Кеше Қызылордада «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы» АҚ қолдауымен және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен ІХ «Baikonyr Invest» форумы өз жұмысын бастады.
Форум жұмысына халықаралық және отандық бизнес өкілдері, қаржы институттарының, шетелдік және еліміздегі корпорациялар мен ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, дипломаттар қатысуда. Сондай-ақ, жиынға Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия, Польша елдерінен арнайы делегациялар келді.
Форум облыстың инвестициялық жобаларын насихаттайтын көрмеден бастау алды. Сонан соң жиынның пленарлық отырысы өткізілді. Пленарлық мәжілісті «Management System Consulting Corporation» мекемесінің басқарушы директоры Озат Байсеркеев жүргізді. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев форум жұмысына сәттілік тілеп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Бірінші кезекте Қызылорда облысының логистикалық мүмкіндігі жоғары екенін атап өту қажет. Облыстың өне бойынан Сырдария өзені өтеді. Аймақ аудандары темір жолдың бойында орналасқан. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық магистралінің 800 шақырымы осы өңірде орналасқан. Оның үстіне «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры да, тауарларды Еуропаға жеткізуге мүмкіндік беретін «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы да облыс территориясы арқылы өтеді. Өңір елді мекендерінің 85 пайызы осы транспорттық инфрақұрылымдардың маңында орналасқан. Ол жерлерде аймақ халқының 93 пайызы тұрады, – деген облыс басшысы Қызылорда және Байқоңыр қалаларындағы әуежайлардың бүгінгі тынысын әңгіме арқауына айналдырып, индустриялық-инновациялық бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.
Жалпы, өңір экономикасының дамуына индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы тың серпін берді. Бағдарлама аясында аймақта 20 жоба жүзеге асса, оның ішінде облыс елді мекендерін газдандыру жұмысы да бар екенін айта кеткен абзал. Жуырда «Қараөзек» газ-компрессорлық станциясы іске қосылды. Ол еліміздің солтүстік аймақтары мен Астанадағы газ құрылысы жұмыстарын бастауға мүмкіндік береді. Келер жылы облыста үш тотықты молибден шығаратын кәсіпорын іске қосылады. Өнім экспортының негізгі көлемі Жапонияның үлесінде болады. Алдағы жылдың шілде айында шыны зауытының алғашқы өнімін шығару көзделген. Сондай-ақ, келер жылы құрылыс саласында ғана емес, мұнай-газ және уран өндіруде кеңінен қолданылатын тампонажды цемент шығаратын зауытты да іске қосу жоспарланған. Бұл кәсіпорындардың барлығының да экспорттық әлеуеті жоғары екенін және жаңа технологиялар енгізілгенін айтып өткен жөн. Жалпы, аймақ дамуында оң динамика бар. Ірі жобалар жүзеге асуда. Облыс басшысы британдық инвесторлармен бірлесіп «Баласауысқандық» ванадий кен орнында қара тақта тасты автоклавта өңдейтін жоба жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті.
– Қазір 110 тонна аммоний метаванадатын Тайваньға экспорттап үлгердік. Бұдан бөлек, Қызылордада ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске асыру бағытында жұмыс істелуде. Ал, газ поршеньді электр станциясының іске қосылуы электрмен қамтамасыз етуді жақсартып, аймақта өнеркәсіптің дамуына мүмкіндік береді. «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электрстанциясының құрылысын бастадық. 2019 жылдан бастап тау-кен байыту комбинаты 2 млн тонна, ал, 2020 жылға қарай 4 млн тонна кен өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуы 1500 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, осында гидрометаллургиялық зауыт құрылысы жобасын дайындау ісі басталды, – деді облыс әкімі.
Осы және басқа да индустриялық бағыттағы жұмыстарды атап өткен облыс басшысы шағын және орта бизнесті дамытуға, туризмді өркендетуге кеңінен көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Сөз арасында Арал теңізі, Қамбаш көлі, Байқоңыр ғарыш айлағына тоқталып, ауыл шарауашылығы саласындағы жетістіктерді сөз етті.
– Қызылорда облысы Қазақстан күрішінің 90 пайызын өндіреді. Облыстағы үш ауданда егілетін күріш республика халқын толықтай қамтамасыз етуге жетеді. Соңғы бірнеше жылда облыс диқандары рекордты көрсеткіштерге қол жеткізіп, әр гектардан 56 центнерден өнім алды. Аграрлық саланы дамыту жұмыстарының арқасында ауыл шаруашылығы өнімдері басқа елдің нарықтарына шығарылып жатыр, – деп атап өткен аймақ басшысы жуырда Иран Ислам Республикасының Мазандаран және Гүлістан провинцияларында жұмыс сапарымен болып, ынтымақтаса жұмыс жасау жөнінде 8 меморандумға қол қойылғанын мәлім етті.
