Қолынан келер шарапатын өз басынан артылдырып, ағайын-туысына, ауылдасына тигізіп жүретін азаматтар аз емес бізде. Мұндай елжанды адамдар қашанда көпке қажет. Әсіресе, қоғамдық өзгерістердің белең алған кешегі 90-жылдардың ортасынан бастап бұрынғы кеңестік ірі шаруашылықтар бытырай тарады да, көпшілік не істерін білмей сарсаңға түскені кеше ғана еді ғой. Үкіметіміздің ауылға бет бұрып, ондағы мал шаруашылығы мен егіншілікке қамқорлық аясын кеңейте бастауынан еті тірі жігіттер жеке шаруасын жолға қоюмен қатар айналасына да септігін тигізді. Олар жаңа жұмыс орнын ашумен бірге, халыққа қажетті ауылшаруашылық өнімдерін де молайта бастады. Адалынан нәпақа тауып беріп, жоқ-жітікке көмек беретін мұндай адамдар құрметке бөлене бастады. Солардың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Изатулла Үсенов. Жаңақорған ауданының Қожакент ауылында тұратын жас жігіт – бұл күндері аудандағы белді кәсіпкерлердің бірі.
Облысымыздың әр елді мекенін аралап, ауылдағы ағайынның тіршілігіне мән беруді дағдысына айналдырған аймақ басшысы осыдан бірнеше жыл бұрын Жаңақорған ауданына келген іссапарында Қожакент ауылына да ат басын бұрып, ауылдың әлеуметтік жағдайына назар аударған-ды. Сонда кідірген орынның бірі – ауыл шетіндегі мал бордақылау алаңы. Бұл жоғарыда өзіміз әңгіме арқауына айналдырған кәсіпкер жігіттің «Нұрбол-И» шаруа қожалығының өндіріс орны болып шыққан-ды. Ондағы қолға алынған бастамаларға сүйсініс білдірген облыс әкімі өзгелерге де осындай батыл бастамаға барып, баянды еңбек ете бастаған оның төрағасынан үлгі алуды айтқан болатын. Аймақ басшысының сол ақжарма тілегі қабыл болып, Изатуллаға да күш берді. Оның өз шаруасын ұлғайта түскендігіне журналистік сапармен арнайы барғанымызда көз жеткізіп, газет оқырмандарын ақпараттандырғанбыз. Онан беріде екі қыс өте шығыпты.
– Атакәсіп ауылдың асыраушы саласы екендігі нарықтық қатынас кезеңінде де мойындалды. Дегенде, баяғы «сен тимесең, мен тиме» қарапайым еңбек қағидасы қазіргі уақытқа жарамайды. Тынбай еңбек етумен қатар, жаңашылдыққа ұмтылу, тиянақты ізденіс талап етіледі нарықтың заңдылықтарында. Тәп-тәуір іс бастағанмен, нарық талабын жете сезінбесеңіз, тоқырауға ұшырау, қарызға кіру оп-оңай. Сондықтан да үнемі ширығу үстінде болған кәсіпкер ғана бел аса алады. Мұны маған өмір үйретті, әзірге шүкіршілік, көздеген мақсаттарыма жетіп келе жатқан секілдімін, – дейді адамға жатырқаусыз қарап, ақ сөйлейтін ініміз.
«Нұрбол-И» шаруа қожалығының қарамағында бұл күндері 200-дің үстінде мүйізді ірі қарасы мен 100-дің үстінде жылқысы бар. Мал шаруашылығының іргесін бекемдеумен қатар ол егіншілікпен шұғылданып, күріш егуді де қалыс қалдырмай, қатар алып келеді. Биылдың өзінде аудан әкімінің ұсынысымен «Лидер» жаңа күріш сұрыпын 120 гектарға орналастырып, одан жоғары өнім жинады. Осы жұмыстарда оның 25 ауылдасы еңбек етіп, жалақысын уақытылы алып, тұрмыстарын көтеріп келеді.
«Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» демекші, Изатулла тек өзінің шаруашылық қамын күйттеп ғана қоймай, ауылдың қоғамдық өміріне де белсене араласуымен қатарластарына үлгі, ауылдастарына құрметті. Ауыл әкімі Асыл Айтжанов, кезінде еңбек майталманы болған ардақты ардагер Әсет Жиенқожаевтармен бірлесе жүріп, көпке қажетті талай шаруаның оңтайлы шешілуіне себепші болып жүр. Жұмыссызға жұмыс тауып беруімен бірге, тұрмысы төмен отбасыларға қол қайырымын жасады. Әсіресе, «Қылышты ата» кесенесінің қайта жаңғырту жұмыстарын жасауда мол үлес қосты. Сондай-ақ, Қожакент ауылының құрылғанына 50 жыл толу мерейтойын атап өту қарсаңында аса белсенділік танытты. Еңбек адамы болғандықтан шығар, ол жасаған қол қайырымы мен көмегін айта бермейді. Жоғарыдағы қамқорлықтарын ауылдастарынан естіп білдік.
Иә, ауылда өсіп, ауыл жұмысымен белі қатқан жігіт Орынбор қаласында жоғары білім алды. Келе шаруашылықтың жұмысына араласты. Механик, қырман меңгерушісі атты қызметтерде шыңдалған жас жігіт, бастысы, адамдармен жұмыс істеу өнерін игерді. Бұл – өз мақсатыңды орындау жолындағы басты тетік. Міне, сол қасиеттері оны биік баспалдақтарға қарай бастап келеді. Талапты жігітке сәттілік серік болсын дейміз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылы.