Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын қолға алу мәселесі орынды көтерілген. Осы орайда ғылыми еңбектерді аударудың да мәні зор екенін айтқым келеді.
Осы заманғы білім берудің стандарттары 3-5 жыл сайын оқулықтардың жаңартылып отыруын талап етеді. Бірақ, мұндай құбылыс ғылыми еңбектерге тән емес, соның ішінде гуманитарлық бағыттағы іргелі академиялық зерттеулердің құндылығы тіптен уақытқа тәуелсіз. Олар ғасырдан ғасырға озып, өміршең келеді. Сол себепті оқулықтармен қатар әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектерді де мемлекеттік тілге аударуды қоса жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Рухани жаңғыруда іргелі гуманитарлық туындылардың салмағы ерекше екендігі дау тудырмайды. Дей тұрғанмен мемлекеттік тілдің толыққанды ғылым тіліне айналып, ұлттың интеллектуалды әлеуетін көтеретін күшке ұласуы үшін – жаратылыстану ғылымында жарық көрген әлемдік академиялық туындыларды да аудару шаралары қабат жүруі керек. Себебі ғылымы өрге жүзген елдерде, оған тартылып отырған гуманитарлық және қоғамдық ғылым саласындағы мамандардың үлесі бар болғаны 5-6% -дан аспайды. Сондықтан рухани жаңғыруға қосатын өзге ғылым салаларының (жаратылыстану, техникалық, медицина, ауылшаруашылық) үлесі қомақты екендігін естен шығармауымыз керек.
Рухани жаңғырудың негізгі мәселесі ретінде «Мемлекеттік тіл – ғылым тілі. Қазақ тіліндегі 100 ғылыми еңбек» деп аталатын жобамен әрбір ғылым саласына қарасты жекелеген мамандықтар бойынша аударма жұмыстарын жүргізуді қолға алуды ұсынамыз. Академиялық іргелі ғылыми еңбектердің қазақ тілінде сөйлеуі – мемлекеттік бюджеттен жұмсалған қаржыны ақтап қана қоймайды, ол сонымен бірге ұзақ жылдар бойы ұлттың интеллектуалды қорына қызмет жасап, тиімділігін еселей түседі. Іргелі, сондай-ақ қолданбалы ғылым саласындағы еңбектерді мемлекеттік тілге аудару жұмысын Ұлттық аударма бюросына немесе Білім және ғылым министрлігінің өзіне тікелей тапсыруға болады. Ғылыми аударма қызметіне жұмылдырылатындарды шартты түрде екі топқа бөліп қарастырып отырмыз. Бұлай бөлудің негізіне аударма жұмысына ақы төлеу өлшемі алынады:
Бірінші топқа – ақы төленбейтін ғылыми-аударма қызметі жатқызылады. Бұл санатқа мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан PhD докторанттарды жұмылдыруға болады. Себебі олардың оқуы, шәкіртақысы және екі жыл қатарынан шетелде тағылымдамадан өтуі мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан бөлінген мемлекет қаржысының аясында оның тиімділігін арттыру – PhD докторантура институтының зерттеушілік тағайынына сай келеді деп есептейміз. 2016-2017 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 585 орын бөлінген болса, биылғы 2017-2018 оқу жылына 1280 орын беріліп отыр.
Екінші топқа – ақы төленетін ғылыми-аудармашылық қызмет жатады. Оларды 3 санатқа бөліп қарастырамыз:
1) Мемлекеттік және жеке ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамы. 2015 жылғы мәлімет бойынша 38 087 адам осы санатта жұмыс істеп жатқан және оның 51,4% ғылыми дәрежеге ие;
2) Мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес ғылыми-зерттеушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері. Кейінгі жылдардағы мәлімет бойынша елімізде 392 ғылыми мекеме қызмет жасап отыр. Олардың ҒЗИ нысанындағысы – 245, ЖОО-лар құрамындағысы – 89, өзгелері – 58. Аталған мекемелерде 18 930 маман-зерттеуші нақты ғылыми ізденістермен жұмыс істеуде;
3) Ақылы негізде PhD докторантурада білім алушылар. Енді әрбір топқа жататын ғылыми аударма қызметінің мазмұнына жеке-жеке тоқталып кетелік. Бірінші топқа жататын PhD докторантурада білім алушылар ғылыми және педагогикалық кадрлар жасақтауда 2006 жылдан бастап негізгі рөлді атқарып келеді. Ғылыми дәреже алудың бекітілген тәртібіне сай PhD докторанттар ғылыми зерттеудің нәтижелерін нөлдік емес импакт-фактормен белгіленетін шетелдік баспаларда (Thomson Reuter немесе Scopus) жариялауы тиіс.
