« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елдің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған, рухани жаңғыруға негіз болатын бірқатар бағыттар айқындалған. Бағдарлама баспа бетінде жарияланған сәттен бастап ел ішінде кеңінен талқыланып, ондағы мақсат-міндеттерге байланысты шаралар атқарылуда. Біз Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмахановпен сұхбаттасып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасап жатқан жұмыстарын сұраған едік.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Шиелі ауданында қандай шаралар атқарылуда?
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында елді кемел келешекке бастайтын бағыттар көрсетілген. Ондағы көтерілген мәселелер әр қазақтың, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз. Президент мақаласы жарияланғаннан кейін аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив отырысы өткізілді. Сондай-ақ, ауданда атқарылатын іс-шаралар жоспары құрылып, мақаланы ілгерілету және ақпараттандыру шараларының медиа-жоспары бекітілді. «Рухани жаңғырудың» төрт кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша, Сарапшылар кеңесі, Жобалық офис және аудандық жұмыс тобы құрылды. Бұған қоса тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ауданымыздың әр саласында қызмет атқарған тұлғаларды айқындау жөнінде «Шиелі ауданының 100 жаңа есімі» жобасы аясында жұмыс тобы өз қызметін атқарды. Аталған топтардың құрамына өңірдің зиялы қауым өкілдері, депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, БАҚ өкілдері енгізілді.
– Қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі болып отыр. Бұл мәселеге қатысты нендей пікір білдіресіз?
– Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – терең түсініп, дәйектілікті қажет ететін үлкен мәселе. Біз оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Біріншіден, жер жүзіндегі миллиардтаған адам өзінің ана тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жаппай оқылып жатқан ағылшын тілін біздің де жедел үйренуіміз қажет. Бұл жерде «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, әлем елдерінің ең озық жетістіктерін қабылдай білу табыстың кілті болмақ. Бағдарламаны ілгерілету мақсатында және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын аудандық ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Есепті мерзімде аталған топ мүшелері кент және ауылдық округтерде, ауданға қарасты барлық елді мекендерде кездесулер өткізіп, аймақ тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
– «Рухани жаңғыруды» іске асыруға бағытталған кіші бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Бұл жұмыстар «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» деп аталатын бағдарламалар арқылы орындалуда. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша аудандағы білім беру ұйымдарының оқушылары арасында «Менің қиялымдағы әлем», «Туған өлке», «Табиғат – алтын бесік» тақырыптарында сурет салудан аудандық байқау өткізілді. Мектеп кітапханаларында жас ұрпақтың санасында туған еліне деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ, тарихымыз бен өнерімізді қастерлеп, ардақтай білуге тәрбиелеу мақсатында да іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен бірге, «Киелі Шиелі ауданының табиғаты» тақырыбында үздік фото және бейнематериалдардың аудандық конкурсы болып өтті.
«Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша аудандағы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ерікті болғысы келетін тұлғалар туралы мәліметтер базасы жинақталуда. Ерікті тұлғалардың басты мақсаты мемлекеттік маңыздылығы бар істерге белсене араласып, билік пен халық арасындағы «Алтын көпірге» айналу. Ауданда «Жас Ұлан» және «Достар әлемі» еріктілер жасағы құрылып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету, жалғызбасты қарттарға «Қамқорлық» акциялары ұйымдастырылып келеді. Сондай-ақ, аудандағы білім беру мекемелеріне көмекке мұқтаж, жалғызбасты қарттар мен ардагерлерді қамқорлыққа алуын, үй шаруасында, басқа да қол көмектер көрсетуге байланысты арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті шаралар атқарылуда. Шиелі ауданынан шыққан меценаттардың базасын жинақтау және туған еліне демеушілік көмегін ынталандыру бойынша ұйымдастыру шаралары қолға алынған. «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығы өте зор. Бағдарлама мақсаты – туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша құрметпен қарап, шынайы патриотизмнің маңызды көріністерін қалыптастыру. Осы тұста бар күш патриотизмнің ең жақсы үлгісі ретінде орта мектепте туған жердің, туған елдің тарихын оқытуға жұмсалуда. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыз-әңгімелер бар. Аудандағы жер-су атауларын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Аудан әкімінің қолдауымен «Шиелі-Самғау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата кесенесіне және «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай ашылған этноауылға 50 ардагер саяхаттап қайтты. Қыркүйек айында 40 ардагер Түркістан қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне барды. Бұл орындарға оқушылардың да барғанын айта кеткен абзал.