Соңғы бір жылдың өзінде аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты – 48, ал, күріш экспорты 53 пайызға артты. Агроөнеркәсіп секторында өсімдік шаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылдың ішінде мал азықтық дақылдар, майлы дақылдар және азықтық дән алқабы 6 мыңнан астам гектарға артқан. Өндірістік негізде картоп, көкөніс және бақшалық дақылдар өндірісін дамытуды бастадық. Оған қоса, осы кезең ішінде, әсіресе сорт өнімділіктерін арттыру есебінен күріштің жалпы өнімі 20 пайыздан астамға өсті. Биыл аймақта 500 мың тоннадан астам күріш жиналды. Су ресурсын тиімді пайдалану бойынша Өзбекстанмен нәтижелі жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда бұл елдегі шағын және орта бизнесті дамытудағы тәжірибесіне қызығушылық артып отыр. Облыс әкімі, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында көрші өзбек ағайындармен бірге атқаратын жұмыстар бар екеніне тоқталды. Бұл елдің ауыл шаруашылығы техникаларына да қызығушылық артқан. Өз кезегінде облыс әкімі цифрлы технологиялар мен ЭКСПО-2017 көрмесінен соң атқарылып жатқан жұмыстарды саралап өтті.
– Шілде айынан бастап «Microsoft» компаниясымен жұмыс жасай бастадық. Облыста онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологиямен жұмыс істейтін жоғары кәсіби мамандарды бірлесе дайындау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft» академиясының офисін құру туралы келісімге қол жеткізілді. ЭКСПО аумағын қолдана отырып, Мәскеу болат және қорытпалар институтымен Қызылордада машина құрастыру, 3-D принтерінің көмегімен түйіндер мен детальдар өндіруге бағытталған мәскеулік ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының баламасын құру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық пен тиімді серіктестіктің арқасында аймақ мектептерінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында білім алып жатқаны белгілі. Енді Мәскеу мемлекеттік университетінің грантымен 20 баламыз оқитын болды, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы осы негізде хабарлама жасап: «Біз нәтижелі жұмыс жасау үшін әріптестік орнатқысы келетіндерді бірге жұмыс жасауға шақырамыз. Инвесторларға қолайлы жағдай туғызу үшін барлығын жасаймыз. Бізге жұмыс жасаған адам маңызды, сондықтан, ондай бизнесмендерге жақсы әрі қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз», – деп атап өтті.
Облыс әкімі баяндама жасап болған соң, модератор: «Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытып, оның үлесін 50 пайызға дейін жеткізу үшін қандай шаралар атқарылуда?» деп сұрақ қойды. Облыс басшысы бұл мәселені жан-жақты жандандыру қажеттігін айтты.
– Біз өз кезегінде жаппай кәсіпкерлікті дамытуды қолға алдық. Қазір әрбір қала, аудан, ауыл әкімдері жүйелі жұмыс жасауда. Осы мақсатта жуырда селекторлық жиын өткізіп, шағын және орта бизнесті одан әрі қарай дамыту мәселелерін көтердік. Бұл тұрғыдан келгенде әрбір ауылда шағын кәсіпкерлік нысандары болу керек. Өйткені, елді мекендерге наубайхана, шаштараз бен монша қажет. Қараша айының 20-26 жұлдыздарында елді мекендерді аралап, берілген тапсырмалардың қаншалықты орындалғанын тексеретін боламыз, – деді облыс әкімі.
Содан кейін мінберге ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев көтерілді. Вице- министр осындай айтулы іс-шараға қатысу үлкен мәртебе екенін айтып, бұл форумның отандық кәсіпкерлерге жақсы мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, бұл инвестициялық форумның Қызылорда облысының экономикасын одан әрі дамытуға оң септігін тигізеді. Аймақтардың басқа елдірдің өңірлерімен тікелей қарым-қатынас жасауы оң нәтижесін беретінін тәжірибе көрсетіп отыр. Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында көтерілген мәселелерге орай бірқатар шаралар атқарылуда. Үкімет шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай туғызу мақсатындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Елде қолайлы инвестициялық климат жасалған. Инвестицияларды тарту бойынша Ұлттық жоспар қабылданып, жеңілдетілген салық режимі әрекет етуде. Ұлттық заңнамалар мен халықаралық-құқықтық база әрдайым жетілдірілуде, инвестициялық жеңілдіктер пакеті ұлғаюда. Дүниежүзілік қаржы дағдарысы жылдарында да инвестициялық климатымыз және макроэкономикалық жағдайымыз тұрақты болып, инвесторлардың сенімін нығайта түсті.
