ТОҚШЫЛЫҚ ТОЙЫ

Аудан орталығы – Әйтеке би кентінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталған «Алтын дән-2017» мерекесі молшылық мерекесіне айналды. Іргелі көшенің бойына қаз-қатар қойылған автокөліктер мен сауда қатарларының маңында шоғырланған жұртшылықтың қарасы мол. Біреулер қой-ешкіні, келесі тұтынушы бақша дақылдарын, ал кейбіреу бауланған шөп саудаласып мәре-сәре.

Жанқожа батыр ауылындағы «Шилі» шаруа қожалығын көбі біледі. Жеке кәсіпкер Сәтбай Қоланов басқаратын ұжым жәрмеңкеге тоқты әкелген екен. «Түгін тартса, май шығады» дейтіндей аса күйлі тоқтыларға сұраныс жоғары. Жүк көлігіне толтыра тиелген уақ малды әп-сәтте бір тұтынушы көтере сатып алды. Арықбалық ауылдық округінің әкімі Сапарбек Қуатов тоқтыға қоса бақша дақылдары, бауланған шөпке де сұраныс мол болғанын айтты. Жәрмеңке барысында Ақтан батыр, Өркендеу, Бірлік елді мекендері мен Қазалы қаласынан келген өнімге көпшілік қызығушылық танытты. Майдакөлдік Әсет Дүзбаев жәрмеңкеге қауынқұрт, қауынқақ, консервленген қияр, қызанақ әкеліпті. Дәмі тіл үйірер бақша өнімдері қас-қағымда өтіп кетті. Әсет еккен қауын-қарбыз елімізбен қатар Ресейге экспортталып жүр.

Аудандық мәдениет үйіндегі салтанатты марапаттау сәтінде Әсеттің мерейі үстем болғанына шынымен қуандық. Жәрмеңкені аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өміртай Өтеп-Әлі аралап шығып, аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.

Мұнан соң аудандық мәдениет орталығында «Қазалы өнімдері» көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мереке егін жинау жұмыстарының қорытындысымен еңбек озаттарын, көрме-жәрмеңке жеңімпаздарын марапаттау шарасына ұласты. Салтанатты рәсімде аудан әкімі озаттарды марапаттады. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалады. «Нұр – Есет» мейрамханасында мерекелік дастархан жайылды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, 

Қазалы ауданы.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қараша 2017 г. 576 0