Латын әліпбиін үйрену орталығы ашылды

Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Латын әліпбиін үйрену орталығының салтанатты ашылу рәсімі, сондай-ақ, «Қазақстан кітапханаларының құқықтық және кадрлық тұғырнамасын жаңғырту» атты жыл сайынғы облыстық әмбебап ғылыми кітапханалар директорларының кеңесі өтті.  
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бо­йынша еліміздегі кітапхана ісінің даму стратегиясын анықтау, кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін көтеру, өзара тәжірибе алмасу, өзара әрекеттестік арқылы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды мақсат тұтқан басқосу аясында ашылған Латын әліпбиін үйрену орталығы Ұлттық кітапхананың бас болуымен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасымен және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірлесіп құрылған.  Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов: «Ұлттық кітапхана қорында 1929-1940 жылдар аралығында елімізде латын графикасымен шыққан он мыңнан аса кітап, сондай-ақ сол кезеңдегі бірқатар басылымдар сақтаулы. Кітапханамызға келетін жылына 1 миллионға жуық оқырманның жетпіс пайызы жас­тар болса, сол жастардың Латын әліпбиін үйрену орталығына бас сұғып, тегін түрде қажетті білім нәрімен сусындауына бар мүмкіндікті жасадық деуге болады. Орталықта төрт бірдей мекеме мамандары келушілерге қажетті ақыл-кеңестерін, бағыт-бағдарын беріп отыратын болады. Енді жоспарға сәйкес, латын әліпбиін үйрету, оқыту жұмыстары, Алматы шаһарындағы латын қарпінде шыққан кітаптардың тұсаукесерлері болашақта осы Орталықта өтіп тұратын болады», дей келе, еліміздегі барлық облыстық кітапханаларда осындай Латын әліпбиін үйрену орталықтарын ашу мәселесі қолға алынатындығын жеткізді. Латын әліпбиін үйрену орталығының салтанатты ашылу рәсімінен кейін еліміздегі барлық облыстық кітапханалар басшыларының «Қазақстан кітапханаларының құқықтық және кадрлық тұғырнамасын жаңғырту» атты жыл сайынғы арнайы басқосуында «ТМД-ға қатысушы мемлекеттерге арналған моделді кітапханалық кодекстің» 2016 жылғы жаңа редакциясы, сондай-ақ, «Кітапхана ісі туралы» заң жобасына, «Ауылдық кітапханаларды мәдениет, ағарту, бос уақыт өткізу орталығы ретінде жаңғырту туралы ереженің» жобасына қатысты ұсыныстар талқыланып, «Қазақстанның кітапхана ісі саласы мамандарын сертификаттау орталығы туралы», «Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 209 бұйрығы бойынша қабылданған Типтік біліктілік сипаттамалардың кі­тап­ханалардың заманауи қызметіне сәйкестігі» тақырыбында баяндамалар жасалды.  Облыстық кітапханашылар жиынында, сондай-ақ, «Туған өлкем» ақпараттық порталының тұсаукесері өтіп, кеңес отырысы аясында Қазақстанның кітапхана ісінің даму жетістіктеріне ар­нал­ған «Қазақстан кітапханаларының құ­қық­тық және кадрлық тұғыр­намасын жаңғырту» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.

«Егемен Қазақстан»
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қараша 2017 г. 868 0