Жалпы, инвестициялық форумның берері көп. Жұлдызды қала саналатын Байқоңырдағы тіршіліктің жаңғырып, жандана түсуіне осы шаралардың да септігі тиері анық. Бұл туралы ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағанбетов атап өтті.
Қазақстан үшін ғарыш саласының алар орны ерекше. Елімізде дүние жүзіндегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан. Әлем біздің ғарыш айлағымызды «Жердің бірінші ғарыштық айлағы» деп мойындайды. Елбасының ғарыш қызметін іске асыруға қолдау көрсетіп, оған ерекше назар аударып жүргені баршамызға мәлім. Тәуелсіз еліміздің ширекғасырлық тарихындағы жетістіктеріміз сол нақты тапсырмалардың нәтижелері екенін атап өткен жөн.
Одан әрі сөз алған Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшылығының орынбасары Евгений Чулков жұлдызды қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталды. Жалпы, бүгінгі Байқоңырды әлемдік ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерінің тоғысы, адамзат ақылының шоғырланған жері десек, қателеспейміз. Қазіргі күні қазақ елі Ресей Федерациясымен тізе қосып, ғарышты игеру жолында ауқымды жобаларды қолға алып отыр. Бұл жерден 1961 жылы адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин аспан әлеміне көтерілді. Еліміз тәуелсіздік алар тұста 1991 жылдың 2 қазанында «Союз ТМ-13» кемесімен Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Тоқтар ағамыздан кейін Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов көк төсіне самғады.
Мемлекет басшысы егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап ғарыш саласын дамытуға ерекше назар аударып келеді. Ғарышқа жол салған «Байқоңырдың» бүгінде екінші тынысы ашылды деуге де болады. Қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Айлақтан «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі мемлекет дамудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен. Оның іске қосылу уақыты 2025 жылдан 2022 жылға қарай ауыстырылды.
Мұнан кейін мінберге Иран Ислам Республикасы Гүлістан провинциясы экономиканы үйлестіру жөніндегі департаментінің директоры Юсеф Басанжиде көтеріліп, ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыстарға тоқталды.
Тұтас айтқанда, Иранмен арадағы байланыс жыл санап жақсарып келеді. Әсіресе, ауыл шарауашылығы саласындағы әріптестікте бірқатар табыстарға қол жеткізілді. Жуырда облыс делегациясы Иран Ислам Республикасының Мазандаран, Гүлістан провинцияларына жұмыс сапармен барып қайтқан болатын. Сапар барысында сол елдің кәсіпкерлерімен ирандық күріш сорттарын аймақта өндіруді қаржыландыру және өндірген өнімді түгел Иранға экспорттау жөнінде келісімге келді. Биыл күріштің алғашқы 60 тоннасы Иранға экспортқа жіберілетін болса, алдағы жылдары ирандық күріш сорттарын 5 мың гектарға жеткізу көзделуде. Бұл елге қойдың да экспортталып жатқанын айта кеткен жөн.
Жиын барысында «АралСода» «Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны» АҚ басқарма төрағасы Динг Чао Ран және түркиялық «Yıldızlar SSS» холдингі энергетикалық тобының басшысы Эртем Суат, Корея Республикасының Қазақстандағы Бас Консулы Мин Джон Сын, еліміздегі Польша Республикасы елшісінің кеңесшісі Скшидло Анджей сөз сөйлеп, ынтамақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Пленарлық мәжіліс соңында облыс әкімідігімен және аймақ кәсіпкерлерімен Түркия, Қытай, Иран, Польша, Ресей, Өзбекстан елдерінің компанияларымен бірқатар меморандумға қол қойылды.
Бұған дейінгі форумдар өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған жобалардың жүзеге асуына негіз болған еді. Тоғызыншы форум да өңір компанияларының шетелдік және отандық инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнатуына, бизнес пен ғылым салаларының және билік өкілдерінің инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда, аймақ экономикасын әртараптандыруда, жетілдіруде күш біріктіруіне мүмкіндік туғызды.