Латын әліпбиін қабылдау – үшінші тарихи кезең

Қазақ тілінің латын графикасына өтуіне байланысты Елбасы жарлығынан кейін еліміздің барлық өңірінде әліпби ауыстыру мәселесі қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдауға ие болды. "Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші тағдыршешті кезең" деп баға берген қоғам мүшелері латын әліпбиінің соңғы нұсқасы әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді деген пікірде, деп хабарлайды Baq.kz.

Геннадий Шиповских, депутат: Латын әліпбиін талқылау Қазақстан қоғамын біріктірді

«Бәріңізге де мәлім Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің рухани дүниелерін, салт-дәстүрімізді жаңғыртатындай үлкен бағыттар берді. Соның бірі және ең үлкені қазір барлығымыз жиналып отырған – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Шамалы ремарк жасайтын болсам, біз латын әліпбиіне көшпейміз, біз оған ораламыз. Себебі, өздеріңіз білетіндей, 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін біз латын әліпбиін пайдаланып келдік. Алайда белгілі саяси себептермен кирилл қарпіне ауыстық. Қоғам осы талқылаудың аясында бірікті. Әліпбидің екінші нұсқасын алғашқысынан гөрі қолдаушылардың басым екенін бақылап отырмыз. Бәрі де бірте-бірте орындалады. Сондықтан, ортақ жұмысты бірлесіп, жұмыла шешкен оңай деген ойдамын. Мен өзім де екі тілді еркін меңгергем, ағылшын тілін де білемін. Бірақ әрбір Қазақстан елінің азаматы қазақ жерін басып жүрген соң, қазақ тілін білуге міндетті. Дегенмен Ата заңымыз бойынша екі тілді де қолдануға құқылы. Бірақ біздің арамызда өзі қазақ болып тұрып, қазақ тілінде сөйлей алмайтын адамдар бар. Ал дәл осы латын әліпбиінің қолданысқа енуі – қазақ азаматтарымызға қазақ тілін үйренуге үлкен мүмкіндік.

Бақытжан Тобаяқов, жазушы: Латын графикасын қабылдау арқылы отарсыздануға бет аламыз

Тәуелсіздік тарихына көз жіберсек, латын тіліне көшуіміз – үшінші тарихи кезең болмақ. Алғашқысы – ұлттық валютамыз теңгені енгіздік, екінші – астанамызды ауыстырдық, үшіншісі осы – латын графикасына көшу. Осыдан 7-8 жыл бұрын осы мәселе көтерілген кезде қарсы болдық. Себебі ол кезде мемлекеттік тіл өз тұғырына қонбаған еді. Қазір де мемлекеттік тілдің дәурені жүріп тұр деп айту қисынға келмес, бірақ заман ағымы біздің мемлекеттік тілге қарап тұрған жоқ қой. Алға қарай жылжып барады. Ал біз ол көштен қалмауымыз керек. Әрі әлемнің 75 пайыздан астамы латын тілінде. Күллі коммуникация осы әліпбиді қолдана бастады. Бұл – бірінші, екіншіден – біз отарсыздану үрдісіне бет аламыз, ал үшіншіден – түркі әлеміне дендеп кіре аламыз. Түркі әлемі деп отырғанымыз, қазір әлемнің 42 мемлекетінде 5 млн-нан астам қандасымыз жүр, солар. Олар әр түрлі әліпбимен сауат ашып жатыр. Латын әліпбиіне өту арқылы біз осылардың тілдік ерекшелігін сақтап қала аламыз.
Ал осы латын тілі арқылы дамыған шет елмен байланыс орнату да оңайлай түседі деп ойлаймын. Бұл қалай болғанда да қазіргі жастарға, балаларға оңай. Себебі олар осы латын негізіндегі ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Соның негізінде қазақ тілінің латын графикасындағы нұсқасын тез үйренеді. Ал біз секілді егде жастағы адамдар үшін қиындау болады деп ойлаймын.
Дегенмен осы латынға көшу бойынша бір түйткіл бар. Ол орыс тілділердің латын әліпбиіне көшпейтіндігі. Латын тіліне ауыссақ бүкіл Қазақстан халқы түгелдей өтуі керек, әйтпесе екі жарылып, дүдәмал болудың керегі жоқ. Осыдан басқасының барлығы жақсы, барлығын қолдаймыз. «Көш жүре түзеледі» дегендей, қандай нұсқа болса да халық өзіне тиімді етіп сұрыптап шығарады.

Серікқазы Кәкібаланов, ІТ маманы: Тілді мазақ қылуға ешкімнің қақысы жоқ!

Латын әліпбиін қабылдау бойынша саяси шешім дұрыс. Бірақ, не бір ғана диграфпен, не бір ғана апострофпен береміз деу ақылға симайтын секілді. Халықтың талқылауына ұсынып жатыр ғой, сол халық айтқан пікірлермен санасу керек. Тек қана бір комиссияның айтуымен қабылдаған дұрыс емес. Мысалы қазір қоғамда қазақ тіліндегі латын графикасындағы кей сөздерді күлкіге айналдырып жүргендер бар. Бәлкім олар біреулердің әдейі арандатуымен, ақша алып, жасап отырған шығар? Ал тілді мазақ қылуға ешкімнің қақысы жоқ! Себебі тіл деген кез келген ұлттың ең қасиетті дүниелерінің бірі. Соны кейбіреулер мазаққа айналдырып отыр. Мен өз басым, бұған қарсымын!
Біз латын әліпбиін пернетақтаны өзгертпей, сол қалпы керектенуді мақсат етіп қабылдап жатырмыз ғой. Олай болса, ІТ саласы бойынша да компьютердегі программаларды өзгертпейтіндей мүмкіндіктерді де қарастыруымыз керек. Ал таза компьютерлік техника тұрғысынан келген кезде апострофтар мүлде ыңғайсыз болып қалды. Мысалы компьютер бағдарламашыларының пікірін сұрап, ол салада бұл әліпбиді қалай қабылдайды дегенді анықтап алу керек. Сондықтан бұл мәселеде барлық саланың мамандарын жинап, ақылдасып отырып шешім шығару керек.
Мен үшін түріктердің не немістердің латын графикасындағы нұсқалары ыңғайлы болып көрінеді. Мысалы немістердің әліпбиінде ә, ө таңбалары бар. Әрине, барлық әліпбиін түгелдей пайдалану керек деген сөз емес, тек нұсқаның тиімділігін айтып отырмын. Ал осы әліпбимен неміс программистері интернет жүйесін немесе компютерлік бағдарламаларды жасай алмай қалды дегенді естімеппін.
Сондықтан келісе отырып, Елбасыға таныстырылған екі нұсқаның да ішінен тиімділерін ала отырып, ортақ, көңілге қонымды нұсқасын дайындауға болады деп ойлаймын. Және бұл бүгіннен бастап қолданысқа енсін деген сөз емес. 2025 жылы енеді деді ме, демек соған дейін асықпай, уақыт сынынан өткізу керек.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2017 г. 556 0