«АҚМЕШІТ» АНСАМБЛІ АУЫЛДАРДЫ АРАЛАДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық код пен ұлттық мәдениет сақталуы қажет екені айтылады. Біз рухани жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Ұлттық  салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деп көрсетілген.

Осы бағытты ұстанған облыстық филар­монияның «Ақмешіт» фольклор­лық ансамблі   Жаңақорған ауданында концерт  ұйымдастырды. Өнер ке­шін­де халық әндері мен халық ком­позиторларының шығармаларын орын­даған мәдениет майталмандары көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

– Халықтық әуендерді кәдімгідей са­ғынып қалыппыз. Филармониядағы ән­шілер жоғары орындау шеберлігімен тәнті етті. Өзіміз күрішші болсақ та өнерді ерекше қадір тұтамыз. Бүгінгі кеш­ке алғыстан басқа айтарым жоқ. Кон­церт жақсы болғаннан кейін көрер­мен­дер де қолдау білдіріп, қошемет көр­се­тіп отырды, – деді «Жаңа жол-АЖ» шаруа қожалығының төрағасы  Досқожа Жұманов.

Концертте ансамбль солисттері – Эльмира Қалқожаева, Ердос Әбдіразақов, жыршылар – Бақдәулет Қарғабаев, Бисенбек Төлеубаев пен Жарасхан Төлебайларда өнер көрсетті. Бүгінде «Ақмешіттің» репертуарындағы қазақ композиторларының күйлері мен халық әндері жаңаша өңдеумен көрермендер назарына ұсынылып жүр. Аталған ансамбльге халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Нұрбай Нұрғиса жетекшілік етеді.

Осылайша, филармония өнерпаздары Жаңақорған халқының ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2017 г. 467 0