Қараша айының 11-інен бастап, халықаралық көрме кешені қонақтарды қайта қабылдайды. Жаз бойы жаһан жұртшылығының назарында болған ЭКСПО-2017 халықаралық көрме кешенінің аумағына мұз айдыны мен мұз қалашық салынып, Астананың бас шыршасы орнатылады. Ал осы сенбіде, яғни 11 қарашада көрме кешеніндегі туристік аймақтың салтанатты ашылу рәсімі өтеді. 11-12 қараша күндері келушілер көрме нысандарын тегін аралау мүмкіндігіне ие болады. 14 қарашадан бастап билеттер сатылымға түседі.
«Билеттерді «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ресми сайтынан және көрме кешенінің кассаларынан сатып алуға болады. Билет құны – 1500 теңге. Бұл билет «Нұр Әлем» сферасындағы тақырыптық павильондарды аралау үшін қажет. Ал шырша мен мұз қалашық орналасқан аумақты ешқандай билетсіз-ақ аралауға болады. Көрме кешенінің аумағындағы қоршаулар алынып тасталады», – деді баспасөз мәслихатын ұйымдастырған «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының өкілдері.
Келушілер үшін арнайы жеңілдік қарастырылған. Мәселен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар және 6 жасқа толмаған бүлдіршіндер «Нұр Әлем» сферасын тегін аралайды. Студенттер 800 теңге төлесе, мектеп оқушылары мен көпбалалы аналарға 50%-дық жеңілдік қарастырылған. Яғни олар 500 теңге шығындайды.
Мұз айдыны 11 қараша күні пайдалануға беріледі. Ол «Нұр Әлем» сферасының алдына орналасады. Мұз айдынына кіру – 1000 теңге. Сондай-ақ конькиді жалға алу үшін тағы да осынша мөлшерде қаржы жұмсау керек. Сырғанайтын жердің аумағы – 3,5 мың шаршы метр. «Мұз айдыны ерекше болады. Біздің елде мұндай мұз айдыны бұған дейін болған емес», – деп сендірді «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның департамент директоры Дәулет Еркімбаев.
«Бұған дейін «Хан шатыр» аумағында орналасып келген мұз қалашық биыл көрме кешенінде бой көтереді. Қалашық желтоқсан айының басында іске қосылады. Кешен аумағында Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, жаңа жылдық шаралар ұйымдастырылады», – деді Дәулет Еркімбаев.
Сонымен қатар көрме нысандары жалға берілмек. Мәселен қазір халықаралық негізгі төрт нысан қайта жаңғыртудан өтуде. Бұған 2018 жылы «Астана» қаржы орталығы орналаспақ. Сондай-ақ басқа да компаниялар қоныстанады. Офистер, тамақтану орындары жалға беріледі. Орташа есеппен офистердің 1 шаршы метрі 6 700 теңге болады. Келісімшартқа «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен отыру керек. «Билеттен, нысандарды жалға беруден компанияға едәуір табыс түспек. Алдағы уақытта табыстың барлығы компанияны ұстап тұруға жұмсалады. Халықаралық көрме кезінде отандық туризм жаңа деңгейге көтерілді. Туристік операторларға деген сұраныс 78%-ға артты. Сондықтан көрме кешені әлі де болса отандық және шетелдік туристердің сүйікті орнына айналады деген сенімдеміз. Бұл ретте туристік операторлармен арнайы жұмыс жүргізілуде», – деді компания өкілдері.
Көрме кешені жұмыс күндері сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін ашық болады. Ал демалыс күндері 21.00-ге дейін аралап, көруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ келушілер үшін 1000 орынға шақталған жерасты паркингі қарастырылған. Оның алғашқы үш сағаты тегін. Ал одан кейінгі сағаттарға 100 теңге төлеу қажет.
Естеріңізге сала кетейік, үш айға созылған ЭКСПО-2017 көрмесін 4 млн адам тамашалады. Оның 15%-ы – шетелдіктер. Астанадағы халықаралық көрме «Нью Йорк Таймс» басылымының нұсқасы бойынша 2017 жылы туристерге ұсынылған ең үздік 50 орынның қатарына енді.