МИЛЛИОН АЗАМАТ ТЕГІН ОҚЫТЫЛАДЫ

Мемлекетпен әріптескен кәсіпкерлер елге қажетті нысандар құрылысына 1,7 триллион теңгедей қаржы құятын болды. Бұл жайлы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жарияланды. Жиында Үкімет мүшелері мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі мәселелерін талқылады. Сондай-ақ Елбасының «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру барысын қарады. Су тасқыны қатерінің алдын алу шаралары да пысықталды.
Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) мәселелерін мамыр айындағы оты­рыста қараған. Содан бергі бес айда жағдай біраз түзеліпті, көрсеткіштер көркейе түскен. Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменовтің айтуынша, жалпы сомасы 139,5 млрд теңгені құрайтын 116 шарт жасалыпты. Мамырда ол 46 шарт бекітілгенін баяндаған еді. Яғни, 2,5 есеге өскен.
– Жалпы, құны 70 млрд теңге тұратын 53 объекті пайдалануға берілді. 69,5 млрд теңгеге бағаланған тағы 63 нысан қазір құрылыс саты­сында, – деген Тимур Мұратұлы айтылған 116 МЖӘ жобасының арасында не барлығына тоқтала кетті. Атап айтқанда, оған Өскемен, Семей, Шымкент, Қарағанды қалаларында, Қостанай облысының Заречное және Затобол кенттерінде, Оңтүстік Қазақстан облысының Манкент, Қарасу және Ақбиік ауылдарында 45 білім беру объектісі (балабақшалар, мектептерді күрделі жөндеу), 27 денсаулық сақтау объектісі жатады.
Бұның сыртында «17 мәдениет және спорт объектісі (Петропавл қаласындағы теннис орталығы, Ақтөбе қаласында мұз сарайы, дене­шынықтыру-сауықтыру кешендері)», «Алматы облысындағы 7 сервистік-дайындау ортылық», «Ақтөбе, Теміртау, Қарағанды, Жезқазған және Балқаш қалаларындағы 5 офтальмо­ло­гиялық мекеме», «Ақтау, Ақтөбе, Лисаков және Павлодар қалаларындағы 4 тұрмыстық және әлеуметтік объекті», «энергетика, жолау­шылар тасымалдау саласындағы республикалық 3 жоба», «Қарағанды, Қызылорда және Шымкент қалаларындағы 3 емхана», сондай-ақ «Атырау және Екібастұз қалаларында көшелерді жарықтандыру бойынша 2 жоба» да осы МЖӘ тетігі арқылы бой көтереді деп жоспарлануда.
Тіпті Астанадағы «Сергек» бейнебақылау жүйесі, Ақтөбедегі 1 жедел медициналық көмек стансасы, Алматыдағы қоғамдық көлікті диспетчерлеу жүйесі мемлекеттің қолдауымен, бірақ бизнестің қаржысына іске асырылуда.
– Бұған қосымша мемлекеттік органдар­дың есеп­теріне сәйкес, әртүрлі дайындық сатыларында жалпы сомасы 1,7 триллион теңгені құрайтын 431 жоба тұр. Соның ішінде республикалық деңгейде жалпы құны 906,5 млрд теңге болатын 15 жоба пысықталуда. Жергілікті деңгейде 760,6 млрд теңгеге 416 өңірлік жоба дайындалуда. Бұл ретте республикалық жобалар бойынша 2015-2017 жылдар аралығында Инвестициялар және даму министрлігінің 3 жобасы, нақтырақ айтсақ, Алматы үлкен айналма автокөлік жолы, Аста­надағы министрліктер орналасқан «Транспорт тауерді» қуат үнемдейтін технологиялармен жарықтандыру, «Нұржолы» өткізу пункті жобалары ғана «конкурс өткізу, шартқа қол қою» са­тысына шықты. Орталық органдардың қал­ған жобалары тек конкурсқа дайындау сатысында, – деді министр.
Ол өңірлердің белсенділігін де жеке тілге тиек етті. Бұл жерде аталған 116 объекті бойынша қол қойылған келісімдердің негізгі үлесі, яғни 93,3 млрд теңге сома тұратын 113-і өңірлерге тиесілі екен. Бұған қоса, Шығыс Қазақстан облысының шағын балабақшалар бойынша 64 МЖӘ шарттары қазынашылық органдарда тіркеу сатысында тұр.
«Шарт жасасу бойынша көшбасшы – Қарағанды (21), Қостанай (17) және Оңтүстік Қазақстан (13) облыстары. Инвестиция көлемі, яғни жобаның құны бойынша Ақтөбе облысы (16,6 млрд теңге) және Астана қаласы (15,1 млрд теңге) алда. Кейбір облыстарда төмен көр­сеткіштер байқалуда. Дегенмен оларда да­йындалу үстіндегі жобалар бар, солар бойынша жұмысты жеделдетулері қажет» деп әкімдерге құлаққағыс етті бас экономист.