2015 жылғы статистика бойынша PhD докторантура бағдарламасын аяқтаған 533 түлектің тек 175-і ғана (32,8%) диссертацияларын мерзімінде қорғауға шығара алған. Мұндай төмен көрсеткіштің басты себебі – шетелдік басылымға жариялаудың күрделілігі, ақылылығы, уақытты ұстайтындығы, басылымның редакторлық қызметінің ескертпелерімен жұмыс жасау және т.б. толып жатқан сұрақтардың болуы. Шетелдік баспаға мақаласы дер кезінде жарияланбағандықтан PhD докторанттардың көпшілігі дайын тұрған диссертациялық жұмысын мерзімінде қорғауға шығара алмай, қолдары байланып отырған жағдай бар. Бұдан бір жағы PhD докторантура институтының тиімділік көрсеткіштері төмендесе, екінші жағынан жоғары білікті маманды қажет ететін отандық еңбек нарығында есесін жіберуде. Сондықтан 2011 жылы 31 наурызда БҒМ №127 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми дәрежелерді тағайындау ережелерінің» 6-тармағының тиісті бөлігіне келесідей толықтыру енгізуді ұсынамыз: «Сондай-ақ, шетелдік іргелі және қолданбалы ғылым саласында жарық көрген академиялық еңбекті мемлекеттік тілге аударған тұлғалар үшін рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар талап етілмейді».
Мұндай шешім, бірінші кезекте PhD докторантура институтының тиімділігін арттырып қана қоймайды, ол сонымен бірге бітірушілердің мерзімінде қорғауға шығуына мүмкіндік берген болар еді.
Екіншіден, PhD докторантта демократиялық таңдау мүмкіндігі қалыптасады. Шетелдік рецензияланатын басылымға жариялау немесе тақырыбына қатысты шетелдік академиялық ғылыми еңбекті мемлекеттік тілге аудару мәселесін өз қалауы бойынша анықтайды.
Үшіншіден, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тілі ретіндегі мәртебесі нығайып, интеллектуалды әлеуеті артады. Ғылыми ұғымдар мен түсініктердің аппараты, категориялар жүйесі қазақ тілінде сөйлеу арқылы отандық ғылыми ойдың баюына қомақты үлес қосады. Бұл дегеніміз, жыл сайын орта есеппен кемінде 50% бітіруші шетелдік академиялық ғылыми еңбекті қазақ тіліне аударады деген сөз. Сөйтіп берілген орын санына қарай жыл сайынғы аударылатын ғылыми еңбектердің саны да еселеп, артып отырады. Мәселен, соңғы мәліметтерді ескерер болсақ (2016-2017 жылдары – 585 орын, 2017-2018 жылдары 1280 орын бөлінген), мұндай бастама жылына кемінде әлемдік деңгейдегі 300-700 ғылыми туындының тұрақты түрде қазақ тіліне аударылып отыруына жол ашқан болар еді. Айта кетуіміз қажет, аударылған ғылыми еңбек толықтай мемлекет есебінен жарияланатындықтан интернет желісінде тегін тарату мақсатында Білім және ғылым министрлігінің мерзімсіз пайдаланылуында болуы тиіс.
Төртіншіден, диссертациялық зерттеумен байланысты ғылыми еңбекті қазақ тіліне аудару арқылы PhD докторанттарымыз да отандық ғылымды дамытуға сүбелі үлес қосады, уақытын ұтымды пайдаланады, зерттеушілік қабілетін ашып, ғылыми құзыретін кеңейтеді, қазақ тілді ғылыми ойдың стильдері қалыптасады және ең бастысы, көптеген қазақ жастарының бойында бар ұлт алдындағы азаматтық парызын орындауға деген ынтасы жолға түсіп, ұмтылыстарына қолайлы жағдай жасалады.
Айтылған мәселелерді қоғам өміріне енгізу үшін мынандай нақты шаралар атқарылуы қажет деп ойлаймыз:
1. Әрбір ғылым шифры бойынша 100 іргелі және қолданбалы ғылыми еңбектердің тізімін әзірлеу. Мұндай тізім кемінде жылына бір рет толықтырылып отырылуды қажет етеді. Бұл ретте ЖОО жанындағы Ғылыми кеңестерге тікелей тапсырма беру арқылы жұмысты үйлестіруге болады. Кафедралардың ұсыныстары негізінде ЖОО-ның Ғылыми кеңестері Білім және ғылым министрлігіне өз тізімдерін бере алады. Заманауи рейтингтер бойынша тізімнің басында тұрған 100 ғылыми еңбекті компьютер арқылы таңдап алуға да болады. Сондай-ақ, PhD докторант үшін ғылыми жетекшісінің келісімімен тізімге енбеген, алайда зерттеу тақырыбы үшін маңызды деп есептелетін ғылыми туындыны арнайы хат арқылы құзырлы органды хабардар ете отырып, бекіттіріп алуына жол ашық һәм еркін болуы тиіс.
