ЭКСПО-2017 көрмесінің екінші тынысы ашылды. Үш ай жазда инновациялық техника мен жаңалықтың алаңына айналған халықаралық мамандандырылған шара енді туристік аумаққа айналады.
Осы оқиғаға орай өткен салтанатты рәсімде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйлеп, алдағы уақытта қолға алынатын шаруалардың мән-жайын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта көрмеге қатысқан шет мемлекеттер өз экспозицияларында демонтаждау жұмыстарын аяқтау үстінде.
«Көптеген көрмелердің нысандары шара аяқталған соң коммерциялық алаңға айналады немесе таратылады. Мәселен, Миланда өткен соңғы көрмеде солай болды. Біздің де павильонымыз ол көрмеге қойылды, кейін жинап алынды. Оған дейін болған ЭКСПО көрмелерінің нысандары коммерциялық орталықтарға берілді. Президенттің идеясы – көрме перспективаға бағытталуы керек. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, капиталды дамыту жолы. Президенттің салиқалы тұжырымдамасының тиімділігін нысандарды қолдану шешімі көрсетіп отыр», деді А.Есімов.
Жаңа жылдан бастап ЭКСПО-2017 қалашығындағы павильондарда күрделі жөндеу жұмыстары басталады екен. «С-3», «С-4» павильондарында «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналаспақ. «C-1» павильонында білім беру орталығы құрылады. Ұлттық компания басшысы атап өткендей, бұл орталықтың негізгі идеясы ерте жастан бастап болашақ мамандардың мүмкіндіктері мен әлеуетін анықтау және дамыту болмақ.
«Мұндай қызмет көрсету нысандары қазірдің өзінде дамыған елдерде жұмыс істейді. Баланың ерте жасынан қандай кәсіпке икемді екені анықталады, бұл қадам болашақта табысты болуы мүмкін. Орталық білім берудегі жаһандық үрдісті қолдануға, өмірді қанағаттандыруға бағытталған. Бұл біздің өңірдегі осындай алғашқы орталық болады. Қазіргі уақытта оның тұжырымдамасы Назарбаев Университетімен бірлесіп әзірленуде», деді А.Есімов. Жиында белгілі болғандай, «C-2» павильонында көрме кешені орналасады. Ол түрлі көрмелерге, халықаралық және отандық экспозицияларға арналған алаң болады.
«Өңірлер мен мемлекеттер өздерінің жетістіктерін көрсетіп, тәжірибелерімен үнемі бөлісе алмақ. Қазір дизайнерлік тапсырманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмысқа «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тартылып отыр», деді ұлттық компанияның басқарма төрағасы. Оның айтуынша, корпоративтік павильонның негізінде IT-стартаптардың халықаралық технопаркі құрылады. Ол бағыттағы жұмыс Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп жүргізілмек.
«Коммуникация орталығы жетекші БАҚ-тың локациясы болады. Ол алаң ЭКСПО көрмесі кезінде өте ыңғайлы инфрақұрылымдық алаң ретінде өзін көрсете білді», дейді Ахметжан Есімов. Көрменің туристік аумағының ашылу салтанатында Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев халықаралық шарадан кейін елорданың қалай өзгергенін әңгімеледі.
«ЭКСПО-2017 көрмесінің стратегиялық жобасының арқасында Астана қаласы өте көркем келбетке ие болды. Халықаралық көрме еліміздің «жасыл» технологияларға деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Қазақстан еуразиялық аумақта қауіпсіз әрі жылдам дамып келе жатқан мемлекет ретінде имиджін жақсарта түсті. Ал Астана еліміздің ең іскер әрі қаржылық орталығына айналды. Көрме нысандарының алдағы уақытта да ел игілігіне жарайтыны, атап айтқанда Халықаралық қаржы орталығы, ІТ-стартаптар технопаркі, «жасыл» технологияларды дамыту бойынша халықаралық орталықтың ашылатыны қуантады», деген қала басшысы IT-технопарктің ашылуы біздің ғалымдарға, бизнесмендер мен жас мамандарға өздерінің инновациялық жобаларын іске асыруға мүмкіндік беретінін айтты. «Нұр Әлем» Астананың жаңа көрікті орнына айналып, ЭКСПО-2017 көрмесінің басты туристік мұрасы болып қалды. Еліміздің бас шыршасы және ең ірі мұз қалашығы «Нұр Әлемнің» маңында салынатыны туралы шешім қабылданды», деді әкім.
Ол сонымен қатар ЭКСПО-2017 ашылғалы бері оған 4 млн адам келгенін, бұл Астана үшін маңызды көрсеткіш екенін айрықша жеткізді. «ШЫҰ және ТМД елдері арасындағы іс-шаралардың рейтингінде Астана осы бірлестіктердің ТОП-5 қалаларының қатарына енді. Инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып, жаңа әуежай мен темір жол вокзалы ірге қалады. 11 көше ашылды. 50 шақырымнан астам жылу желісі мен 25 шақырым электр желісі салынды. Қалада қонақүйлердің саны артты. Егер 2016 жылы олардың саны 165 болса, биыл қонақүйлердің саны 200-ден асты. Елордада жүздеген жаңа мейрамханалар мен дәмханалар ашылды. ЭКСПО-ның басталуына дейін 2 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылып, бұл жұмыс қалада қылмыс деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді. Мәселен, 2017 жылдың 8 айы ішінде тіркелген қылмыстардың саны шамамен 20 пайызға төмендеген. Жыл соңына дейін қалада 13 мың камера орнатылатын болады», деді Астана әкімі.
Салтанатты рәсім көркемөнерпаздар қатысқан мерекелік концертпен жалғасты.