Айта кету керек, ел Үкіметі осы бағыттағы заңнаманы белсенді жетілдіруде. Биылғы тамызда Парламентке МЖӘ тетіктерін одан әрі жетілдіру және оңайлату бойынша жаңа заң жобасы енгізілді. Оны ендігі Мәжіліс мақұлдады, қазір құжат Сенатта жатыр.
Жаңа заң бірқатар жаңалықтарға өмірге жолдама бермек: ең алдымен МЖӘ жобалары бойынша 5 кезеңнің екеуі жойылып, рәсімдері оңтайландырылады. Толығырақ айтқанда, «тұжырымдама әзірлеу кезеңі», «республикалық және жергілікті деңгейдегі шарт жобаларының сараптамалары» алып тасталады. Жиынтығында бұл өзгерістер МЖӘ жобаларының келісу және сараптамалар мерзімдерін қазіргі 7 айдан 3 айға (65 жұмыс күніне) дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, тұтыну кепілдігі енді 3 және одан көбірек жылдарға берілетін болады. Бұл инвесторлардың көпжылдық капитал салуын жоспарлауға жол ашады.
Бір қызығы, бұдан былай өңірлерге құжат­тамаларды бір-бірінен көшіруге ресми ұлықсат етілмек. «Бұрынырақта әзірленген 10 үлгілік жобаға қосымша, Батыс Қазақстан облысының нақты жобаларының мысалында, келісімшарт­тардың жаңа түрлері бойынша 4 жоба әзірленді: бұлар – автомобиль жолдарына сервистік қызмет көрсету, медициналық жабдықтар лизингі, емхананы сенімгерлік басқару, мектептерге сервистік қызмет көрсету. Енді өңірлер осы құжаттамаларды үлгі ретінде қолдана алады. Ол конкурстық құжаттама мен шарттар әзірлеу мерзімін оңтайландыруға мүмкіндік береді» деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар Инвесторларға арналған «Біріңғай МЖӘ жобалары базасы» іске қосы­лыпты, ол арқылы бүкіл республика көлеміндегі сәтті іске асырылған жобалар тәжірибесін өзгелерге тарату көзделуде.
Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Алматының үлкен айналма жолының құрылысы қашан баста­латынын хабарлады. Оның айтуынша, қазір министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша 6 МЖӘ жобасы пысықтау және іске асыру сатысында тұр.
– «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) салу және пайдалану» жобасы бойынша 2015 жылдың қаңтарында конкурстық рәсімдер басталды. Бүгінде тараптар келісімнің барлық негізгі шарттары бойынша өзара мәмілеге қол жеткізді және келіссөздер аяқталу кезеңінде. Концессия шартын 5 желтоқсанда бекіту жоспарлануда, – деді министр.
Шарт жасасуды тездету мақсатында министрлік, Консорциум және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылыпты. Сондай-ақ концессия жөніндегі комиссияның сарапшылар тобы Консорциуммен, ЕҚДБ, IFC және KPPF ЖШС-мен бірлесіп, келісім жобасының түпкілікті нұсқасын пысықтауда. ҮАААЖ құрылысын 2018 жылдың бірінші тоқсанында бастау жоспарлануда екен.
Министрлік Үкімет отырысында паш еткен слайдтарда Алатау бөктеріндегі үлкен айналма жолдың құрылысы 2018-2021 жылдарға жос­парланғаны, ал оны жекеменшік әріптестердің пайдалану мерзімі 2021 – 2036 жылдар аралығын құрайтыны көрсетілді.
Отырыс барысында МЖӘ тетігі бойынша өз салаларында атқарылған жұмыстардың аралық қорытындысы туралы Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Қараған­ды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов және вице-премьер Ерболат Досаев баяндады.
Мәселені қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлігіне жобаларды іріктеу критерийін пысықтауды, барлық ұйымдастыру шараларын реттеп отыруды тапсырды. Жыл соңына қарай барлық бағыттар, барлық өңірлер мен министрліктер бойынша көрсетілген индикаторларға қол жеткізу міндеті қойылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.
– «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техни­калық білім» жобасын жүзеге асыру 2017 жылдан басталды. Елімізде барлығы 817 колледж жұмыс істейді, олардың 473-і – мемлекеттік, 344-і – жекеменшік. Сондай-ақ Білім беруді және ғы­лымды дамытудың 2019 жылға дейінгі мем­лекеттік бағ­дарламасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 2900 орындық 4 колледж, 520 орындық 3 жатақхана салу және жөндеу қарастырылған, – деді Е.Сағадиев.
Жалпы алғанда, ТжКБ оқу орындарына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша барлығы 100 815 адам қабылданды. Өткен оқу жылымен салыстырғанда, колледждерде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 24,8 мың орынға өсіпті.