2. БжҒМ жанынан Ғылыми аударманы үйлестіру орталығын құру. Оның міндетіне кемінде 2 түрлі мәселені үйлестіріп отыру қызметі жатады деп есептейміз: 1) интернет желісінен портал ашу арқылы әрбір PhD докторантқа берілген аударма жұмысының электронды есебін жүргізу және бақылауда ұстау; 2) аударылған еңбектердің интернет желісінде тегін пайдалануға орналастырылуын ұйымдастыру мен авторлық құқық мәселесін шешу. Екінші топқа жататын ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамы (бұдан әрі – ОҚП) мен ғылыми-зерттеушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері ғылыми аударма жұмысын ақылы негізде жүзеге асыратын негізгі контингентті құрайды.
Бұлардың басты ерекшелігі сол, аударылуға жататын шетелдік ғылыми туындыны өз қалаулары бойынша таңдай алады. Себебі, мамандардың атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік, сондай-ақ педагогикалық тәжірибесі қандай ғылыми туындыға қажеттіліктің бар не жоқ екендігін дәл біліп, дөп түсуіне мүмкіндік береді десек артық айтқандық болмайды.
Сондықтан да ғылыми-аудармашылық бастамаларға тек қолдау көрсетіп, бар болғаны шығармашылық қызметтің еркін дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бұл орайда, Ұлттық аударма бюросына немесе Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылуы мүмкін Ғылыми аударманы үйлестіру орталығына өздері жұмыс істеп отырған мекеменің атынан тапсырыс беру арқылы ғылыми аудармамен ақылы негізде айналыса беруіне шынайы жағдай жасалуы тиіс. Бүгінгі таңда ғылыми кадрларды әзірлеуде тек қана мемлекеттік тапсырысқа негізделген жүйе өзіміз көріп отырғандай кадр тапшылығын қалыптастырып отыр. ОҚП-ның ғылыми дәрежелік көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Мәселен, бір ғана философия мамандығына мемлекеттік тапсырыс бойынша 2016-2017 оқу жылына бар-жоғы 3 орын берілген.
Ғылымның өнертапқыштық әлеуетін арттырамын деген мемлекет үшін бұл жағдай теңізге тамған тамшыдай ғана әсер қалдырудан ары аспайды. Өзге ғылым салаларының да жағдайы осы деңгейде. Алайда PhD докторанттарды әзірлеуге қатысты биылғы жылдың мемлекеттік тапсырысы екі есеге өсуі көңіл қуантарлық. Біртіндеп болса да ілгерілеушілік бар екендігін байқаймыз.
Сол себепті соңғы кездері ақылы негізде оқытылатын PhD докторантура қызметі қайта жандана бастады. Бұл жағдай өз қаржысына оқып жатқан PhD докторанттарға ғылыми аударма қызметін ақылы негізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептейміз. Алайда оның сапасы мен көлеміне қойылатын талаптар нақты айқындалып, бақылау ережелері пысықталғаны жөн. ОҚП мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми-аудармашылық жұмысы келесідей жағымды сипаттарға ие: Ең әуелі, өз саласының маманы ретінде дамуына, зерттеушілік қызығушылығын арттыруға, кәсібилігі мен құзыреттілігін жетілдіре түсуге мүмкіндік алады.
Екіншіден, мұндай мүмкіндік ғылыми аударма жұмысы үшін белгіленген тариф бойынша мемлекет есебінен қаржыландырылып, қосымша табыс көзіне ие болады. Бұл өз кезегінде қазақ тілді ғалымның әлеуметтік мәртебесіне оң әсерін тигізбей қоймайды. Үшіншіден, отандық ғылымның ағымдағы сұранысына ең қажетті деген еңбектердің аударылуына және бастысы өз кәсібінің мамандарымен сапалы аудармалардың жарық көруіне жол ашады. Төртіншіден, ЖОО-лар жанында ғылымды дамыту саясатына оң ықпалын тигізіп, университеттердің, ОҚП-ның рейтингтері өсе түседі. Сондай-ақ жеке ЖОО-лары мен ғылыми мекемелердің де жалпыұлттық ғылыми аударма қызметіне бір кісідей белсене қатысуына мүмкіндік ашып, ғылымды қолдаудың қосымша қаржы көздерін табуға жағдай жасайды. Мемлекеттік тілге шетелдік іргелі және қолданбалы ғылыми еңбектерді аудару қызметі кемінде 3 түрлі шаралар кешенінен тұруы қажет: материалдық ынталандыру; идеологиялық-моральдық қолдау; ұйымдастырушылық-құқықтық қызмет. Қорыта келгенде, мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыруға қатысты нақты ұсыныстарымыздың бір парасы осы. Құзырлы мекемелер мен ғылыми қауымдастық біздің көзқарасымызды қолдап, жетілдіре түседі деген үміт бар.