«ҚАЙСАР» ҮМІТТІ АҚТАДЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Қайсар» футбол клубының ойыншылары мен басшылық құрамын қабылдап, маусымды сәтті қорытындылауымен құттықтады.

Биыл жергілікті команда жігер көрсетіп, маусымды сәтті бастады. Алдарында үздік алтылықтан көріну межесі бар болатын. Сол сенімнің үдесінен шыға білді. Турнир кестесінде алтыншы орынға тұрақтап, жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бұл жасалған қамқорлық пен табанды еңбектің арқасы.

– Осы жылы команда жоғары нәтижеге қол жеткізе алатынын дәлелдеді. Бұл жерде ойындарда үнемі қолдау білдіріп, демеу болып жүретін жанкүйерлердің де еңбегі зор. Біз спортқа, соның ішінде жергілікті топтың жоғары нәтиже көрсетуіне үнемі қолдау жасап келеміз. Биыл орталық стадионда 3500 орындық қосалқы алаң пайдалануға берілді. Ал келер жылы орталық стадион қайта жаңғыртудан өткізілмекші. Қызылорданың 200 жылдық мерейтойы және клубтың 50 жылдығы қарсаңында ойыншыларымыз  облыстың футболсүйер қауымына сый жасап, үздік бестіктің қатарынан көрінеді деген сенімдеміз, – деді аймақ басшысы.

Облыс басшысының тікелей қолдауымен «Қайсар» клубының қаржылық мәселелері толықтай шешілді. Нәтижесінде ойын жақсарды. Құрамға жаңа ойыншылар алынып, сапаға көңіл бөлінді. Келер жылы да команданың маусымды еш қиындықсыз бастауына жағдай жасалмақ. Дегенмен, жүктелер міндет те жоғары. Кем дегенде үздік бестіктен көрініп, жоғары деңгейге көтерілу қажет.

Футбол – жай ғана спорт емес, командалық ойын. Халықтарды жақындатады, біріктіреді. Тіпті, әлемдегі номері бірінші спорт десек, артық емес. Сондықтан көпшілік сүйетін спортқа көңіл бөлудің маңызы ерекше.

Келер жылы орталық стадионның алаңын еуропалық стандартқа сай жабдықтау жоспарлануда. Сонымен қатар, сол жағалаудан салынып жатқан жаңа қаланың бас жоспарына 30 мың көрерменге арналған стадион салу енгізілген.

«Қайсар» футбол клубын қабылдаған аймақ басшысы  жаттықтырушы­лар құрамы мен басшыларды маусымдағы жетістіктері үшін Алғыс хаттармен марапаттады. Өз кезегінде бас жаттықтырушы Стойчо Младенов пен команда капитаны Мақсат Байжанов клубқа жасалған қамқорлық пен қолдау үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

М.ЖАСҰЛАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2017 г. 546 0