Бағдарлама аясында оқыту «қысқамерзімді курстар» бойынша да жүзеге асырылады. 2017 жылға 71 мың адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда қысқамерзімді оқытуға 61 мың адам жіберілді.
БҒМ басшысы биыл білім беру мазмұнына өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Осы мақсатта 130 үлгілік оқу жоспары мен бағ­дар­ламасы қайта қаралды, бұлар енді түлектерге бірден үш жұмысшы біліктілігіне дейін игеруге және «орта буын маманы» біліктілігін алуға мүмкіндік береді.
«Оқу жоспарларында қайталанатын пәндерді алып тастау», «оқыту мерзімдерін қысқарту», «жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес білім бағдарламаларының мазмұнын 50%-ға дейін өзгерту» есебінен оқу процесі оңтайланды­рылыпты. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін тағы 32 үлгілік оқу жоспары мен бағдар­ламасының жаңартылуы аяқталады.
Қазір 125 ТжКБ оқу орнының оқу процесіне әлемдік озық тәжірибе негізінде әзірленген 45 модульдік білім беру бағдарламасы енгізілуде. Биыл жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде «Техникалық және кәсіптік білім беру ма­мандықтары мен кәсіптерінің жіктеуіш-классификаторы» қайта қаралды.
Бұдан өзге, ТжКБ жүйесі педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыру бойынша модульдік бағдарламалар әзірленген. 2017 жылы олар бойынша 5 200 адам, оның ішінде 300 колледж басшысы біліктілігін арттырды.
Тұтастай алғанда, министрлік 2021 жылға дейін Елбасы бастамасы аясында 720 мыңнан астам азамат колледждерде тегін жұмысшы біліктілігін игереді деп жоспарлауда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың мәліметінше, Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керліктің 2017-2021 жылдарға арналған бағдар­ламасы аясында республикалық бюджет есебінен техникалық мен кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау және қысқамерзімді кәсіптік білім беру қарастырылған. Бағдарламаға қатысушылар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен, жолақымен қамтамасыз етіледі.
Т.Дүйсенованың дерегінше, өңірлердегі 402 колледжде қысқамерзімді оқытумен 60 мыңнан астам адам қамтылған көрінеді. Қазір 21 мыңнан астам адам оқытылған. Сонымен бірге, тамыздан бастап жұмыс берушілердің оқу орталықтары базасында да 3 мыңнан астам адам оқып жатыр. Бірқатар облыстарда «Мобильді оқу орталық­тары» сатып алынған. Олар арқылы алғашқы 5 өңірде 1,5 мың адам қамтылыпты. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 15 мыңнан астам адам оқытумен қамтылуда. Ағымдағы жылғы жоспар 26 мың болғанымен, шынында, қысқамерзімді курстарда 61 мың адам оқуда екен.
«Жалпы, 2021 жылға дейін бағдарлама бойынша 500 мың адамды оқыту көзделген» деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Аталған мәселе бойынша сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Қоста­най облысы әкімі А.Мұхамбетовтың есептері тыңдалды. Мәселені қарау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев тегін ТжКБ жобасын іске асыру кезіндегі басты мәселе оқытылғандарды жұмыспен қамту болатынын айтты. Екіншісі бөлінген кредиттер сомасын арттыру болмақ. Жобаны іске асыруды бақылау вице-премьер Ерболат Досаевқа жүктелді.
Осы отырыста ел Үкіметі, Ұлттық банк, «Қазақмыс» корпорациясы және Bank RBK АҚ арасында «РБК банкінің» қаржылық жағдайын жақсарту бойынша көпжақты меморандумға қол қойылды. Құжат осы бағыттағы бірқатар кешенді шараларды қарастырады. Оған сәйкес «Қазақ­мыс» қазір дағдарып отырған бұл банк капита­лына 160 млрд теңге салады. Өз кезегінде, Ұлт­тық банк жақын арада осы коммерциялық банкке шамамен 240 млрд теңге бағыттауды қарастырады. Bank RBK өз акционерлері мен басқа да байланысты тұлғаларға берген шамамен 600 млрд теңге сомасындағы проблемалық заемдарын жеке, арнайы құрылған компанияға беруі шарт. Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтың айтуынша, осы іс-шараларды іске асыру нәтижесінде аталған банктегі ахуал тұрақтанады деп күтіледі.
«Қаржының түсуіне қарай жақын арада бұл банк әлеуметтік тұрғыдан маңызды төлемдер бойынша, сондай-ақ ұсақ және орта салымшы­лардың депозиттері бойынша міндеттемелерін орындай бастайды» деді Данияр Ақышев. Қазіргі кезде РБК банкінде жеке тұлғалардың жалпы алғанда 28 139 шоты мен 188 млрд теңгеге салымы барлығы мәлім болды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қараша 2017 г. 428 0