Елбасы өз мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деді. Осы ретте «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өткенді жөн санап отырмыз. Жыл басында аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылып, құнды кітаптарды, картиналарды, тарихи құжаттарды, материалдық мәдени заттарды ерікті түрде табыстау бойынша акциялар өткізіліп, тарихи мәліметтермен көне жәдігерлер жинақталуда. Ауданымыздың тарихи киелі жерлерін кеңінен насихаттау мақсатында саяхат, экспедициялардың кестесі әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілді. Қасиетті жерлердің мәдени-географиялық белдеулерінің толық тізбегі қайта жаңартылып, тарихи деректері толықтырылды. Рухани құндылықтар мен ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында мұражайлар мен тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінде туған жердің тарихын оқыту жұмыстары жүргізілуде. «100 жаңа есім» жобасы аясында тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ауданымыздың әр саласында қызмет атқарған тұлғаларды айқындау жөнінде жұмысшы тобы құрамы құрылды. Бүгінгі таңда Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, ауданымыздың әр саласында қызмет атқарған 100 тұлғаны анықтау жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта елімізге танымал шиеліліктердің жетістіктерін бейнелейтін жинақтар шығару жоспарлануда.
– Елбасы мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта – пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп, өсуге тиіс» деп айтылған. Өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды насихаттау жағы қалай?
– Ауданның дамуына, өркендеуіне үлестерін қосқан әрбір азаматтың өмір жолы мен сіңірген еңбегін біз болашақ ұрпаққа үлгі, өнеге ретінде насихаттауымыз қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың рухани сана мен отаншылдық бағыттағы ойларын жетілдіріп, патриот азамат болып қалыптасуына ықпал етеміз. Сонымен қатар, туған жерді көркейтіп, туған өлкені дамытуға өз үлестерін қосуға өңіріміздегі және басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келетін кәсіпкерлерді, демеуші азаматтарды, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау жұмыстары қатар жүруде.Соның бір айғағы ретінде Ақмая ауылдық округінде жобалық құны 70 млн теңгенің жаңа спорт кешені халық игілігіне пайдалануға берілді. Аталған спорт кешенінің құрылысын салуға Жұмбеков Самат Дәулетұлының көрсеткен қаржылай қомақты үлесін атап өтуге болады. Жуантөбе ауылдық округінде жобалық құны 42 млн теңге болатын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Спорт кешені пайдалануға берілген кезде ауыл жастары дзюдо, волейбол, бокс, тоғыз құмалақ сынды спорт түрлерімен айналысатын болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыты ретінде бұл жұмыстарды жүргізуде өңірімізде ауқымды шаралар атқарылуда. Атап өтер болсақ, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойына арналған ірі көлемді іс-шаралар өтті. Тартоғай ауылында ғалымның бюсті орнатылып, мұражайы ашылды. Сонымен бірге, ауыл іргесінен ауылдық мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Сұлутөбе ауылдық округінде жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаевпен кездесу өтті. Облыстың бас ақыны атанған Махамбетқали Тұрсановпен және Әлшекейдің күйлерін насихаттаушы Тынысбек Дүйсебековпен аудан жастарының кездесуі ұйымдастырылды. Жөлек ауылында «Тағылымы мол тарихи өлке» атты ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, «Сырдың сырлы Жөлегі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Киелілер ордасы саналатын «Оқшы ата» «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізіміне енді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы күнде де жалғасатын болады.
– Риясыз әңгімеңізге рахмет.
Сұқбатты жүргізген
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |