« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жантөре Бердібаев 1992 жылдан бастап мал шаруашылығымен шұғылдануды шындап қолға алды. Қолдағы азын-аулақ малын жиыстырып, шаруа қожалығын құрды. Әкімдіктерді жағалап жүріп, дария жағасынан жерді бекітіп алды. Өзінің тұрғылықты жері «Жаңатұрмыстан» тура 20 шақырым қашықтықтағы «Орыс түбек» деп аталынатын тоғай арасына таңдауы түсті. Жылқысын да, ірі қара малын да кең жерге жіберіп, еркін бір демалғандай болғаны сол кез. Ол атакәсіпті өркендетуге осылай ерекше екпінмен кіріскен-ді. Нақты кезеңде ұлдары – Бекбол мен Бекетау және келіндері Айнұр мен Аида бұл күндері отағасы бастамасын одан әрі жалғастырып, шаруашылықтың жұмысын ынтымақтаса атқарысып жүр. Әрине, еңбек еткеннің жүзі жарық, жағдайы жақсы болары анық. Мал бағудың бейнеті зор болғанымен, өзіңнің ақ адал тірлігің, біреуге жалынбайсың, қайта саған жағдай айтып келетіндер баршылық. Баққанға мал бітеді ғой, жаратушы да пендесінің қаракетіне қолдау білдіреді, әр істің оңтайын осылай келтіріп тұрады. Бұл күндері жылқының үйірі 3-4-ке, ірі қарасы жүз қаралы малға айналды.
– Малға тиетін зиянкес те аз болмайды, ит-құс бар, бөтен ниетті адамдар да бар, көзден таса болса, жайылымдықтағы малыңды айдап кетуден тайынбайды. Суатқа түсемін деп жарға құлап кететін жануарлар да кезігеді. Соның бәріне қарап, күтімін жасау керек. Осыны ойласа келе, жайылымдық жерімізді түгел қоршап алдық. Енді қауіпсіздеу, мал сыртқа шықпайды, сыртынан бақылап, еркін жайылуына мүмкіндік жасаймыз. Міне, қыс айы да жақындап қалды, қажетті жем-шөпті қора басына жинап, қысқа дайындықты күшейттік, – дейді шаруашылық иесі Жантөре Бердібаев.
Бұл кісілер бие байлап, қымыз сауады. Сиырдың сүті мен айраны ағыл-тегіл. Шөбі құнарлы тоғай отына жайылған жануарлардың сүті майлы болады емес пе, құрты да солай. Сондықтан Жәкеңдер өндірген өнімнің сапасы қашанда көтеріңкі, – деп пікірін білдірді ауылдасы Таубай.
Нарық талабына сай атакәсіпті жандандыру Жантөре Бердібаевтың бергі қыры болса, ағамыз шынтуайтында, өнер адамы. Сонау 1968 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің режиссер мамандығы бойынша бітіріп келіп, Шиелі аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа тұрды. Жалындап тұрған жастық кезі. Сегіз қырлы бір сырлы азаматымыз мәдениет бөлімі басшыларының ұйғарымымен домбыра үйірмесіне де, хорға да қатысып, өз өнерін шыңдай берді. Тіпті актерлікті де меңгеріп, талай спектакльдерде ойнағаны бар. Аудандарды аралап, облыс орталығында талай концерт берді. Жүлденің бірталайын қанжығасына бөктерген Жантөрең осы кісі! Алматы қаласына гастрольдік сапармен барғанда мамандардың өздері шиеліліктердің өнеріне таң қалысты. Сонда ғой өзі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде және «Талтақбайдың тәртібі», «Шұғада» ойнап кәсіби шеберлік көрсеткені. Айтпақшы, кейіпкеріміз «Алдар көсе» және «Батақтың Сарысы» атты пьесаларда да тартымды ойнап, жұрттың қошеметіне бөленген-ді.
– Өнердің құдіретін қойсаңызшы, – деп кейіпкеріміз тағы бір әңгіменің құлағын қылтитты. – Үгіт бригадасының құрамында малшыларды аралап, «Жалғыз ағаш» деген жерге барғанбыз. Сол жерде концерт қойдық. Маханбетқали Тұрсанов ағамыз, басқа да жыршы-термешілер, әнші-бишілеріміз бар, үлкен сахнаға шыққандай әсерлі концерт бердік. Содан малшылар жібермей, ертесіне сол өнерімізді тағы да қайталап қоюға тура келді. Сол уақытта жұрттың да өнерге деген, өнерпаздарға деген құрметі ерекше еді, – деп еске алады ол.
Мәдениет саласының озаты атанған кейіпкеріміз бертінде өз ауылы – «Жаңатұрмыстағы» мәдениет үйіне қызмет ауыстырып, меңгерушілік жасады. Қосқабатты жаңа ғимараттың салынып, халыққа мәдени қызмет жасауының басы-қасында өзі жүрді. Сөйтіп, 2010 жылы зейнеткерлікке шықты. Сүйікті қосағы Нұржамал да мәдениет саласында көп жыл еңбек етті, ауыл кітапханашысы болды.
Қара жұмысқа да қабілетті Жантөре ағамыз өлеңін айта жүріп, шаруа қожалығындағы шаруасын да қалыс қалдырмапты. Білек сыбана еңбек етіп келеді әлі. «Бақыт деген есігі ашық, шырағы жанған шаңырақты таңдайды», – демекші отынан қазаны түспейтін үйде немерелері асыр салып, ата-әжесін қуантады.
– Беу, – деп қояды кейде Жәкең. – Бұл Нұржамалмен түтін түтеткенімізге де 50 жыл толыпты-ау Алланың бергеніне шүкір, 11 баланы өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырыппыз. Шөберенің қолынан май жаладық. Осының бәрі Алланың берген ырзығы! Еліміз қанатын кең жайып келеді. Жұртқа да еркіндік берді. Кім қолынан не келеді сонымен шұғылдансын, рақатын көрсін деп отыр. Елбасының рухани жаңғыру туралы мақаласын оқып, сүйсініп қалдым. Дәстүріңді де ұмытпа, жаңа заманның жақсысын да қабылда, қазақ қатарыңның алды бол деп тұр ғой. Ынтымақты тірліктің нәтижесі – облысымыз ауылшаруашылық жылын табысты қорытындылады. Алтын күзіміз әрқашанда арайлы болсын! – дейді шаруа адамы.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы,
Жаңатұрмыс ауылы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |