ЖЫРАУЛЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Бабадан жалғасқан ақындық, жыраулық өнердің ұлылығын  сақтап, ұлы өлкеміздегі жырау қыздар көшін бастаған айрықша  талант иесі, көмейіне  бұлбұл  ұя  салған  жыршы-термеші, Қазақ CСР-нің  еңбек  сіңірген  мәдениет  қызметкері  Шәмшат  Төлепованың аудандық Мәдениет үйі ғимаратына есімін беру салтанаты өзге шаралардан айрықша танымдық тағылымымен ерекшеленді.

Шара шымылдығын белгілі ақын Серік Ідірісов:

Жыраудың ұстаз болған талайына,

Бөлеген жұртты жырдың арайына.

Төлепова Шәмшаттың атындағы,

Қош келдің, халқым өлең сарайына.

Өнерді осылайша бағалайық,

Тарихтың тереңінен нәр алайық.

Ал, енді, шашу шашып, лента қиып,

Апамның ақ сарайын аралайық-деген арнау өлеңімен ашты.

Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов құттықтау сөз алып, қашаннан ақындық  пен жыраулықтың алтын ордасы, қасиетті бесігі, өнердің өміршеңдігін танытып, жыр мұрагерлерімен дараланатын Қармақшының дүлділ қызы атанған Шәмшат анамыздың өмір, өнер жолына тоқталды. Өнер әлеміндегі жолын 12 жасында бастаған талант иесінің соғыс зардабын шеккен ауылдастарының көңіліне әсем әнімен, жақұт-жыр термелерімен бір сәтке болса да қуаныш сәулесін себетінін, жас қыздың жыраулық талантының ерте оянып, өнерге бейімділігінің барлығын сезген өнер жанашырлары оны облыстық филормонияға шақырғанын айтып өтті. Ақын, әрі сазгер Нартай Бекежанов басқарған өнер бригадасында жүйрік жырау Рүстембек Жиенбаевпен бірге қызмет жасай жүріп, аға буыннан тәлім-тәрбие алып, өнердің қыр-сырына қаныққан жыршы аз уақытта өзінің табиғи талантымен танылып, қызығы мен қиындығы мол өнердің сара жолына түскенін, Өзбекстан Республикасын аралап, өз өнерімен халықтың ықыласына бөленгенін мақтанышпен жеткізді.

-Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 23 желтоқсандағы №842 қаулысымен «Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Қармақшы аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына Шәмшат Төлепова есімі берілуі өнерді ардақтаған барша ел қуанған игі шара болды,-деді өз сөзінде облыстық мәслихат хатшысы.

-Шәмшат Төлепова – тәңірі сыйлаған жыраулық-жыршылық дарынымен, даралығымен Сыр бойының жыраулық дәстүрі мен мәдениетінде ерекше тұлғаланған жырау, қайталана   қоймайтын  хас  талант иесі.  

Ай ортақ, күн ортақ, жер ортақ сындытекті өнеріміз де ортақ. Республикамызда алғаш Жыраулар үйі Қармақшы ауданында ашылып, оған Көшеней Рүстембековтің есімі берілсе, Мәдениет қызметкерлері мен барша халық үшін мәдениет үйіне Шәмшат апамыздың есімі берілуі қуанышты да құптарлық жаңалық болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген іргелі істі аяқсыз қалдырмаған ел ағаларына разылығымды білдіремін,- деді шарада сөз сөйлеген белгілі жырау Алмас Алматов. .

Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Нұртілеу Салықов та Шәмшат жырауды сағынышпен еске алып, өзіне тән қайталанбас даусы бар ерекше өнер иесімен бірге жүрген күндерден естеліктер айтты. Бала кезінде Өзбекстан халқын тәнті еткен жырауды  40 жылдан кейін қайта шақыртумен апарып, өнер көрсетуіне ұйытқы болғанын, сонда 40 жастағы келіншектер келіп сіздің құрметіңізге есімімізді Шәмшат қойыпты, сіз бізге келіп өнер көрсеткен жылы дүниеге келіппіз деп айтып жатқанын көзбен көріп, құлақпен естігенін тебірене жеткізді. Мәдениет үйінің алдына Шәмшат апаның тек өзі емес шәкірттерімен көш бастап келе жатқан бюстін қойсақ та артық етпейді деген тағылымды ой тастады. 

Ал, Шәмшат Төлепованың ұлы «ҚР дене шынықтыру саласына еңбек сіңірген  жаттықтырушы» Еркін Атабаев анасына құрмет көрсетіп жатқан халыққа ұрпақтарының алғысы мен рахметін жеткізді.

Бір топ өнер қайраткерлері Мәдениет үйі алдында лента қиып, салтанатты түрде жырау есімі берілді.

Тағылымды шара мұнан әрі «Жыраулық дәстүр жалғастығы және Шәмшат әлемі» атты ғылыми-практикалық конференцияға ұласты.

Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Мәжит Сәмитов ашып, жүргізіп отырды.

Конференция жұмысына ғалымдар, Қармақшы ауданының Құрметті азаматтары, Шәмшат апамыздың өнердегі, өмірдегі әріптес –замандастары мен ұрпақтары, төл шәкірттері, кент, ауылдық округ әкімдері, мекеме, кәсіпорын басшылары мен қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, ауыл ақсақалдары, үкіметтік емес ұйымдар, жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өлкеміздегі жыраулық өнер сабақтастығын, Шәмшат Төлепованың өмірі мен шығармашылығын ғылыми тұрғыда  зерделеп, елге танытып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов «Шәмшат-жыраулық-жыршылық өнер дәстүрінің шамшырағы» атты баяндамасында Шәмшат Төлепованың өнер кеңістігіндегі алар орны, жырды тыңдаушысына жеткізудегі қайраттылығы мен қазақ қызына тән намысты болмысын айшықтап берді.

Жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Алматов Шәмшат Төлепованың өмір мен шығармашылығы жайлы тебірене толғанды. Балалық шағы қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келгенін, соған қарамай  өнерді жанымен сүйгенін, ел-елді аралап өнер көрсеткендегі естеліктерін тебірене әңгімелеп берді.  Бұған дейін өнер жанашыры Мардан Байділдаев Шәмшат апа өмірін зерттеп, күйтабағын шығарғанын, алдағы уақытта өмірдерегін қамтитын кітап дайындайтындарын жеткізді.

-Тектіліктің алтын арқауы болған жыраулық өнердің бұл күнге үзілмей жетуі ұлын нарға, қызын арға балаған, бабадан мирас болған қасиетті өнерді қадір тұтқан елдің арқасы. Мемлекеттік саясаттың бел ортасында болып, жырды еш қағазға түсірмей-ақ ауыздан-ауызға, алып даланың бір шетінен екінші шетіне сол қалпында айнытпай жеткізу-бұл жыраулардың ерен еңбегі. Терме айту өзге жерлерде жоқ емес, бірақ Сыр бойының жыршы-термешілеріне тең жырлайтынтындар жоқ болуы мүмкін. Аттыға жол, ауыздығы сөз бермейтін, шашасына шаң жұқпаған жүйрік жыраулардың қатарын Шәмшат апамыздың толықтырғаны біз үшін мәртебе, біз үшін мақтаныш. Бойында бұлқа таланты бар Шәмшат ананың жырларын бір кездері жапондық мамандар «Алтын дискіге» жазып алыпты. Қарапайым қазақ қызының талантымен танылуы өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты екенін де естен шығармауымыз керек. Дәстүрдің дамуына өз үлесін қосқан дара тұлғаның Мәдениет үйіне есімі берілуімен аудан халқын құттықтаймын,- деді филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Төлепованың шәкірті Ерхан Кәрібозов өз баяндамасында.

72 жасында өмірден өткенімен  Шәмшат апамыздың артында өшпес өнері, сарқылмас бай мұрасы, өнерін ардақтаған ел – халқы,  ізін жалғаған шәкірттері бар.

Айтулы шарада оның көзін көріп, өнер жолында тәрбиесін сіңірген мәдениет майталмандары Шекер мен Айша аналар да естеліктер айтып, Ұлы Отан соғысынан кейін жыраулар байқауы мен айтыс алғаш рет Қызылорда облысында 1979-1980 жылдары өткенін, сол байқауға Шәмшат Төлепованың қатысқанын айтып, сол кездегі белгілі тұлғалар мен мәдениет қайраткерлерімен бірге түскен естелік суретті аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаеваға музейге өткізу үшін табыстады.

Сахна төріне көтерілген 90 жастағы ақын ана Пал Баймаханова рухани жан дүниемізді байытар өнегелі де өрелі әңгімелер айтты.

-Шәмшаттың әкесі Төлеп пен менің нағашы атам Мекен бір туған. Ашаршылық, қуғын-сүргін кезеңдерінде Төлеп жер аударып Өзбекстанға кетеді. Басшылық қызмет етіп, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленген Мекен Төлептің елге қайтуы үшін күрескен. Міне, Төлеп елге келмегенде атымызды әлемге танытқан Шәмшаттай жырау қыз да болмас еді.

Шәмшаттың рухын жаңғыртып, қайта тірілткендерің үшін рахмет,- айналайындар деп батасын берді.  Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов конференцияның ауқымды өтуіне атсалысқандарға алғысын айтса, өнер десе, өлең десе ішкен асын жерге қоятын әдебиет, мәдениет жанашыры, ақын Дастан Нәзікбаев та өнер тойында бір-екі ауыз сөз атпай қала алмадық деп сахнаға көтеріліп, апаға арнауын оқып берді. Ел басына түскен ауыртпалық кезеңдерде халықтың рухын жырмен Шәмшат көтерсе, енді жыршы-жырау қызын халқы көтеріп жатқанын жеткізді.

Жыраудың төл шәкірттері Ақерке Өтепбергенова мен Жарқынбек Тұрмағамбетов жырдан шашу шашса, Айгерім Ешбаева Талайлы Досымованың Шәмшат Төлепова дүниеден өткенде шығарған «Қош апа» өлеңін жырлағанда, көпшілік көзіне жас алды.

Аудандық тарихи өлкетану музейі мен кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған көрмеге Шәмшат Төлепованың алған мақтау-марапаттары мен сахналық киімдері, жырау жайлы жазылған мақалалар мен газет қиындылары, кітаптар қойылды.

Шәмшат Төлепова белгілі жырау ғана емес, қаншама шәкірттерді өнер жолына баулыған ұлағатты ұстаз, ұл мен қыз өсірген ардақты ана. Ол кісі туралы әлі талай дастан жазылар, әлі талай тарих ақтарылар. Біз бүгін өнерді сүйген, жырауын ардақтаған Қармақшы елі үшін жыр шамшырағы – Шәмшат жұлдызы қайта жанғанына куә болдық.

Жырау рухы өзін сағынған халқымен қайта қауышқандай әсер сыйлады.


Гүлжанат ДҮЗЕНОВА.

Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет).


 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2017 г. 1 282 0