ДӘУІРГЕ САЙ ДАМИТЫН САЛА

Әлем экономикасында «мұнайы бардың құдайы бар» деген сөздің пайда болғанына ғасырға жуық уақыт өткен болар. Ол сөздің бекерге айтылмағаны да белгілі. Өйткені, кез келген елдің экономикасын ғана емес, оның энергетикалық, сондай-ақ жалпы қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де мұнай мәселесімен ұштасатыны білінеді. Ал Қазақстан жағдайында «қара алтынның» алар орны ерекше болып келді. Олай дейтін себебіміз, бүгінгі күні Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің үлесі елдегі жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын, ал экспорттан түсетін табыстың жартысынан астамын құрайды. 

ТМД елдері арасында мұнай және газ өндiрумен айналысатын 4 ел бар. Олар – Қазақстан, Ресей, Түркіменстан мен Әзербайжан. Бұлардың соңғы үшеуi мұнай және газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерге қайтып жете алмай келеді. Ал Қазақстан болса, өз кезегінде дүние жүзіндегі мұнай өндіруші ең ірі 20 мемлекеттің қатарына енді. Сонымен бірге, көмірсутекті шикізат қорлары бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарынан да орын алды. Нақты кезеңде Қазақстанда мұнай өндіру жыл сайын 10 пайызға өсіп отыр. Мамандардың пікіріне сүйінсек, қара алтынды өндіруден еліміз осы қарқынды сақтап отырса, әлемдегі ірі өндірушілердің қатарына қосылмақ. Қазіргі уақытта  Қазақстан бүкіл әлемдегі жалпы мұнай өнімінің (күніне 90 млн баррельден астам) 1,8  пайызын (күніне 1,719 млн баррель) беріп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанның мұнай өнімдері Еуразияның ондаған елдеріне экспортталады. Оған қоса, қара алтынды игеретін басқа да жаңа нарықтар қарастырылуда.  Бұл саланың серпінді дамуына бүкіл еліміз үлкен үміт артып отыр. Еліміздің мұнайы мен газы – бүгінгі күннің несібесі, болашақтың іргетасы болып қала бермек. Олай болса, мақала басындағы сөзді «мұнайы бардың шырайы бар» деп өзгертуге де болар. Десе де, мұнайға бай бола отырып, кей уақытта жанар-жағармай тапшылығы орын алып қалатыны бар.  Оны енді ішкі нарықты ұйымдастырудағы кемшіліктер деп атаған дұрыс.

Газ да мұнай мен бірге еліміздің бас­­ты шикізат бай­лық­­­тарының бірі саналады. Жыл сайын дү­ние­жүзілік энер­ге­ти­каға жүргізілетін ста­­тистикалық шолу де­ректері бойынша, өн­ді­рістің қазіргі дең­гейінде табиғи газдың қазақстандық қорлары 83 жылға жетеді. Бұл саладағы үкіметтің негізгі жұмысы газ инфрақұрылымын дамытуға және газды оңтүстік аймақтарға жеткізуге бағытталған. Газ саласын 2030 жыл­ға дейін дамыту кон­­цепциясы іске асы­­рылуда, бұл кон­цеп­цияға сәйкес 2030 жыл­ға таман халықты газбен жабдықтау деңгейі 56 пайызға жетеді, қазіргісі – 43 пайыз шамасында. Газбен жабдықталған елді мекендердің саны 1150-ден 1600-ге дейін артады. Демек, сол кезде «газ келді дегенше, жаз келді десеңші» деп шаттанатын қазақстандықтар саны көбейетіні анық. Бұл ретте тұтынылатын газ көлемі қазіргі 13 млрд текше метрден 2030 жылы 18 млрд текше метрге дейін жоғарылайды деп болжануда. Бұл көрсеткіштерге инвестиция көлемі шамамен 656 млрд теңге болатын газ құбырларын салу жөніндегі ірі жобаларды жүзеге асыру есебінен қол жеткізілмек.

Осы орайда, еліміздің орталық және солтүстік бөлігіндегі елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешімін таппай келе жатқанын атап өту керек. Оның басты себебі, Қазақстан территориясы көлемі жағынан әлемдегі 200-дей мемлекеттің арасында 9 орынды иемденгендіктен бұндай жобалар орасан қаржыны қажет етеді. Елордаға газ жеткізуге  отандық «ҚазТрансГаз» компаниясы ынта танытып отыр. Олардың ұсынған жобасы бойынша газ  Қызылорда облысы – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша тартылатын құбыр арқылы жеткізілетін болады.

