ЭКСПО–НЫ КӨРЕ АЛМАҒАНДАРҒА ТАҒЫ МҮМКІНДІК БАР

«ЭКСПО-2017» туристік аймағының ашылуына орай баспасөз конференциясы өтті. Жиын барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ өкілдері Көрме мұрасы нысандарының кейінгі қызметі туралы баяндады.
11-қарашадан бастап Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары «Нұр Әлем» – «Болашақ мұражайы» павильонын, тақырыптық павильондарды, Үздік тәжірибелер аймағын, Конгресс-орталығын, Энергия холы мен Арт орталығын тамашалай алады.
– Көрме аумағындағы павильондардың мазмұндық құрамы мен тосын сыйларымыз келушілерге бұрыңғыдай таңқаларлық әсер қалдыратын болады, – дейді Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров.
11-12 қарашада көрмеге кіру тегін болады. 14-қарашадан бастап билеттер сатылымы басталады. Билеттің құны – 1500 теңге болады. Ол арқылы «Нұр Әлем» павильонын, екі тематикалық павильонды және үздік тәжірибелер аймағын тамашалауға болады. Коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаевтың айтуынша, ҰОС ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азматтар, ата-ана қарауынсыз қалған бүлдіршіндер мен көпбалалы аналар үшін ЭКСПО-2017 туристік аймағына кіру тегін болады. Ал, зейнеткерлер мен мектеп оқушыларына арналған билет құны 500 теңге болса, студенттер билетті 800 теңге көлемінде сатып ала алады.
Билеттерді ЭКСПО-2017 аумағындағы билет-кассаларында және ЭКСПО-2017 ресми сайты арқылы сатып алуға болады.
Сондай-ақ, ЭКСПО кешенінде желтоқсан айында аумағы 3,5 мың шаршыметрді құрайтын  мұз айдыны ашылады. Мұз айдынында 1 сеанс құны 1000 теңге болмақ. Сондай-ақ, биыл Астана қаласында басты жаңа жылдық шырша ЭКСПО-2017 аумағында орнатылатын болады.
Айта кетейік, көрме аумағында 23 тамақтану нысаны жұмыс істейтін болады. Ал, автокөліктер үшін жерасты көлік тұрағы ашылады, онда алғашқы 3 сағаты тегін, ал кейінгі әр сағат үшін автотұрақ құны 100 теңге болмақ.
Айта кету керек, 93 күн ішінде ЭКСПО-2017 көрмесіне 4 миллионға жуық адам келді. Ол уақыт ішінде Қазақстан павильонын 1 миллионнан астам адам тамашалаған.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2017 г. 479 0