Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Мәскеуге жұмыс сапары барысында Ресейдің Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларында білім алып жатқан Сыр жастарымен жүздесті.
Емен-жарқын жүздесуде Сыр өңірінің тыныс-тіршілігі мен бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру, дүние жүзіндегі ғылым, техниканың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы тақырыптар қозғалды. Бұған қоса, аймақ басшысы білім қуған жастарға қазан айында Мемлекет басшысының Қызылорда облысына сапарының қорытындысы мен аймақтың 2020 жылға дейінгі инвестициялық даму стратегиясы және өзге де маңызды мәселелер туралы айтып берді.
Расында, алға ұмтылған қадамымыздың нық болуы үшін де рухани жаңғыруға біз мүдделіміз. Елбасы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласын айналамызда болып жатқан ірі оқиғалардың мәнін түсіндіру бойынша болашақ ұрпаққа жасаған Үндеуі деп те қараған жөн екенін атап өтті облыс басшысы.
Жалпы, Ресейде оқып жатқан студент-жастармен жүздесіп, өңірдің даму ахуалы, қоғамымыздың тыныс-тіршілігі туралы ой бөлісу бүгінде дәстүрге айналды.
Осы дәстүр аясында алға қойған мақсаттар мен жоспарлар жөнінде сұхбат жасау бүгінгі жиын мұраты. Биылғы тамыз айында облыс әкімдігінде өткен кездесу өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері, келешектің келбетіне арналды. Бүгінгі әңгіме өз өңіріміздің тыныс-тіршілігі мен Сіздерді жұмысқа орналастыру, сондай-ақ, дүние жүзіндегі ғылым мен техниканың қазіргі жағдайы мен болашағы туралы болмақ. Ол жаңалықтар адам өмірін қалай өзгертуі мүмкін деген сұрақтарға жауап іздеп, техникалық ілгерілеудің бізге не бере алатындығына негізделген. Сондықтан Сіздерді де ойларыңызды тартынбай ортаға салып, алдағы жоспарларыңыз туралы ашық пікір алмасуға шақырамын, – деді облыс басшысы.
Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы елшілігінің ғимаратында Қызылорда облысының әкімдігі М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен және басқа да жетекші техникалық жоғарғы оқу орындары – «МИСиС» Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей Мемлекеттік мұнай және газ университеті, К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу аграрлық академиясы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті және Санкт-Петербургтегі өнеркәсіптік технологиялар мен дизайн мемлекеттік университеттерімен меморандумға қол қойылды.
Қызылорда облысы мен Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарының арасындағы ынтымақтастық орнатылды. Ресейдің жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық пен тиімді серіктестіктің арқасында қазіргі таңда аймақ мектептерінің 452 түлегі Мәскеу мен Санкт-Петербургтің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқандығы атап өтілді.
Бұған қоса, меморандум аясында алдағы 2018 жылдан бастап М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті физика-математика және механика-математика мамандықтары бойынша сырбойылық жастарға 20 грант бөліп отыр.
Салтанатты жиынға М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий және Ресейдің бірқатар жетекші техникалық жоғарғы оқу орындарының басшылары қатысты.
Жиында сөз алған академик В.Садовничий 9 қараша күні Челябинск қаласында екі ел басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан және Ресей арасындағы XIV өңіраралық ынтымақтастық форумының маңыздылығына тоқталып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты сақтай отырып, білім мен ғылымды дамытудағы басым бағыттарды атап өтті.
Әлбетте, жоғарғы білім беру саласындағы қол жеткен келіссөздер аймақтың қарқынды дамуына серпін бере отырып, облыстың интеллектуалды әлеуетінің өсуіне, ел дамуындағы жастар рөлінің артуына және Ресей-Қазақстан қарым-қатынастарының нығаюына оң нәтижесін берері сөзсіз.