Алайда, «ЭКСПО-2017» көрмесінен кейін Астананы газбен қамтамасыз етуде екінші бір жобаның нұсқасы қылаң бергенін де айта кету керек. Оған қазіргі технологиялардың жылдам дамып келе жатқаны тікелей әсер етуде. Бұл жобаның да мүмкіндігі мықты саналуда.  Бұл әдістің ерекшелігі алыс қашықтықтан табиғи газды тиімді түрде жеткізу үшін ол арнаулы операциялар арқылы сығымдалып, салқындатылады, сұйытыла түседі. Осылайша оның көлемін 600 есеге дейін сығымдауға болады. Сөйтіп, газды құбыр тартпай-ақ арнаулы жабдықталған кез келген көлік түрімен қажетті нүктеге жеткізуге жол ашылады. Кейінгі кездері «виртуалды тұрбақұбыры» деп аталып жүрген бұл нұсқаны ресейлік компания ұсынып отыр. Ресейдің сұйытылған газы қазірдің өзінде Астананың газ рыногын жаулай бастады. Көптеген жеке үй иелері ауласына газгольдер орнату арқылы оны пайдалану үстінде. Дегенмен,  Қазақстанның орталығымен солтүстігін газбен тұрақты қамтамасыз ету үшін Қызылордадан шығатын құбыр жобасынан бас тартпайды деген сенім мол.

Ал жақында, дәлірек айтқанда, 16 қазанда қазақстандық газды Қытайға экспорттау басталды. Қазақстан газын Қытайға экспорттауды бастау өте маңызды оқиға. Мұндай уағдаластыққа экспортқа бағытталған тасымал жүйесiн қалыптастыру жөнiндегi өте ауқымды және күрделi жұмыстар арқылы қол жеттi. Мәселен, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынды, «Қазақстан–Қытай» магистральдiк газ құбырының үшiншi тармағын пайдалануға енгiзу және жоғары технологиялық «Бозой», «Қараөзек» компрессорлық стансалары мен «Ақыртөбе» сығымдау компрессорлық стансасы салынды. Қазақстандық газды Қытайға жеткiзу екiжақты өзара тиiмдi қарым-қатынастарға, сондай-ақ, Еуразия елдерi арасында инфрақұрылым құруға және сауда, көлiктiк байланыстарды жолға қоюға бағытталған «Бiр белдеу – бiр жол» бастамасы шеңберiнде ынтымақтастық қарым-қатынастарын бiрлесiп қамтамасыз етуге және iлгерiлетуге ықпал ететiн болады. Газдың ресурстық базасы ретiнде еліміздің батысындағы газ кен орындары және «ҚазТрансГаз» АҚ басқаруындағы жерасты газ қоймаларында жинақталған газ қоры айқындалып отыр. Қытай тарапының газды қабылдап алу пунктi ретiнде «Қорғас» шекара бекетi белгiлендi.

Қазақстан мен Қытай тарапы бекiткен келiсiмшарт негiзiнде бiр жылдың iшiнде Қытайға 5 миллиард текше метрден астам газ экспортталатын болады. Жалпы, биыл елiмiзде 40 млрд текше метрден астам газ өндiрiлмек. Оның 16 миллиарды экспортқа шығарылса, iшкi нарықта 13-14 миллиарды пайдаланылады. Ал, қалған газдың көлемi ұңғымаларға қайта айдалады.

Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ осы экспорттық операциядан түсетiн жылдық түсiм 1 млрд АҚШ доллары болады деп болжап отыр. Атап өту керек, Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ отандық және шетелдiк газ нарығында мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн еліміздің негiзгi газэнергетикалық және газ тасымалдау компаниясы болып табылады. Компания тауарлық газды магистральдiк газ құбырлары мен газ тарату желiлерi бойынша тасымалдау жөнiндегi орталықтандырылған инфрақұрылымды басқарады, халықаралық транзиттi қамтамасыз етедi, газды iшкi және сыртқы нарықтарда сатумен айналысады. Бұған қоса, құбыр желiлерi мен газ қоймаларын салу, пайдалану және қаржыландыруды жүзеге асырады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 қараша 2017 г. 475 0