. 
Басқосуды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов жүргізіп, Иран Ислам Республикасы арасында байланыстың одан әрі нығая түскенін жеткізді. Жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегацияның Иран Ислам Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында екі елдің кәсіпкерлік саласындағы палаталары әріптес болып, ынтымақтаса жұмыс жасауға келісілгеніне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, 21-23 қазанда облыс делегациясы жұмыс сапармен Иран Ислам Республикасында болып қайтты. Сырбойылық кәсіпкерлер Гүлістан және Мазандаран провинцияларындағы ауыл шаруашылығының өндіріс орындарын аралап, бизнес қауымдастыққа ортақ жобаларды таныстырды. Екі ел арасындағы тиімді әріптестікке негізделген қарым-қатынасты нығайту және дамыту мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында қос ел палатасы инвестиция, тауарлар мен қызметтер саудасын кеңейтіп, кәсіпкерлік саласында тәжірибе алмасады, – деді Ғ.Жақсылықов.
Иран Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Дамирчилу Моджтаба да 80 миллион тұрғыны бар Иран – ет өнімдерін көп тұтынатын елдің бірі екенін, енді импорттайтын қой етінің бір бөлігін Сыр өңірінен сатып алуға дайын екендіктерін атап өтті. Орайы келгенде айта кетейік, Қызылорда облысынан бірер жыл көлемінде біріккен кәсіпорын салынады деп жоспарлануда. Биыл Иранға 10 мың бас қозы экспортталған еді. Ал біріккен кәсіпорын іске қосылғаннан кейін ирандықтар Сыр өңірінен тірі малды емес, оны ет күйінде сатып алмақ. Сондай-ақ, цитрус өнімдерінің 55 пайызы осы Иранда өндіріледі екен. Мұнда жылына жиналатын 2 млн тоннадан аса жеміс-жидектің бір бөлігі Сыр елінің сауда сөрелерінен орын алуы мүмкін деген болжам бар. Бұл ретте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов Иран тарапы жеміс-жидектерімен біздің облысты, жалпы Қазақстанның барлық аймағын қамтамасыз етуге мүдделі екенін мәлімдеді.
– Қызылорда облысы мен Иранның бірқатар аймағы экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ниетті. Сауда-логистикалық орталықтардың жұмысын ұйымдастыру туралы келісімге келдік. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше жоба бірлесіп жүзеге асырылады. Бүгінде “Ақтөбе и К” ЖШС “Торем Хошеми” сортын 70 гектарға екті. “Сыр маржаны” серіктестігі де өнімді сортты тестілеуден өткізді. Биыл Иранға аталған сорттың 60 тоннасы экспортталады. Сонымен қатар 2020 жылға қарай ирандық күріш алқаптарын облыста 5 мың гектарға дейін ұлғайтып, экспорт көлемін 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Тараптардың тығыз байланысына транспорттық тұрғыдан тежеу жоқ. Қазақстан, Түркіменстан және Иранның бірігіп салған теміржолы тауар айналымдарының еселеп артуына мүмкіндік туғызды. Ең бастысы, осы мүмкіндікті тиімді пайдалануға кәсіпкерлердің құлшынысы жоғары. Арал теңізінің маңынан бекіре өсіру және өңдеуді бірлесіп жүзеге асыруға да қолдау бар, – деді басқарма басшысы.
Отырыста шағын және орта бизнесті дамыту, тиімді инвестиция тарту мәселесі де шет қалмады. “Қазына Капитал Менеджмент” АҚ өкілдері “Тікелей инвестиция тартудың төте жолы” тақырыбындағы баяндамасымен бөлісті. Мұнда шетел инвестицияларының келуінің жаңа перспективалары ашылғаны, отандық кәсіпорындар тарапынан инвестициялар мен несиелендіруге сұраныс бұрынғыға қарағанда айрықша артқаны сөз етілді.
Осылайша, кезекті инвестициялық форум өз мәресіне жетіп, жүктелген міндетті толық атқарып шықты. Өңірді дамытуға байланысты бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Форум соңында біз делегация мүшелерінің бірқатарымен тілдестік. Горган Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының вице-президенті Аразджан Шомолиден “Сіз үшін Қызылорда несімен айшықты?” деген сауал қойғанымызда, ол мүдірместен: “Қызылорда – келешегі мол аймақ. Мұнай бағасының құлдырауы өңір экономикасын төмендеткен жоқ, қайта басқа салаларды дамытуға деген бизнес жобаларды жүйеледі. Бұл болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыстар жиынтығы. Аймаққа инвесторлар неге қызығушылық танытып отыр? Себебі, саяси тұрақтылық сақталған және биліктің қолдауы ерекше. Ең бастысы, қолайлы жағдай бар жерде жұмыс та жүреді, қаржы салудың да көзі артады. Бұл тұрғыда істің маңызын білген билікке ризашылығымыз шексіз”, – деп жауап берді.
“Khazar Electric Industrial Co” компаниясының атқарушы директоры Наваеи Моджтаб та да инвестфорум жайлы пікірімен бөлісіп, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берілгенін айтты.
– Форум барысында экономиканың басымдыққа ие салаларына қатысты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мұның барлығы жоғары технологиялық өндірістерді орналастыруға және экспорттық әлеуетті өсіруге мүмкіндік береді, – деді Н.Моджтаб.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2017 г. 572 0